ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

Мазмұны

  • Әлемдік шаруашылық түсінігі, оны құрудың жалпы негіздері.
  • Халықаралық сауда теориясы мен сауда саясаты
  • Капиталдың халықаралық қозғалысы
  • Халықаралық ақша қатынасы

«Әлемдік шаруашылық-  нарықтық экономиканың объективті заңдарына бағынатын, өсе түсуші халықаралық байланыстар мен өзара ықпал ету нәтижесінде қарама- қайшылықты, сонымен бірге  ауқымды немесе шағын жүйелерді құрайтын ұлттық шаруашылықтардың жиынтығы.

Әлемдік шаруашылық құрудың жалпы негіздеріне жататындар:

  1. Өндіргіш күштердің дамуы двигателдердің пайда болуы, өндіріс құралдарын жетілдіру
  2. Халықаралық қоғамдық еңбек бөлінісі белгілі бір сандық және сапалық арақатынастарда өндіріс нәтижелерімен өзара алмасуға әкелуші елдер арасындағы аумақтық еңбек бөлінісі.
  3. Ірі машина өндірісінің дамуы

Бүкіләлемдік шаруашылық құрудың құралдары мен жолдары:

 1.Тауарлар мен капиталдарды сыртқа шығару. Ірі монополистік капиталдың пайда болуы кезінде ішкі нарықтан тысқары жерлерге тауарлар мен капиталдарды шығару болады. Жай пайдалар алуға басқа елдер де ұмтылады. Капиталды сыртқа шығару мен халықаралық айырбас шаруашылық қатынастарын  интернационалдандырды туғызады, әлемдік  өткізу  нарғы мен шикізат көздерін және жалға беру, шарттар,  концессиялар арқылы капиталды жұмылдыру салаларын өзара бөліскен  халықаралық  монополиялар  формасындағы интернационалдық капитал құрылды. Олардың құрылуы былайша сипатталады.

  1. Әлемдік экономиканың бөлу тек өзінің  ғана аумағында емес, басқа көптеген  мемлекеттерден үстеме пайда табудағы монополистік  капиталдың  мүмкіндіктерін  түбегейлі түрде кеңейтті.
  2. Әлемдік аумақтарға бөлу. Әлемдік экономикалық бөлінісі бір рет қана  және мәңгілікке белгіленбейді, ол әртүрлі жағдайлардың  ықпалымен өзгеріп отырады . Бастысы капиталистік елдердің ұлттық монополистік капиталы өздерінің  позицияларын нығайта түсу үшін, саяси- әкімшілік үсемдік етуді  орнықтыру жолымен басқа елдердің  аумақтарын басып алуға ұмтылады.

Қазіргі заманғы әлемдік шаруашылықтың негізгі белгілері:

1.Өндіріс факторларының, әсіресе капиталды, жұмыс күші мен технологияларды сыртқат шығару және сырттан әкелу түрлеріндегі   халықаралық  ауыс  күйістің дамуы.

2.Екі жақты және  көпжақты негізде, тауарлардың  халықаралық қозғалысы мен өндіріс факторларын қарайтын мемлекеттердің экономикалық саясаты.

Ұлттық мемлекеттер мен мемлекет аралық бірлестіктер шеңберінде ашық экономиканың пайда болуы».[1]

Бүкіл әлемдік шаруашылықтың құрылымы.

«Қазіргі заманғы әлемдік экономиканың бірнеше кезеңге бөліп көрсетуге  болады.

  1. 20 ғасырдың 20- 30 жылдарындағы кезеңі әлемдік шаруашылық  дамуындағы дағдарыстық құбылыстармен сипатталды. Дүниежүзілік соғыс пен капитализмнің баламасы болып саналатын Ресейдегі төңкеріс оның басталғанын көрсетті.Экономикалық дағдарыс индустриалды- дамыған елдердегі өндірістің күрт төмендеуімен қабаттаса келіп 1927- 1932 жылдарда АҚШ- тың  жалпы өнімі 28 , өнеркәсіп өндірісі  44,1 ал  Францияда тиісінше 11 және 25,6-ға, Германияда 15,8және 40,8-ға қысқарды. Ауыл шаруашылығы өнымдері мен шикізаттық тауар өндірушілердің  табыстары азайды, әлемдік экспорттың қарқыны төмендеді.
  2. 20 ғасырдың 40- 80 жылдарындағы кезеңі кәсіпкерлік капиталдың қарқынды өсуімен сипатталады. Интернационалдық өндірістік кешендерді құрушы , өнімдерді шығарушы, оны өткізуші, есептерді жүргізетін және несиелер беретін  трансұлттық корпороциялар басты күшке айналды. 50-80 жылдары АҚШ пен басқа өнеркәсібі дамыған елдердің  деңгейінің  жақындасуы болды. Сыртқы экономикалық  байланыстар  кеңейіп  және тереңдей түсті.
  3. 20 ғасырдың соңғы он жылдық кезеңі географиялық кеңістіктерді игерудің жоғары  дәрежесімен, өндіруші халықаралық күштердің қалыптасуымен, экономикалық өзара  іс- қимыл жасаудағы өзар тәуелділіктің күшеюімен сипатталады.

Қазіргі  заманғы  әлемдік шаруашылық біркелкі емес,. Оған,  әлеуметтік құрылымы, саяси құрылысы, өнімділік деңгейі, сондай- ақ халықаралық экономикалық қатынастар ауқымымен ерекшеленетін  мемлекеттер кіреді.  Тұтастай алғанда, әлемде экономикалық даму деңгейі бойынша әртүрлі  200-ге жуық ел бар. Экономикалық дамуы мен олардың тәжірибесін терең зерттеп- үйрету  үшін сол елдердің  жіктелуін  білудің  айрықша маңызы зор.

Халықаралық экономика шеңберінде тек мемлекет болып саналатын аумақты бірліктер ел болып саналады. Мысалы, Ұлыбритания, Франция,Нидерландия.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін социалистік төңкеріс бүкіләлемдік шаруашылықтың құрылымын өзгертті.Тұтастай алғанда шаруашылық  жүргізудің социалистік жүйесі  екінші дүниежүзілік  соғыстан соң  40 жылдардың  аяғында қалыптасты. Осы кезеңдегі  шаруашылықтың  құрылымын.

