МЕНШІК ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ОРНЫ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖҮЙЕ

Мазмұны

  1. Меншіктің экономикалық және құқықтық мазмұны. Меншік   обьектілері мен   субьектілері.
  2. Ауыспалы экономика кезіндегі меншіктің негізгі формалары  
  3. Жекешелендірудің экономикалық мағынадағы түсінігі мен мемлекеттік меншікті жекешелендіру. ҚР-да меншіктік қатынастарының құрылуы.
  4. Экономикалық жүйе типтеріне түсінік беру.

1.Меншіктің экономикалық және құқықтық мазмұны. Меншік   обьектілері     мен   субьектілері

 «Әлеуметтік қатынастар немесе меншік бойынша қатынастар өндірістің кез келген әдісінің басты өндірістік қатынастары болып табылады. Олар өндірістің заттық факторлары мен жеке бірігу әдісін сипаттайды және бөлудің, айырбастаудың және тұтынудың қатынастарын анықтайды. Қоғамдық қатынастардағы меншіктің рөлі мен орнын келесі жағдайлар анықтайды:

  • меншік – қоғамдық қатынастар жүйесіндегі іргетас болып табылады;
  • меншік қоғамның жігінің жағдайын анықтайды;

Меншік өз нысанында айырбастаудың екі жолына ие:

эволюциялық және революциялық;

  • меншіктің барлық нысандары өзара байланысты және өзара іс-қимылда;
  • меншік тарихи дамудың нәтижесі болып табылады». [1]

«Меншіктің экономикалық мағынасы келесі қатынастармен сипатталады:

  1. Иемдену – затты өз игілігіне пайдалану.
  2. Жатсындыру – меншік объектісін иеліктен шығару
  3. Жекелендіру — әр бір тауар өндіруші мамандығы бойынша белгілі бір тауар өндірісіне жекеленеді.
  4. Қоғамдастыру – еңбектің қоғамдық сипатының дамуы.
  5. Өндірістің материалдық және жеке факторының бірігу тәсілі.
  6. Табысты бөлу әдістері». [2]

«Меншік – иемдену, билеу, пайдалану тәрізді күрделі қарым-қатынастар ретінде осы қоғамның экономикалық қатынастарының барлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.Олай болса, оның экономикалық мазмұны мен заңдылық қозғалысын тану ушін экономикалық қатынастарының барлық жүйесін зерттеу қажет». [3]

«Меншіктің экономикалық мазмұны мынадай түсініктер арқылы сипатталады:

  1. екі жұп категорияларының өзара байланысы: (меншіктеу) иемдену-жатсыну;
  2. жекелену-қоғамдану сияқты жұп категориялардың өзара байланысы;
  3. өндірістің жеке және заттық факторларын біріктіру тәсілі;
  4. табыстарды үлестіру тәсілі;
  5. субьектілік-обьектілік талдау.
  6. Ең алдымен, меншіктің экономикалық мазмұнын екі түсініктің сараптамасы негізінде алуға болады. Бір жағынан, қандай да бір қауымдастықтың (индивид, топ, қоғам) өндіріс құралдары мен қызмет нәтижелерін иемденуінің механизмі мен нысаны, ал екінші жағынан, олардың басқа шаруашылық бірліктерден және тұтас қоғамнан шеттетудің сәйкес формалары.

Иемдену деген қандай да бір қатынастар субъектісін осы қатынастардың тұтас қоғам өміріндегі атқаратын қызметтеріне сәйкес, субъектінің өзінің өмір сүруіне айналдыруы дегенді білдіреді.

  1. Оқшауландыру деген әрбір тауар өндіруші белгілі бір тауарды өндіруге мамандануын білдіреді. Еңбек бөлінісі неғұрлым терең болса, оқшауланған тауар өндірушілер арасындағы өзара тәуелділік те соғұрлым күшті. Жеке оқшауланған тауар өндірушілердің айырбастауы арқылы жүзеге асырылады.

Қоғамдастыру деген еңбектің қоғамдық сипатының дамуын білдерді.

Бір жағынан, қоғамдық еңбек бөлінісі және өндіріс құралдарына жеке меншіктің салдарынан кәсіпорындар, жеке тауар өндірушілер ретінде оқшауланған. Екінші жағынан, еңбектің қоғамдық сипатына байланысты олардың бәрі біртұтас қоғамдық ұдайы өндіріс процесіне тартылған.

