ӘЛЕМДІК ДӘРІ-ДӘРМЕК ӨНДІРІСІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАСЫ

Өсімдік әлемі алғашқы қоғамнан бастап, қазіргі атом және космос дәуіріне дейінгі адам баласының өмір сүруіне қажетті барлық мұқтаждықтарын өтеп келе жатыр. Биология, медицина, фармокология, фармакогнозия ғылымдарының хабары жоқ кезде де, халық өздеріне белгілі өсімдіктердің тамырлары мен жапырақтарын және буын-бұтақтарын дәрі-дәрмек орнына пайдаланып келген.

Жер бетінде өсетін барлық өсімдіктердің пайдалы жағына көз жіберіп қарасақ, жүрек ауруларын емдейтін дәрі-дәрмектердің 78%, ішек-қарын, бауыр, жүрек дәрілерінің 75%, жатыр ауруларының шипалы дәрі-дәрмектерінің 80%, қақырық түсіретін дәрілерінің 80%, қан тыятын дәрілердің 65% тек өсімдіктерден алынады.Осы дәрілік шөптердің біразы Қазақстанда да кездеседі. Қазақстанда дәрілік шөптер көбіне орманды таулы жерлерде өседі. Қазақстанда бұл дәрі-дәрмектердің барлық түрлері кездесе отырып, бұл өсімдіктерді  өндіруде дамып келе жатыр. Елімізде  дәрілік шөптерді өндіруге көп көніл бөлінуде. Бірақ дәрі шығаруда кемшіліктер көрініп отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстандағы фармацевтикалық зауыт отандық дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Зауытта жылына 350 миллион ампула мен 4 миллион ертінді құтылары өндіріледі. Өткен 3 жылдың ішінде шетелдік инвесторлар кәсіпорынды дамытуға 45 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция салған. 2018-жылға дейін бұл мақсатқа тағы 10 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Осылайша отандық дәрі-дәрмек өндірісі жаңа сатыға көтерілмек. [1]

Мұндай қарқын Үдемелі-индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа өндірістік кешендерді іске қосу арқылы пайда болды. Зауыттың бастысы міндеті қарапайым халықты сапасы жоғары, бағасы қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз ету болып табылады.

Бағдарламаға сәйкес келесі бесжылдықта Оңтүстік Қазақстан облысында фармацевтикалық кластер қалыптасатын болады. Қазірдің өзінде осы мақсатты жүзеге асыру бағытында кәсіпорын мен жоғары оқу орындары арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды.
Республикада фармацевтикалық өндіріс саласында жекелеген мамандар жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты біздің оқу орнында ижненер-технологтар мамандығы ашылды. Олар өзара келісімге сәйкес, фармацевтикалық кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, шетелде біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік алып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елдегі дәрі-дәрмек бағамы Армения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғыз және Ресей елдерінен де асып түскен көрінеді. Мәселен, Арменияда өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1% ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш 5,5%, Ресейде 7,5%, Қырғызстанда 6,2% құрайды екен. Ал, бізде ше? Біздің елімізде сатылымға түсетін дәрі бағасына қосар үстеме баға 10-20, тіпті, кейде 30% дейін жетеді. Сондықтан, дәрі бағасына қойылатын үстемеге алаңдаған мамандар елдегі дәрі-дәрмек бағамына мемлекеттік бақылау қойылуы керек деген ұсыныс айтуда.

Негізі, елімізде фармацевтикалық өндірісті дамытудың арнайы 2010-2014 жылдарға арналған бағдарла­ма­сы енгізілген болатын. Бағдарлама аясындағы кешенді жоспар бойын­­ша фармацевтика өндірісі 2011 жылы басталып, 2014 жылдың аяғына дейін дәрі-дәрмек өндірісін барынша өркендете отырып, халықтың сұранысын 50 пайыздық межеге жеткізуі керек еді. Алайда, бағдарлама аясында межеленген мақсаттар толық орындалған жоқ. Алғаш 2011 жылы дәрі-дәрмек өндірісіндегі халық сұранысын қамтамасыз ету мақсаты орындалған болатын. Тіпті, одан келесі жылы дәрі-дәрмек өндірісі 49,3%-ды еңсерген. Алайда, 2013 жылы бұл көрсеткіш белгісіз себептермен 15,4%-ға дейін құлдырады. Бұған кедендік одақ құрамында­ғы ресейлік өндірістің қатысы бар. Ресейдің арзан дәрі-дәрмегі біздің нарықты жаулап үлгермеген отандық өндірісті тұралатып тастады.[2]

Яғни, Қазақстан өзін-өзі отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отыр. Дәрі-дәрмек өндірісі сұраныс талабына сай келмейді. Ал, жалпы ұлттық қауіпсіздіктің шарты бойынша тұтыну нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің үлесі 30%-дан кем болмауы керек екен. Алайда, межеленген 50 пайыздық көрсеткіш түгілі, ұлттық қауіпсіздік шартындағы 30 пайызға да сай келмеуіміз мамандарды алаңдатып-ақ отыр. Жалпы, еліміз дәрі-дәрмек баға­сының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейді. Демек, қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда, сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отыр­ғанымыз өкінішті.

Мемлекеттің басты мақсаттарының бірі стандарттарға сай келетін заманауи технологияларды қолдана отырып, дәрі-дәрмек өндірісін жандандыру.  Ең бірінші, ғылыми-зерттеу ісін алға қою керек. Ол жаңа дәрі ойлап табуға негіз болуы шарт. Өйткені фармация саласында екі түрлі дәрілер өндіріледі. Біріншісі — патенттелген, оның бағасы өте жоғары болады. Екіншісі — патенттелмеген немесе патенттік құқығынан айырылған, оларды «генериктер» деп атайды. Тиісінше, оларды кез-келген адам, кез келген мемлекет өндіре алады. Егер  жаңа инновациялық технологияларды пайдалансақ,отандық дәрі-дәрмек өндіріліп, ол аса қымбат та болмайды. Отандық мамандар шетелдік әріптестерімен бірлесіп, бірегей дәрі-дәрмек өндірісін қолға алу керек. Осындай шетелдердегі түрлі компаниялармен тәжірибе алмасу арқылы отандық өнеркәсіпті жандандыруымызға болады. Сондай-ақ қазір елімізде фармаколог мамандар тапшы. Енді келешекте келісімшарт негізінде бірлесіп, кәсіби мамандар даярлау жұмысы да жолға қойылуы тиіс деп ойлаймын.Болашақта дәрі-дәрмек өндіретін зауыттар мен фабрикалар толық жаңа инновациялық технологиямен қамтамасыз етілуі тиіс. Еліміз осы технологияларға   қол жеткізсе, отандық сапалы дәрі-дәрмек үлесі ішкі рынокты қамтамасыз етуіне сенім мол.

Пайданылған әдебиеттер

1.Қ.Ж.Сыбанбеков “Жабайы өсімдіктер сыры” Алматы.Қайнар 1986 жыл

2.Ж.Жатқанбаев “Өсімдік және адамзат” “Қазақстан баспасы” Алматы 1977 жыл

  1. http://economics.kazgazeta.kz/?p=12156
  2. http://zangazeti.kz/kaz/articles/8616

Құрастырғандар: Қалмаханова А., Самат М.

Яндекс.Метрика