  1. Капиталистік елдер
  2. социалистік елдер
  3. үшінші әлем елдері деп бөлуге болады.» [2]

 Елдердің  экономикалық  даму деңгейін  сипаттаушы көрсеткіштер.

«Әлемдік шаруашылық субъектілерінің экономикалық даму деңгейі  негізгі көрсеткіштердің көмегімен бағаланады.

  1. Халықтың жан басына шаққандағы
  2. Ұлттық экономиканың салалық құрылымы
  3. Халықтың жан басына шаққандағы өнімінің негізгі түрлерін  өндіру немесе  жекелеген салалардың даму деңгейі
  4. Халықтың өмір сүру деңгейінің сапасы
  5. Экономикалық тиімділік көрсеткіштері

1.Халықтың   жан басына шаққандағы  ІЖӨ, ЖҰӨ

Бұл — экономикалық даму деңгейіне  талдау жасау кезіндегі индустриалды дамыған және дамушы елдерді  халықаралық жіктеудің негізгі көрсеткіштері. Мысалы,  1996 жылы индустриялды дамыған елдер қатарына өндірілетін ІЖӨ-нің көлемі жылына  жан басына есептегенде 6 мың доллардан келетін елдер жатқызылды.  Кейбір дамушы елдерге, мысалы, Сауд  Арабиясындағы  ІЖӨ –нің көрсеткіші ортадан анағұрлым жоғары болып , жылына 10-11 мың  долларды құрады, бірақ  басқа көрсеткіштердің  жиынтығы бойынша мұндай елдер санатына жатпайды.

Салалық  құрылымдар.

Салалық құрылымдарға талдау жасау салалар бойынша есептелінеген ІЖӨ көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Ең алдымен материал  және материалдық емес  өндірістің халық шаруашылығының ірі салалары арасындағы  арақатынасы  есепке  алынады. Жекелеген салалардың  құрылымдарын зерттеу аса маңызды болып саналады.

Ірі шаруашылық кешендері

  1. Отын энергетикалық
  2. Агроөнеркәсіптік
  3. Құрылыс
  4. Әскери өнеркәсіп  және т.б салалардың  алатын үлесіне талдау жасалады.
  5. Халықтың жан басына шаққандағы өнімдердің негізгі түрлерін өндіру

Ұлттық экономиканы  дамыту үшін базистік  негізгі  өнімдерді  өндірудің  көрсеткіштеріне талдау төмендегіше жасалады.

А.  Өндірістің барлық түрлерін дамытудың  негізіне жататын  халықтың жан басына шаққандағы электр  энергиясын өндіру. Одан басқа, халықтың  жан басына өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің ең маңызды түрлерінің ішінен  болат пен шойын  балқыту, автомобиль  шығару, минералды тыңайтқыштар ,  химияя талшықтары,  қағаз бен тауарлардың басқа түрлерінің мәліметі бөліп көрсетіледі.

Б. Халықтың жан басына шаққандағы  өзі өндіретін тамақ өнімдерімен халықтың қажеттілігін қанағаттандыру дәрежесі  туралыпікір білдіруге  мүмкіндік беретін, елдегі тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін. Астық, сүт, ет, қант, және т.б өндіру.

В. Азық-түлік  емес тауарларды өндіру

Г.  Ұзақ пайдаланатын  тауарларды. Тоңазытқыш, телевизор, компьютер,, және т.б шығару немесе олардың қолда болуының көрсеткіштері.

Әлемдік шаруашылық  бір- бірімен тауарлы-ақша қатынастарымен  байланысқан,  егеменді ұлттық мемлекеттердің жиынтығы. Осы шаруашылыққа дамыған және дамушы елдер енеді. Бұл процесс 17 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында дейін жалғасып үш жүз жылдан  астам уақытқа созылды.»[3]

«16 ғасырдың соңында пайда болған ұлттық мемлекеттер арасындағы тауар айырбасы 20 ғасырдың басында жалпы дүниежүзілік сипатқа ие болды.  Нәтижесінде  олардың арасында тұрақты экономикалық байланыстарды қалыптастырды. Бұған  даму деңгейі әр дәрежедегі бір қатар  дамушы елдер де жатады.

 Статистиканың  куаландыруына  қарағанда «үлкен жетілік»  елдердің көп экономикалық мүмкіншілігі барлығын байқатады.. Ондағы тұрғындар жалпы алғанда 650 млн. адам  болып, әлем халқының 12 % -нан астам  құрайды.

Осы «жетілік» үлесіне дүниежүзілік жалпы  ұлттық өнім мен өнеркәсіп  өндірісінің 50%- дан артығы, ауыл шаруашылығы өнімінің 25 %- дан  астамы келеді.

Дүниежүзінде тұратын халықтың   орташа  тұрғынымен салыстырғанда, «жетілікке»   енетін  елдердің  бір тұрғынына 4-4,5 еседен артық азық- түлік  келеді. Бұл «жетілікке» енетін елдердің  өндірістік қатынастары өте жақын болып, «жаңа индустриалды елдер»  тобын құрайтындар жатады. Оларға: Бразилия, Мексика, Аргентина, Оңтүстік Корея, Гонконг жатады.

Бүгінгі әлемдік шаруашылық біркелкі емес. Оған әлеуметтік және саяси құрылымдары, өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары әр қилы дамыған, сонымен қатар халықаралық экономикалық қатынаста сипаты, көлемі әр түрлі елдер жатады. Оларды өнеркәсібі дамыған, жаңа индустриялды елдер деп шартты түрде бөлуге болады. Бұлардың қатарына АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдер, ал жаңа дамыған индустриялық елдерге Бразилия, Мексика, Аргентина, Оңтүстік Корея, Тайвань, т.б. жатады.

Әлемдік шаруашылықтың құрамдас бөлігіне айналу жолында Қазақстан     Республикасы біршама табысқа жетті. Ол қазіргі кезде 60-тан астам әр түрлі халықаралық ұйымдарға мүше. Солардың арасында Дүние жүзілік кеден ұйымы, Еуропалық энергетикалық хартия, Дүние жүзілік сауда ұйымы, әр түрлі банктер, БҰҰ-ның комиссиялары бар. Әлемдік шаруашылықтағы орны мұнай-газ өнеркәсібінің, түсті және қара металлургияның, астық шаруашылығының, көлік инфрақұрылымының өркендеп дамуына тығыз байланысты.» [4]

Халықаралық сауда теориясы және сауда саясататы.