  1. Меншік қатынастарының ауқымды негізін өндіріс факторларын біріктіру тәсілі құрайды.

Біріктірудің екі тәсілі ажыратылып жүр: тікелей және сатылы.

Өндіріс құралдарын материалдық игіліктерді тікелей өндірушілермен өндіріс процесінде, айналым саласын айналып өтіп қосылуын өндіріс факторларының тікелей қосылу тәсілдері сипаттайды. Бұл жағдайда, бір адам бейнесінде екі қызмет жүзеге асырылады – өндіріс құралдарын меншіктеуші қызметі және материалдық игіліктерді тікелей өндіруші қызметі. Кейде басқа нұсқалары да болуы мүмкін, бұл жағдайда екі қызмет ажыратылып, түрлі субъектілерге бекітіледі; бірінде – өндіріс құралдарын меншіктеуші қызметі, бірінде – жұмыс күші қызметі. Бұл жағдайда жұмысшы өндіріс құралдарынан шеттетілген. Өндіріс факторлары бірігуі үшін, өндіріс құралдарын меншіктеушінің жұмыс нарығында жұмыс күшін жалдауы қажет. Сондықтан да, өндіріс саласында жүзеге асатын заттық және жеке факторлардың бірігуі жұмыс күшін сату-сатып алу актісінен кейін, яғни тауар-ақша қатынастары арқылы жүреді. Өндіріс факторлары бірігуінің бұл нұсқасы сатылы деп аталады.

  1. Табыстарды үлестіру өндіріс құралдарын меншіктеушілер мүддесі үшін жүзеге асырылады.
  2. Меншік субъектілері: жеке тұлғалар, отбасы, әлеуметтік топ, өндірістік ұжым, халық, басқару органдары бола алады. Меншік объектілері: өндіріс құралдары, мүлік, ақша, құнды қағаздар, ақпарат, интеллект, жұмыс күші болып табылады».[4]

«Меншіктің объектісін (не иемделінеді) және субъектісін (кім иемденеді) айыра білу керек. Меншіктің объектісіне қоғам байлығының материладық-заттық элементтері жатады немесе өндіріс құрал-жабдықтары мен өндіріс нәтижесі. Ал субъектісіне – мемлекет, коллектив (ұжым) және жеке адамдар жатады.

Меншік субъектілерінің көпшілігі, өндіріс құрал-жабдықтарын иелену билік ету, пайдалану туралы құқық қатынастарының пайда болуын және әрекет етуінің алғышарты болып табылады. Өндіріс құрал-жабдықтарын иелену, билік ету және пайдалану арқылы меншіктің экономикалық мазмұны жүзеге асырылады және юридикалық заңдарда құқықтық көрініс алады». [5]

«Меншік қатынастарының экономикалық мазмұнын меншік субъектісі мен объектісі анықтайды.

Меншік субъектілері  — меншік қатынастарының белсенді жағы. Олар меншік объектісіне иемденіп, оған билік ететін тұлғалар.

Меншік субъектілері: адам, тұлға – меншіктің бастапқы субъектісі болып табылады. Ол – ең алдымен өз дене қуатының, қарым-қабілетінің, жұмыс күшінің қожасы. Меншіктің бұл объектісі адамдардың жеке өзіне тәуелді. Отбасы – бұл да меншіктің көп тараған субъектісі. Отбасы мүшелері үй ішінің жиған мал-мүліктерінің иесі.

Ел халқы жалпы халықтың дәулеті болып саналатын елдің ұлттық байлығының белгілі бір бөлігін иемденеді. Меншік қатынастары әр түрлі иемденулерге байланысты қалыптасады. Көптеген меншік объектілерінің құрамын және мазмұнын түсіну үшін оның маңызды деген түрлерін атап өту керек. Ақша, валюта және бағалы қағаздар – меншік объектілері. Олардың басты ерекешеліктері: материалдың заттық бағасында емес, құндылығында, дәлірек айтқанда, құннан көрініс алатын меншіктер екендігіне байланысты. Жер, жер телімі, пайдаланатын жер – меншіктің көп тараған объектілері болып саналады. Оларды әр түрлі субъектілер, құрылыс жүргізу ғимараттар салу, коммуникациялар жүргізу және өсімдіктер егу, адамдарға, қоғамға қажетті шикізаттар алу үшін де пайдаланады». [6]

«Меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және билік ету құқығы.

Меншіктің экономикалық қатынастарына қарағанда меншіктің құқықтық қатынастары адамның еркі бойынша қалыптасады, оған қатысушылардың санасынан және ырқынан пайда болады. Адамдар бұл қатынастарға құқықтар мен міндеттердің иесі ретінде кіреді, ол құқықпен реттеледі және қорғалады. Меншіктің құқықтық қатынастары меншіктің экономикалық қатынастарының мәнін сипаттағанмен, олар қондырманың кез келген құбылысы ретінде өзінше дербес болады.

Меншік қатынастарын реттеуді әртүрлі құқықтық тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Соған байланысты, сондай-ақ проблеманы зерттеу тұрғысынан алғанда меншік құқығы ұғымы көп мағыналы. Оны түсінудің екі қырына тоқталайық. Құқықтық институт ретінде меншік құқығы құқық нормаларының жиынтығы болып табылады, ол материалдық игіліктің белгілі бір адамға тиесілік жағдайын бекітеді, реттейді және қорғайды. Бұл жерде әңгіме объективтік мәндегі меншік құқығы туралы болып отыр. Заңдық биліктің белгілі бір мөлшерін меншік иесіне бекітіп беру субъективтік мәндегі меншік құқығы туралы айтуға мүмкіндік береді. Меншік құқығы мүліктік, абсолюттік, заттық құқық болып заңға сәйкес белгіленеді, ол затқа тікелей ықпал ету мүмкіндігімен және иемдену, пайдалану және билік ету құқығының болуымен сипатталады. Қолдану және артықшылық құқығы меншік құқығына ілесе жүреді». [7]

«Меншік теориясына сүбелі үлесті батыстың қазіргі экономикалық мектебінің өкілдері, американ экономистері – Рональд Коуз (1910ж.) және Армен Алчиан (1914 ж.) қосты. Бұл теория кейінірек Й.Барцель, Г.Демесц, Д.Нарт, Р.Познер және басқалардың еңбектерінде өзінің жалғасын тапты. Осы ғалымдардың тұжырымдамасына сәйкес ресурс өзінен өзі меншік бола алмайды, тек ресурстарды қолдану арқылы тұтас кешенді құқық – міне осы меншіктің мазмұнын құрайды. Бұл процеске қатынасатындардың барлығы меншік құқығын өткеру кезінде «ойын ережесін» білуі қажет. Меншік кімге жатады, және өзара іс-әрекетті ұштастыруға қол жеткізу үшін олармен келісу керек пе?» [8]

«Батыстың экономикалық және заң әдебиеттерінде пайдаланып жүрген анықтамалардың біреуіне сүйенер болсақ, жеке меншік меншіктік құқықтың мынадай түрлері арқылы даму алады:

  • иелік ету құқығы, яғни игіліктерге айрықша нақты бақылау жасау құқығы;
  • пайдалану құқығы, яғни игіліктердің пайдалы қасиеттерін өзі үшін пайдалану құқығы;
  • басқару құқығы, яғни игіліктерді пайдалану кім және қалай қамтамасыз ететінін шешу құқығы;
  • табысты алу құқығы, яғни игіліктерді пайдалану нәтижелеріне иелік ету құқығы;
  • егемен құқығы, яғни игіліктерді шеттету, пайдалану, өзгерту немесе жою құқығы;
  • қауіпсіздікке ие болу құқығы, яғни игіліктердің экспроприяциясынан немесе сыртқы орта тарапынан келетін залалдан қорғану құқығы;
  • игіліктерді мұраға қалдыру құқығы;
  • игіліктерді шексіз пайдалану құқығы;
  • сыртқы ортаға зиян тигізетін тәсілмен пайдалануға тыйым салу;
  • өндіріп алу түріндегі жауапкершілік құқығы, яғни игілікті қарызды өтеу үшін өндіріп алу мүмкіндігі;
  • қалдықтық сипат құқығы, яғни бұзылған құқықтылықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ететін институттардың болу құқығы.

Айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады: меншік категориясына теориялық талдау, оның қоғамның әрі құқылық, әрі экономикалық қатынастарын сипаттайтынын растайды. Меншіктің құқылық және экономикалық мазмұны өзара байланысты, олардың арасында бір сөзбен айтқанда «тамырлар қатынасының заңы» әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда меншік әрі экономика, әрі заң категориясына жатады.