Халықаралық сауда бүгінгі елдердің өндірісін дамыта отырып, өзінде бар ресурстарды тиімді пайдаланып, осылайша тауарлар мен қызмет түрін ұлғайтатын, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналып бара жатыр.

«ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік сауданың орташа жылдық өсу қарқыны әлемдік жалпы ішкі өнімд өсу қарқынынан 1,5 есеге асып кетті. Бұл көптеген елдердің өмірінде әлемдік рыноктың рөлінің артқанын, олардың арасындағы байланыстың артқанын, халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдегенін көрсетеді. Осылайша әлемдік экономикаға тартылған елдерге қатал халықаралық бәсекелесті жағдайында өзінің рыноктық үлесін алуға тура келеді. Сол себепті де сыртқы сауда бір жағынан экономикалық өсудің қуатты факторы болып табылса, ал екінші жағынан елдердің халықаралық сауда айырбасына тәуелділігін арттырады. Сыртқы сауданың пайдасы, ол іскерлік белсенділікті жандандыру арқылы әр түрлі елдердің экономикалық дамуын теңестіруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты сыртқы саудададағы кез-келген шектеулер елдің экономикасының дамуына теріс әсер етеді. «Сыртқы сауданың» түсінігіне келсек, ол бір елдің тауарлары мен қызмет түрінің басқа бір елдің еркін айырбасталатын валютасына немесе жалпыға бірдей басқа құндылықтарға айырбасталуы. Бұл жерде тауарлар мен қызмет түрінің экспорты мен импорты бөлініп шығады. Сыртқы сауда саясаты өз кезегінде экспорттық-импорттық операцияларды реттеуге және мемлекетпен жасалған даму стратегиясының шегінде олардың экономикалық тиімділігін арттыру мақсатына бағытталған мемлекеттік әсер ету шараларының жиынтығы ретінде көрініс табады. Сыртқы сауда қазіргі экономикалық ғылымның даулы және ежелгілерінің біріне жатады. Саяси экономияның Адам Смит, Давид  Рикардо және Джон Стюарт Мил сияқты классиктерінің тұжырымдары мен идеялары әлі күнге шейін өзекті болып табылады. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың қарсаңындағы әлемдік экономик адағы қазіргі таңдағы тенденциялар, еркін тауар айналымы мен протекционизм саясаты кезіндегі сыртқы сауданы мемлекеттік реттеу механизмі жайындағы экономист ғалымдар арасындағы ескі теориялық дауларға жаңа серпін берді. Сыртқы саудадағы болған соңғы уақыттағы өзгерістерді зерделеуге деген ұмтылыстар негізі ретінде салыстырмалы артықшылықтар мен қатар, ұлғайып жатқан кіріс пен рыноктың құрылымы болып табылатын жаңа теориялардың пайда болуына әкелді. Бүгінде халықаралық сауда теориялары сыртқы сауданы дамытудан түскен пайданың негізіне және сыртқы сауда ағымдарының бағыты немен анықталады деген мәселелерге түсінік береді. [5]

«Әлемдік экономикалық ғылымда сыртқы сауданың жаратылысын түсіндіретін екі негізгі бағыт бар:

—  Дәстүрлі бағыт. Бұл елдің салыстырмалы артықшылығын (абсолюттік және салыстырмалы артықшылықтар теориясы) Хекшер – Олин тұжырымдамасымен толықтырылған (факторлық пропорциялар теориясы) жүзеге асыруға байланысты.

—   Жаңа бағыт – ішкі салалық сауданың пайда болуын түсіндіреді.

Дәстүрлі бағыт дамушы елдер мен экономикасы өтпелі кезеңдегі елдер үшін тән. Ол өндірісті  табиғи фактормен қамтамасыз етудің әр түрлі деңгейіне негізделген. Осындай негізінен дамыған елдер арасындағы немесе дамушы мен дамыған елдер арасындағы әлемдік тауар айналымының ¼-ін құрайтын салааралық сауда пайда болады.

Жаңа бағыт (бір саланың әр түрлі тауарларымен сауда) масштабының әсері мен өнеркәсібтің мамандануын жүзеге асырумен байланысты. Сауданың осы түріне негізінен дамыған елдер арасындағы әлемдік сауданың 70% тиеді. Сыртқы сауда мен халықаралық мамандану туралы мәселелерге жауапты экономикалық ғылым бұрыннан іздей бастады және оларды экономикалық теорияның негізгі мәселелеріне жатқызған.

Адам Смит халықаралық еңбек бөлінісі жөніндегі мәселелерді талдап, қандай тауарларды экспорттау, импорттау керек екендігі жайлы өз ойын былайша тұжырымдады: «Егер бөтен бір мемлекет өзіміз шығара алатынымызға қарағанда, арзан тауармен бізді қамтамасыз етуге қабілетті болса, онда сол тауарды өзіміз шығармай-ақ шетелден сатып алу әлдеқайда тиімді». Адам Смиттің «халықтар байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу» атты басты еңбегінде (1776 жылы) басты идея-ұлттар мен халықтар байлығының негізі, еңбек бөлінісі екендігіне саяды. Автор келесі қорытынды шығарды: Халықаралық еңбек бөлінісіне белсенді қатысып жатқан елдер пайда табады. Адам Смит халықаралық еңбек бөлінісі елдің абсолюттік артықшылықтарын ескеру мен іске асырылу керек деп сендірді. Әр мемлекет өзінің абсолютті артықшылығы бар тауар өндірісіне мамандануы керек. Мемлекеттің өзінің абсолютті артықшылығы жоқ тауарларды өндіруден бас тартуы және басқа тауарлардың өндірісіне ресурстарын жұмылдыруы, өндіріс көлемінің ұлғаюына және елдер арасындағы тауар айырбасының кеңеюіне әкеледі. Адам Смиттің  қорытындысы меркантилистердің ойына қайшы болды. Экспорттың импорттан үлкен болуы салдарынан елге ағылатын алтын мен күміс емес, елдің өз иелігіндегі табиғи және абсолютті артықшылықтарын пайдалану арқылы халықаралық еңбек бөлінісіне белсене қатысушылық қана мемлекеттің тұрмыс жағдайының өсуіне себепкер бола алады. [6]

Тәжірибеде елдердің кез келгені өздерінің әріптестері алдында абсолюттік артықшылықтарға ие бола бермейді. Табиғи ресурстардың жетіспеушілігінен немесе ұлттық жұмыс күшінің төменгі өнімділігінен кейбір елдер маңызды тауарларды басқа елдерге қарағанда жоғары шығынмен өндіреді, бұл осындай тауарлармен сыртқы сауданың тиімсіз екендігін көрсетеді. Сондықтан да Давид Рикардоның шығын мен бағадағы салыстырмалы артықшылықтар тұжырымдамасы халықаралық сауданың классикалық теориясының негізін қалады. Осы тұжырымдамаға сәйкес кез-келген ел қай тауарды басқа елдерге қарағанда төмен шығынмен өндірсе, онда сол тауарды экспорттауға маманданады. Бірақ та сауданың салыстырмалы артықшылықтары классикалық теориясы негізінде бір ғана өзгеріп отыратын факторы (жұмыс күшінің бағасы) немесе толық ма мандану қағидасы бар статистикалық модель. Осы модельді шведтің екі экономисі Э. Хекшер мен Б. Олин  жетілдірген. Олар халықаралық  мамандануға өндіріс факторларымен  (негізінен жер, еңбек, капитал) қамтамасыз етудік айырмашылығының әсер етуін ескерген. Хекшер-Олиннің  өндіріс факторларымен қамтамасыз етілудің неоклассикалық  теориясы  сонымен  қатар  экономикалық  өсімнің  сауда параметріне, ұлттық экономиканың құрылымы мен әр түрлі өндіріс  факторлары  бойынша  төлемдер мен түсімдердің дифференциясына әсрін талдап анықтауға мүмкіндік береді. Факторлық қамтамыз ету теориясы капиталға бай ел технологиясы капиталды интенсивті пайдаланумен байланысты тауарларды өндіруге маманданады деп пайымдайды. Олар капиталды қажет ететін өнімді экспорттап, жер мен еңбекті интенсивті пайдалануды қажет ететін өнімге айырбастайды. Бұл теория дамушы елдерді жер мен еңбек ресурстарын интенсивті пайдалануды қажет ететін алғашқы өнімді экспорттауға күштерін жұмылдыруға итермелейді.

«Еркін сауданың неоклассикалық моделінен шығатын негізгі қорытынды халықаралық сауда барлық елдерге пайда әкеледі, соның салдарынан тауарлар мен қызметтердің жалпы әлемдік өндірісі өсіп келе жатыр.Сонымен бірге бірқатар теориялық қорытындыны бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, өндіріс факторында әртүрлі сұранысқа ие тауарлардың арасында бөлінуге ықпал ететін өндірістің балама шығындарының өсуіне байланысты, салыстырмалы артықшылықтардың қарапайым моделінде шамаланғанындай толық маманданудың болуы әбден мүмкін. Елдер қай тауарды өндіруде өзінде бар мол ресурстарды интенсивті пайдаланатын болса, онда сол тауарларға маманданады. Олар өздерінде жетіспейтін ресурстардың орнын дайын өнімді импорттау арқылы толтырады. Ішкі шығындардың өсуі мен бағаның әлемдік деңгейден жоғары болуы толық мамандануды жүзеге асыруға кедергі жасайды.

Екіншіден, өндірудің біртекті технологиясындағы тауарға деген ішкі бағаның арақатынасы мен халықаралық саудадағы бағаның арақатынасын саудаласушы елдердегі факторлық бағамен теңестіреді.

Үшіншіден, мемлекет ішіндегі процестерге факторлық қамтамасыз ету теориясын қолдансақ, мол ресурстарды интенсивті пайдаланғандықтан мол ресурстарды иеленушілер үшін экономикалық қайтарымы ресурстары жетіспеушілерге қарағанда көбейеді.

Төртіншіден, елдердің капитал мен тұтыну тауарларын алу үшін, өндірістік мүмкіндіктерінен тыс сыртқа шығуына мүмкіндік бере отырып, сыртқы сауда экономикалық өсімді ынталандырады.»[7] Сыртқы сауда әрбір елге тауар, білім, идея, жаңа технологияларды алуына мүмкіндік бере отырып, өнеркәсіптің дамуына жағдай жасайды.

 «Соңғы жылдары елдердің біркелкі емес дамуы мен өндіріс факторларын жинақтау процестеріне көңіл бөлетін статистикалық неоклассикалық моделден ерекшелінетін сауда мен өсудің жаңа динамикалық теориялары қалыптаса бастады. Мысал ретінде бай және кедей елдер үшін арналған  «Солтүстік-Оңтүстік» деген сауда моделін келтіруге болады. Басында Солтүстіктің индустриялды елдерінің капиталмен жоғары дәрежеде қамтамасыз етілуі өнеркәсіпті, өндірісті тиімді етеді. Нәтижесінде тез өсіп келе жатқан «Солтүстік» ақырын өсіп келе жатқан «Оңтүстік» алдында өзінің бәсекелестік артықшылықтарын арттырады.Қай ел болмасын өзінің капиталы мен технологиясының жоғарғы біліктілігінің жемісін шетелдіктерге жегізіп қоймайды, осылайша біліктілігі төмен жұмыс күшінің орындаған операцияларына маманданғысы келмейді. «Азия барыстары» (Тайвань, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея) деп аталатын кейбір елдер мемлекеттің нақты іс-әрекеттері арқасында квалификацияланған еңбек пен капиталды қажет ететін өндіріске ойдағыдай көше білді.Американ экономисі М. Портер 1991 жылы: «Елдердің бәсекелестік артықшылықтары» деген зерттеуді жариялады. Зерттеуде халықаралық сауда мәселелері мүлде жаңа қырынан талқыланды: «Халықаралық нарықта елдер емес, фирмалар бәсекеге түседі. Елдің бұл процессте алатын орнын анықтау үшін фирманың бәсекелестік артықшылыққа қалайша қол жеткізетінін және оны қалай сақтап қалатынын түсіну керек».