Бір жағынан, меншіктің заңды формасы өндірістің пассивті нәтижесі ғана емес, ол оның дамуын қарқындатып, немесе бәсеңдетуге ықпал етеді. Өндіріс құрал-жабдықтарына белгілі бір иемдену құқы болмайынша, оны және онымен өндірген өнімдер пайдалануға да құқы болмайды. Сондықтан да меншік құқының заңды нормалары (иемдену, пайдалану, бөлу құқы) экономикалық қатынастарды нақтылау формалары болып табылады». [9]

  1. Ауыспалы экономика кезіндегі меншіктің негізгі формалары.

«Меншік формасы – ол меншік субъектісі белгісі бойынша сипатталатын, яғни меншік объектісінің әр түрлілігі субъект табиғатымен бірігуі критериий (өлшемдері)». [10]

«ҚР Конституциясының 6-бабының 1-тармағына сәйкес «ҚР-да мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады». Бұл меншіктің формалары. Әртүрлі әлеуметтік мақсат пен құқықтық режим оларды бөліп алуға негіздеме болады. Меншікті екі формаға бөлу Конституциясында олардың меншік құқығының субъектісі ретінде мемлекетке қатынасының нышандары бойынша жүргізіледі. Жеке меншікке жататындықты заң өте оңай анықтайды — мемлекетке тиесілі еместің барлығы солар. Яғни барлық мемлекеттік емес меншіктер жеке меншік болып табылады». [11]

«Меншік қатынастарында шешуші рольді өндіріс құралдарына меншік атқарады. Ол жұмыс күшінің өндіріс құралдарымен бірігу сипатын, формасын анықтайды. Осы бірігудің әдісі мен сипатына қарай экономикалық кезеңдер бөлінеді (еңбекке құлды, шаруаны, ерікті жалдамалы жұмысшыны тарту формаларын салытырыңыз)». [12]

«Тарихта меншіктің әр түрлі формалары белгілі, олардың ішінде мемлекеттік, коллективтік (ұжымдық) және жеке меншік басты түрлері болып табылады. Ең алдымен меншіктің екі типін мемлекеттік және жеке меншік ажырата білу қажет.

Жеке меншік жағдайында экономикалық, юридикалық құқықтарға жеке адам ие болады. Иемденудің бұл типі екі түрге бөлінеді: жеке еңбекке негізделген жеке меншік және бөтен біреудің еңбегіне негізделген жеке меншік.

Меншіктің бірінші түрі шағын кәсіпкерлікке тән, себебі онда жеке басты шаруалар, қолөнершілер мен басқа да адамдар меншік иесі ретінде өз еңбектерімен өмір сүреді, яғни олар иемдену, иелену және пайдалану құқықтарына ие болады. Бұл жағдайда меншік иесі өндіріс нәтижесін өзі иемденеді.

Меншіктің екінші түрі жалдамалы еңбекке негізделеді. Меншіктің бұл формасында меншік құқықтары меншік иесімен жалдамалы жұмысшылар арасында бөлінеді. Меншік иесі иемдену, иелену, билік ету құқықтарын өзіне қалдырады да, өндіріс құрал-жабдықтарын пайдалану құқығын жалдамалы жұмысшыларға береді. Бұл меншік иесіне өндіріс нәтижесін иемденуге жағдай туғызады. Нарықтық демократия жетілмеген жағдайында бұл мүліктік теңсіздікке әкеліп соғуы мүмкін.

Мемлекеттік меншік сферасына елдің әлеуметтік тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халық шаруашылығының кейбір объектілері (салалары) жатады. Мемлекет өз меншігіндегі объектілерді кәсіпорындарға пайдалануға, билік етуіне иеленуіне бекітіп береді де, оны бүкіл қоғам мен өндірістік ұжымдардың мүддесі үшін пайдалануына жағдай жасайды. Кәсіпорындар шаруашылықты дербес, өзін-өзі басқару негізінде жүргізеді. Бұл жерде мына жағдайларды ескеру қажет. Бір жағынан мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттің реттеу объектісі ретінде болса, екінші жағынан олар нарық қатынастарының дербес субъектісі ретінде әрекет етеді. Сондықтан мемлекеттік кәсіпорындардың экономикалық дербестілігі шектеулі болады.