Портер өз үлестеріне экспорттың ½-і келетін 10 ірі өндірістік елде зерттеу жүргізген. Ол осы зерттеу нәтижесінде елдің әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеті соларға бағынышты негізгі параметрлерінің өзара байланысын көрсететін «ұлттық халықаралық бәсекелестік қабілеті» деген теориясын тұжырымдады.[8 ]

«Портер қазіргі сыртқы сауданың дамуын анықтайтын 4 негізгі параметрді атап көрсетті:

— Факторлық шарттар;

— Сұраныс шарттары;

— Жақын орналасқан және қызмет көрсететін салалар;

— Фирма стратегиясы және бәсекелестігі.

Портер бірінші параметрдің – саны жаңа шарттардың енгізілуі арқылы ұлғаятын факторлық шарттардың маңыздылығын мойындайды.  Неоклассикалық теория негізін қалаушылар пікірлерінен өзгешелігі – ол аталған факторлар ел үшін мұра ретінде қалдырылмайды, өндірістің кеңеюі процесінде пайда болады деп санады. Мысалы, Жапониядағы жер жетіспеушілік факторы шағын технологиялық процестерді қалыптастыру үшін негізгі ынталандырушы күшке айналды. Бұл кейін әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болды. Ал швейцар фирмалары соғыстан кейінгі жылдары жұмыс күшінің жетіспеушілігі салдарынан еңбек өнімділігін көтеру бағытын таңдады.

Екінші параметр – сұраныс шарттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін көрсетеді. Олар фирманың даму барысын айқындап, оның болашақтағы әлемдік нарықтың әлеуеттік дамуымен байланысын көрсетеді.[ 9]

«Портер Линдер теориясын дамыта отырып, компания қызметіне ықпал жасайтын ішкі нарықтың қажеттіліктерін аса маңызды фактор ретінде қарастырды. Мысалы, шағын бөлмелерде тұратын жапондықтар жапон өнеркәсібі шығара бастаған энергия қуатын сақтайтын арзан кондиционерлер тұтынуды қолайлы деп санайды. Кейіннен мұндай кондиционерлер экспортталуын жапондық компаниялар қамтамасыз етуі арқылы бүкіл әлемде кеңінен пайдаланылатын болды.

Үшінші параметр – жақын орналасқан және қызмет көрсететін салалар фирма қызметіне тікелей әсер ететін тиімді өндірістік ортаны сипаттайды. Әшекейлік бұйымдар өндіретін италиандық фирмалардың гүлденуінің себебі: Италия асыл тастар мен металлдарды өңдеу өндірісі бойынша әлемдік жетекші орынға ие болып отыр.

Төртінші фактор – фирма стратегиясы және бәсекелестік фирмалық стратегияға және ұйымдастырушылық құрылымына байланысты. Бұл жерде басқарудың жалпы және универсалдық жүйелерін ерекшелеп бөлуге болмайды. Мысалы жиһаз өндірісі, жарық беру құрылғылары, буып-түю  машиналары өндірісінде жетекшілік орындағы италияндық фирмалар өзгерістерге тез бейімделгіштігімен, серпінділігімен, басқару нысандарының икемділігімен ерекшеленеді. Ал оптика, дәлме-дәл машина құрылысы өндірісіне бейімделетін неміс фирмалары үшін орталық басқарудың қатаң жүйесі үйреншікті жайт болып табылады.Ішкі нарықта бәсекелердің бар болуы өте маңызды. Портер өндірістің мемлекеттік көмекпен қорғалған бір ұлттық фирмаға жинақталуының барынша пайдалы екенділігін жоққа шығарады. Осындай мемлекеттік фирмалардың көпшілігі тиімділік деңгейінің төмендегімен, табиғи шикізаттарды асыралты пайдалануымен, өнімділігінің мардымсыздығымен ерекшеленеді. [10]

«Ішкі нарықтағы күшті бәсеке фирманы сыртқы нарықтар іздестіре отырып, шетелге шығуға ынталандырады. Ішкі бәсеке ұлттық фирмаларға өзінің тәтсіздіктері үшін шетелдіктерді кінәлауға, сөйтіп мемлекеттен көмек сұрауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бәсекелестік тауардың жеткілікті дәрежедегі бәсекелестік қабілеттілігі жағдайында оның сыртқа шығарылу жолдарын белсенді түрде іздестіруге ықпалын тигізеді.

Осы М. Портердің теориясы 90-шы жылы Австралияда, Жаңа Зеландияда және Америка Құрама Штаттарында сыртқы сауда тауарларының бәсеке қабілеттілігін арттыруға байланысты мемлекеттік деңгейдегі ұсыныстарды дайындауда негіз ретінде қызмет атқарды. Қазіргі таңда халықаралық сауданың қатысушыларының, оның ішінде экономикасы өтпелі кезеңдегі елдердің алдында ұлттық мүдде үшін не жақсы екенін анықтауды қажет ететін күрделі мәселе тұр:

—  Еркін сауданы ұстанушылардың айтуынша экспортты көбірек қолдап, сыртқа бағытталу;

—  Протекционизмді жақтаушылардың ұсынысына сәйкес ішке бағытталу және импортты отандық өніммен алмастыру;

—  Сыртқы саудадағы импорт алмастыру мен экспортқа бағытталу стратегияларын рационалды түрде араластыру (біріктіру).

Осы амалдардың шегінде көптеген жылдар бойы екі үлкен лагерь; тауарлар мен қызметтерді экспорттауды арттыруға мүдделілер фритерлер мен импорт алмастыру стратегиясын жақтаушылардың, протекционистердің арасында қызу пікір-талас жүріп келеді.

Импорт алмастыруды жақтаушылар дамушы елдерге алдымен жай тұтыну тауарларының импортын алмастыратын өздерінің өнеркәсібін ұйымдастыру керек, сосын отандық өндірісті дамыта отырып, жоғарғы тарифтер мен импорттық шектеулерді енгізіп бұдан күрделі өндірісті алмастыру қажет деп санайды. Ұзақ мерзімді келешекте протекционистер жергілікті өндірісті әртараптандыруды, бірқалыпты дамуды қамтамасыз етуді, содан кейін осылардың нәтижесі арқылы, жұмыс күшінің төмендігі және өндірістік тәжірибені меңгергеннен кейін ғана өндірістік тауарлардың ішкі бағасы бәсекеге қабілетті болып оны экспорттауға болады.