Ұжымдық меншік – ұжымның өндіріс құрал-жабдықтары мен өндіріс нәтижесін ортақ иемдену, билік ету және пайдалану процестерінде пайда болатын экономикалық қатынастар жүйесін сипаттайды. Ұжымдық меншік өндіріс құрал-жабдықтарына деген теңдікті тек еңбек ұжымы шеңберінде ғана қамтамасыз етеді. Қазақстанда қазіргі кезде ұжымдық меншік түріне акционерлік, кооперативтік және т.б. меншік формалары жатады.» [13]

«Меншік қатынастары теориялық экономикалық зерттеулердің келелі мәселесі болып қалуда, өйткені олардың сипатын, мәнін, көрініс формаларын пайымдаусыз әлеуметтік-экономикалық прогрестің негізгі бағыттарын анықтау мүмкін емес. Меншік қатынастары қоғамның әлеуметтік топтарының барлығын қамтиды және олардың түпкілікті мүдделерін қозғайды. Қандай болмасын меншік формасының тиімділігі қоғам мен оның мүшелерінің материалдық әл-ауқаттылығының негізін қалайды.

Ғылым мен практикаға бірнеше меншік формалары белгілі. Тарихи адамзат дамуының бастауында алғашқы қауымдық қоғамдық меншік өндіргіш күштер дамуының төмен деңгейінің көрінісі ретінде пайда болды. Ол уақыттарда алғашқы қауым адамдары табиғаттың стихиялық күштеріне үлкен тәуелділікте еді.

Жерге қауымдық меншік (ортақ меншік) көшпелі халықтардың тарихи дамуы бойына сақталды. Айталық, Қазақстанда жерге жеке меншік институты болған жоқ. Жер сол аумақтың тұрғындарының ортақ меншігі болып қала берді. Көшпелі өмір салтының экономикалық негізін малға жеке меншік құрады. Үй жануарларының, негізінен қой мен жылқы, иелері іс жүзінде жайылымдық жерлердің де қожалары болды.

Өндіргіш күштердің дамуына қарай алғашқы қауымдық қоғам меншігінің орнына жеке меншік келе бастады. Өндіріс дамуының белгілі бір сатысында қауымдық меншіктің мезгілі өте бастады, себебі адамдардың дербес бастамашылдығы шектелді және олардың бірлескен еңбек нәтижесіне материалдық мүдделілігі төмендеді. Сонымен бірге ұжымдық еңбектің де артықшылықтарын да елемеуге болмайды. Алғашқы қауым адамдарының ерекше маңызды жаңалығы еңбек кооперациясы болды, яғни бір адамның әлі келе бермейтін еңбектің белгілі бір түрлерін, мысалы, ауырлықты көтеру, жабайы аңдарды аулауға жаппай қатысу, тұрғын үй салу, т.с.с. жұмыстарды бірлесе атқаруы. Жеке меншік институтының эволюциялық қалыптасуы қосымша өнім өндіру мүмкіндігі пайда болғанда ғана басталды, өйткені күнделікті қажеттіліктерді қанағаттандырудан белгілі бір артық өнім өндіруге қол жеткізілді. Жеке меншік біртіндеп шаруашылық жүргізудің экономикалық негізіне айналды. Ғасырлар бойына бір формациядан екінші формацияға, сондай-ақ бір әлеуметтік жүйе шектерінде өзінің формаларын ауыстырып отырды.

Жеке меншік шағын еңбек формасында, сондай-ақ одан ірі құл иеленушілік феодалдық және капиталистік формаларында болды. Тайпалық, рулық институттарға сүйенген алғашқы қауымдық қоғам құрылысын құл иеленушілік қоғамдық-экономикалық формация ауыстырды.

Халықтың тарихы драмалық және трагедиялық беттерге толы. Жеке меншік басқа да кез-келген қоғамдық-экономикалық қатынас сияқты түрі өзгерістеріне ұшырады, формасы мен мазмұнын өзгертті, бір уақытта басқа формалармен қатар өмір сүрді. Жеке меншіктің барлық формаларының ішіндегі ең өміршеңі және икемдісі капиталистік жеке меншік ХХ ғасырдың екінші жартысында  ірі акционерлік, орта және шағын бизнес тәрізді әр түрлі формаларда көрінді. Даму үрдісі бойынша еңбек пен өндірісті қоғамдастыру үдерісі басталды. Қоғамдық еңбек бөлінісі және жеке меншікпен тауар-ақша қатынастарының және рыноктық жүйе институттарының байланысы кең жайылып, тереңдей түсті. Өндірісті қоғамдастыру мен интеграция үдерісінің ұлттық және интернационалдық кеңістіктердегі объективті ағымы халық шаруашылығының шешуші, базалық салаларында қоғамдық, ұжымдық меншік бағытындағы қозғалысты көрсетті». [14]