Экспортты көтеруді жақтайтындар өндіруші өндірісті дамыту мен тиімділігін қамтамасыз етуде сыртқы сауданың пайдалы екендігін, тар ұлттық рыноктан, сыйымды сыртқы рынокқа бағытталудың маңызды екендігін атап көрсетеді. Олардың ойынша экспорттық бағытталу стратегиясы мынандай негізгі идеяларға сүйенеді:

— Бірінші кезекте өндіріс өнімдерінің экспортын ынталандыру еліміздің экономикасының индустриалдануына себін тигізеді;

— Шикізат пен құрал-жабдықтардың импортын ырықтандыру өндіріс шығындарының төмендеуіне әкеледі;

— Ұлттық экономиканы жалпы ырықтандыру ішкі рыноктағы бәсекені ынталандырады және әлемдік рынокта бәсекеқабілеттілігінің өсуіне әкеледі. [11]

«Неоклассикалық бағыттың көптеген зерттеушілері (А. Крюгер, Д. Лалл және тағы басқалар) сыртқы сауданы дамытуда экспортқа бағытталу моделінің тиімді екенін атап көрсетеді. Осындай моделдің концептуалдық мәні болып Жапонияның сәтті тәжірибесі одан әрі  «бірінші эталондағы» жаңа индустриалды елдердің (Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг және Сингапур) тәжірибесі және «екінші эталондағы» Индонезия, Малазия, Тайланд және Филиппин елдерінің тәжірибесі табылады. Кейінгі уақытта осы елдердің қатарына Қытайды да қоса бастады.

Көптеген дамушы елдер ішкі және сыртқы рыноктағы ахуалдарға байланысты қос стратегияны да қолданады. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары Азия, Африка және Латын Америкасы елдері импорт алмастыруға сүйенген индустриалдандыру стратегиясын жүзеге асырған, ал 60-шы жылы ортасынан бастап экспортты көтермелеу стратегиясын ұстанған елдердің саны арта бастады. Осындай елдерге «шығыс-азия барыстары» деген атқа ие болған Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Гонконг, Тайланд, Бразилия, Чили, Түркияны жатқызуға болады. [12]

Капиталдың  халықаралық  қозғалысы.

         «Нарықтық экономиканың  тиімді қызмет етуінің қажетті шарттарының біріне: өндіріс факторларының қозғалысы; олардың неғұрлым жоғары табыс деңгейін іздеумен, саладан салаға өту қабілеті жатады.

Негізінен халықаралық тауар қозғалысы мен өндіріс факторларының халықаралық  қозғалысы, бірін бірі  алмастыра алады. Айталық капитал шығыны көп ел, не капиталды көп қажет ететін тауарларды, не капиталдың өзін экспорттай алады. Ал еңбек шығыны көп ел, еңбекті көп қажет ететін тауарларды экспорттай алады немесе оның азаматтары шетелге барып, сонда жұмыс істей алады. Өндіріс факторларының халықаралық қозғалысы тауарлардың халықаралық сауда – саттығы бағынатын заңдарға бағынады: өндіріс факторлары олар үшін көп төлейтін елдерге орын ауыстырады(% — қ ставкасы жоғары, еңбекақы мен лицензиялық төлемдер жоғары).[13]

Өндіріс факторларының халықаралық шоғырлануы, тәртіп бойынша, тауарлар мен қызметтер саудасына қарағанда, одан да бетер қатаң шектеулерге алатын мемлекетпен жасанды түрде шектелетінін айта кету керек. Бұл өндіріс факторларының елден – елге орын ауыстыруы тек эелнлмикалық емес, сондай – ақ саяси — әлеуметтік мәселелрдің туындауымен түсіндіріледі.» [13]

Капиталдың халықаралық қозғалысы.

«Капитал тауарды өндіруге қажетті жұмсалатын өндіріс факторларының бірі болып табылады және материалдық игіліктерді құру үшін қажетті өндіруші, ақшалай және тауар  формаларындағы  барлық жинақталған қаражат қорларын білдіреді. Халықаралық капитал қозғалысы басқа елдерде экономикалық тұрғыдан тиімді  тауарларды өндіру үшін алғышарт болып табылатын түрлі елдерде капиталдың тарихи  түрде қалыптасқан,  шоғырлануы сияқты,  өндіріс факторларының  бірі ретінде халықаралық бөлуге негізделген.

Вальрас ережесі.

Халықаралық сауданы  қарастыра отырып, біз импортты  қаржыландырудың жалғыз көзі экспорт деп болжадық. Яғни, шетелден бір нәрсе сатып алу үшін, ел шетелге тауар немесе қызмет сатуы керек.  Нақты өмірде шетелден келетін капитал ағыны сияқты аса маңызды қаржыландырудың көзі бар. Ел халықаралық займ беріп, оны ала алады, шетелге кәсіпкерлік капиталды инвестициялай алады. Швейцар экономисті және математик Леон Вальрас кез – келген мемлекеттің  халықаралық  төлем  позициясын талдау негізіне айналған ережесін ойлап тапты.

Вальрас ережесі – ел импортының құны активтерді таза шетелдік сату мен экспорт құнының сомасына және олвр бойынша проценттерге тең.

IM = X + NA + NR

Мұнда IM импорт, X экспорт, NA активтердің таза сатылымы(шетелдіктерге сатылған және олардан сатып алынға активтер құнындағы айырмашылық), NR таза пайыздық төлемдер(шетелден алынған капиталдың пайыз құны мен шетелдіктерге төленшен капиталдың пайыз құнының арасындағы айырмашылық).

Кез – келген  формаларда активтерді сату (меншік құқығы, құнды қағаздар, алтын, т.б.) елге капиталдың келіп құйылуын білдіреді. Пайыздарды төлеу бұрын алынған капиталды пайдаланғаны үшін төлемді білдіреді. Бүгінгі күні неғұрлым активтерді сату көлемі  көп болса, соғұрлым болашақта тартылған капитал бойынша % — ды төлеу көлемі  жоғары болады.  Сәйкесінше активтердің таза сатылымы (NA) неғұрлым көп болса, соғұрлым  болашақта алынатын таза % — р (NR)  көлемі төмен болады.

Өндіріс  факторы ретінде халықаралық капитал қозғалысы  түрлі нақты формаларға ие болады.

%d1%81%d1%85%d0%b5%d0%bc%d0%b0-1

Тікелей шетелдік инвестициялар  — бір ел резидентінің басқа ел резиденті кәсіпорнына  ұзақ мерзімді  қызығушылық тудыруы.  Тікелей инвестициялар құрылымы:

  • Компанияладың шетелге меншік капиталын салуы
  • Пайданы қайта инвестициялау
  • Ішкі корпорациялық аударымдар.

Тікелей шетел инвестицияларының себептері:

%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%82%d0%b5-22

Қоржынды инвестициялар:

Соңғы жылдарды халықаралық қоржынды инвестициялар көлемі айтарлықтай өскен. Әлемнің неғұрлым дамыған елдерінде ЖҰӨ — ң 10% құраған құнды қағаздармен жасалған  халықаралық  операциялар құндық көлемі бойынша 100% дейін өсен.

Қоржынды инвестициялар – инвесторға инвестициялау объектісіне нақты бақылау жүргізу құқығын  бермейтін шетел құнды қағаздарын капитал салымы. Олар мынадай инвестицияларға бөлінеді: [14 ]

%d1%81%d1%85%d0%b5%d0%bc%d0%b0-2

 Халықаралық ақша қатынастары.

 «20 ғасырдың екінші жартысында дүниежүзілік шаруашылықтың  айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі – халықаралық  экономикалық  қатынастардың жедел және қарқынды дамуы. Әр- түрлі  мекемелер мен фирмалардың, сондай-ақ мемлекеттер  арасындағы екі жақты, көп жақты экономикалық  қатынастардың кең қанат жайып, тамырын  терең тарта бастағанының  куасі болып отырмыз. Бұл процестер халықаралық еңбек бөлінісінің  тереңдеуімен,  шаруашылық  өмірдің интенационалдануынан, ұлттық экономикалардың мейлінше ашықтыққа  ұмтылысынан,  аймақтық халықаралық  құрылымдардың жақындасып, өзара пайдалы көмек арқылы нығайып, дами бастағанынан көрінеді. Сонымен қатар, осы негізде ең басты ел дамыту негізі, осы кезеңде, ол халықаралық  валюта- қаржы  қатынасының ерекше өрістеуі.  Әрине аталған процестер оңайлықпен  жүріп жатқан жоқ.  Бұлар, бәсекелес, қайшылықты, диалектикалық қозғалыс, құбылыстарға толы процестер.  Халықаралық экономикалық қатынастардың диалектикасының өзі жекелеген елдердің экономикалық   тәуелсіздік пен ұлттық шаруашылықты көркетуге деген ұмтылысының көрінісі.

Дүниежүзілік шаруашылықтың нығайып, интернационалдануы, ұлттық  экономикалардың мейлінше ашықтығы, дамудың жаңа тиімді арналарының  пайда болуы, осының бәрі экономикалық өсудің диалектикасы.  Халықаралық қаржы-қаражат жүйесі — Халықаралық экономикалық қатынастардың маңызды буындарының бірі. Халықаралық қаржы-қаражат қатынастары халықаралық нарық жүйесінің үш ірі құрылымының өзара әрекетінен туындайды. Олар валюталық, несиелік және инвестициялық (қаражат жұмсау) жүйелері болып табылады.» [15]

«Халықаралық валюталық қатынастар — халықаралық экономикалық қатынастардың ең елеулі және қажетті саласы. Ол әлемдік экономикалық байланыстарда валютаның қызмет етуін, дүниежүзілік шаруашылық салаларының өнімдерінің айырбасын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Халықаралық валюталық қатынастар туралы айтпас бұрын валюта ұғымын, олардың түрлерін ажырату қажет. Әр елдің ұлттық ақша бірлігі бар екені түсінікті. Түрлі себептермен ақша бірлігі ұлттық шекараның сыртына шықса, ол жаңа сапаға ие болады, яғни валютаға айналады. Қолданылу аясына қарай валютаның бірнеше түрін ажыратады.» [16]

 Ұлттық       валюта.  
«Ұлттық валюта — әр елдің ұлттық ақша бірлігі; алтын, күміс және қағаз ақша түрінде қолданылады. Ең көп қолданысқа түсетіні — қағаз ақшалары. XX ғасырдың 80-жылдарында Батыс Еуропада аймақтық еуропалық валюталық жүйе қалыптасты. Оның ақша бірлігі болып экю қабылданды. 1999 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропа Одағының ортақ валютасы — еуро енгізілді.Әлемдік валюталық жүйе ұлттық және аймақтық валюталар жүйесінің қарқынды дамуы нәтижесінде қалыптасты. Қазіргі кезде жасалатын операциялар төлемі бойынша үш орталық — Лондон, Нью-Йорк, Токио ерекше айқындалады. Сонымен қатар Еуропадағы аса ірі әлемдік нарық орталықтары ретінде Майндағы Франкфурт, Цюрих, Париж, Брюссель, ал Азиядан Сингапур мен Гонконг аталады. Әлемдік валюта жүйесінің дамуы 1968 жылы ортақ есеп бірлігі бар Халықаралық валюта қорының құрылуына негіз болды. Оның қоржынындағы АҚШ долларының үлесі шамамен 42%-ға, жапон иенасы 13%-ға, Батыс Еуропалық түрлі валюталар жиынтығы 43%-ға жетеді.» [17]
 Резервтік  валюта.
«Резервтік валюта — ұлттық валюта қорын сақтау мақсатында қолданылатын ұлттық, аймақтық және әлемдік валюта жиынтығы. Көпшілік жағдайда әлемдік нарықта айрықша тұрақты орны бар валюталар қолданылады
Халықаралық валюта несие қатынастары бөлу, айырбастау, тұтыну салаларына жатады. Өндіріс салаларынан еркін және төлем балансында көрініс тапқан, халықаралық экономикалық қатынастардың барлық формаларының  аяқталғандығын білдіреді. Сонымен бір мезгілде олар салыстырмалы түрде дербес болып саналады, ұлттық экономика мен халықаралық экономикалық  қатынастардың бүкіл жүйесіне кері әсерін тигізеді.
Әлемдік валюта жүйесі, ұлттық экономиканың өзара тәуелділігінің күшеюімен әлемдік шаруашылық байланыстарымен келісілген, ақша- экономикалық қатынастарының жиынтығын білдіреді. Халықаралық еңбек бөлінісі, тауарлы өндіріс пен әртүрлі елдер арасындағы сыртқа сауда оның базасы болып саналады» [18]
 «Әлемдік валюта жүйесінің құрамды элементтері:
  • Халықаралық төлем құралдарының белгілі бір жиыны (ұлттық, шетелдік және ұжымдық халықаралық валюта);
  • Валюта бағамы және валюта өлшемі (паритеті) мен еркін айналым жасаушылығын қоса алғандағы, валюта айырбастау тәртібі;
  • Халықаралық айналымды валюта-төлем құралдарымен қамтамасыз етудің тетігі (механизмі);
  • Халықаралық есеп айырысу формалары мен валюта және алтынның халықаралық нарығының  тәртібін ретке және жүйеге келтіру;
  • Валюта қатынастарының тәртібін реттеуші, мемлекетаралық институттардың мәртебесі;
  • Әлем шаруашылығының сыртқы экономикалық қызметімен байланысты халықаралық есеп айырысу мен несие операцияларын жүзеге асырушы халықаралық және ұлттық банк мекемелерінің жүйесі.

Әлемдік валюта жүйесіндегі барлық төлем мен есеп айырысу операциялары, аталмыш ұлттық валюта ақша бірлігінің бағасы басқа ел валюталарының ақша бірлігінде көрінетін валюта бағамдарының  негізінде жасалады.

Алғашқы беттегі валюта бағамы (курсы) алтын мен және оның құнымен, ұлттық валютаның алтын құрамымен, валюталарды пайдалану арасындағы қарама-қайшылық тереңдей түседі. 60-шы жылдардың ортасында доллар стандарты, капиталистік әлемдегі Батыс Еуропа мен Жапонияның пайдасына өзгеруші күштер арақатынасының сәйкес келушілігін доғарды, әлем экономикасындағы тұрақсыздық империалистік шилініс  факторына айналды.

Бреттон-Вуд жүйесіндегі құрылымдық дағдарыс 1971-1973 жылдары оның барлық қағидаларының үзілуіне алып келді: доллардың алтынға бөлшектенуі тоқтатылды, алтынның ресми бағасы алынып тасталды, белгіленген бағамдар  тәртібі еркін айналыстағы бағамдармен ауыстырылды.

Жаңа әлемдік валюта жүйесі, алтынның демонитизациялануына  белгілеген және валюталардың алтын өлшемдерін жойған, алтындоллар стандартының күйреуі 1976 жылғы Ямай  келісімімен заңдастырылды. “Қарыз алудың арнайы құқығы” валюта жүйесі негізінде жарияланды. Әрбір ел, валюта бағамының тәртібін өздерінің қараулары бойынша таңдау құқығын алды. Валюта бағамдарының әртүрлі тәртіптеріндегі валюталар жүйесі қалыптасты. 1979 жылдан бастап әлемдік валюта жүйесі шеңберіндегі аймақтық деңгейде, өзінің есеп айырысу бірлігі – ЕВРО енгізілді. Толыққанды ұжымдық халықаралық валюта болып саналатын ЕВРО Еуропалық валюта жүйесі (ЕВЖ) қызметін жүргізеді. Доллардың өктемдігінен “Ортақ нарықты” қорғау, Еуропалық валюта жүйесінің (ЕВЖ) негізгі мақсаты болып саналады.

Қазіргі кезеңдегі әлем шаруашылығы байланыстарының қалыптасуы мен  әлемдік валюта жүйесінің құрылуы аяқталып біткен жоқ және тұрақты жетілдірілу үстінде». [19]                                      .

Пайдаланған әдебиеттер

  1. «Әлем экономикасы» С.С Сахариев, А.С  Сахариева (81-84 — бет, )  Алматы, «Дәнекер» баспасы, 2003 ж.
  2. «Экономикалық теория»- А.Ж. Доғанов, Н. С Досмағанбетов
  3. «Қазақстан» энциклопедиясы, Алматы 2001, (659-бет).
  4. «Жалпы экономикалық теория» Е.Н Сағындықов, Б.А Жүнісов, Ү.С Байжомартов, Комаягин Б. И ( 415,416) . Ақтөбе 2004,  А-Полиграфия (18-25)
  5. «Әлем экономикасы» С.С Сахариев,  А.С  Сахариева (193,194)
  6. »Экономикалық теория негіздері» Я. Әубәкіров, М.Есқалиев (16-18 б ),  Алматы 1994.
  7. «Жалпы экономикалық теория» Е.Н Сағындықов, Б.А Жүнісов, Ү.С Байжомартов, Комагки Б. И ()
  8. Жалпы экономикалық теория» Е.Н Сағындықов, Б.А Жүнісов, Ү.С Байжомартов, Комагки Б. И ( 415,416)
  9. «Экономикалық теория негіздері». Я. Әубәкіров, М.Есқалиев, К. Нәрібаев, Е.  Жатқанбаев, Е.  Байжұмаев,  С.  Досқалиев. Ж.  Жәйшібеков.  Алматы  1998, Санат (215-224)
  10. «Экономикалық теория негіздері» Я. Әубәкіров, М.Есқалиев Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, Е. Жатқанбаев, Е.Байжұмаев, С. Досқалиев. Ж. Жәйшібеков.  Алматы  1998, Санат (21-23)
  11. «Экономикалық теория»- А.Ж. Доғанов, Н. С Досмағанбетов
  12. Г. Жолдасова. «Экономика негіздері», Астана  2008,  (98-106)
  13. Қ.С. Есенғалиева. « Экономика  негіздері», Алматы  2011, (112-120)
  14. С.М. Мұсабеков. «Экономикалық теория», Алматы  2008 (220-228)
  15. С.М Мұсабеков. «Экономикалық  теория», Алматы  2008,  (95-97б)
  16. Г. Жұмабеков «Ел тірегі  — экономика»,  Қазығұрт  баспасы 2001,(72-76)
  17. Н.Қ. Мамыров, М.Ә Тілеужанов.  Макроэкономика. Алматы  2003, (83-86)
  18. Жалпы экономикалық теория» Е.Н Сағындықов, Б.А Жүнісов, Ү.С Байжомартов, Комагки Б. И (195-200)
  19. «Әлем экономикасы» С.С Сахариев,  А.С  Сахариева (203-210)

    Құрастырғандар: Нүсіпжан Таңшолпан

Яндекс.Метрика