«Мемлекеттік меншік өзінің барынша дамуын әкімшілік-әміршілдік экономикалық жүйеде, бұрынғы КСРО-да (1917-1991 жж.) жүзеге асырылып, оның үлесі басқа меншік түрлерінің жалпы құрылымында – 88,6% құрады. Алайда, нарықтық экономикасы дамыған елдерде мемлекеттік меншіктің үлесі 5% -дан 30%-ға дейін ауытқиды.       Экономикалық және әлеуметтік құрылысқа байланысты мемлекеттік меншік басқа меншік түрлерімен салыстырғанда тиімді болуы мүмкін. Ол оның атқаратын қызметімен: жалпы қоғамның экономикалық даму стратегиясының қалыптасуы, экономиканың салалық құрылымының оңтайландырылуы нәтижесінде адамға бағытталған ең тиімділікке қол жеткізу арқылы сабақтастырылады.

Жеке меншіктің дамуы ХІХ-шы ғасырдың екінші жартысының ортасына дейін жүзеге асты.  Батыстың экономикалық теория мектебі «жеке» термин ретінде кез-келген мемлекеттік емес мүлік, шаруашылық, кәсіпорынды түсінген. Жеке меншік ұғымы тұрғысынан өз еңбегімен жасалған жеке еңбектік және еңбектік емес меншікке бөліп қараймыз. Соңғысында заңды негізде жасалған жер учаскесі табысы жалға берілген басқада қозғалмайтын мүлік, банкке салынған пайыз бойынша және басқа көздер (жәрдем ақы, стипендия, зейнет ақы және т.с.с.) есебінен жасалады.       Жеке меншіктің даму кезеңінде еркін бәсеке барынша қарқындап, жеке кәсіпкерлердің өндіріс тиімділігін көтеруге және тұрғындардың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға итермелейді. Сондай-ақ оның теріс тұстары байқалады: артық өндірудің экономикалық дағдарысы, жеке меншік – бұл билеп-төстеушінің, ешкім шектемейтін иегердің (иегердің өз еркі ғана бәрін шешеді) меншік өнімімен байланысты еді. Сондықтан, мемлекеттің араласуы қажет болады. Қазіргі өркениетті қоғамда меншік иесі мінез-құлқының белгілі ережелері жасалған, сонымен қатар артық өндіру экономикалық дағдарысын ескерту туралы шаралар қарастырылған. Жеке меншік жаңа бағыт алуда және оның келешегі алда.
Қазіргі әлемдік қауымдастықта жеке меншіктің, мағынасы  өзгерді. Қазіргі уақытта жеке меншік жекеленген (еңбектік және еңбектік емес) ғана емес, сондай-ақ ұжымдық (топтық ), акционерлік және кооперативтік түрде – меншік иесі ұжымдарын біріктіретін болады».[15] «Қоғамдық меншіктің мемлекеттік және ұжымшарлық формаларының кеңестік моделінің тәжірибесі қоғамдық өндірісті осылайша ұйымдастырудың тиімсіздігін байқатты. Кеңестік практикада шынайы қоғамдастыруды мемлекеттендіру деп түсініп, тауар-ақша, нарықтық қатынастардың заңдылықтары бұзылды. Ең соңғы уақыттарға дейін халық шаруашылығының барлық салалары кәсіпорындарының абсолютті көпшілігі мемлекет меншігіне қарады. Мемлекеттік кәсіпорындар директивті жоспарлар бойынша, нұсқаулар бойынша жұмыс істеді, мұндай кәсіпорын басшылары жоғары тұрған инвестициялардан қосымша қорлар мен қаражатты, жеңілдік кредиттерді және т.б. өтіне сұрап алды. Енді акционерленген және жекешеленген кәсіпорындар тек өз күштеріне ғана сенетін болды. Мемлекеттік кәсіпорын айталық, өзінің айналмалы қорын толықтыру үшін ақшаны ешқайдан ала алмайтын күйге көшті, қаражатты олар өз еңбегімен табуы қажет. Акционерлік қоғам болса, мемлекеттік кәсіпорыннан түбегейлі түрде ерекшеленеді. Ол өзінің жарғылық капиталын көбейте алады, акцияларға ашық жазылуды жариялауға мүмкіндіктерге жол ашылады. Әрбір кәсіпкерлік ақшасын салымдап, дивиденттер алу үшін акциялар сатып алады – бұл нарықтық экономикаға тура  жолдың өзі.

Мемлекеттік бөлу жүйесін күйретімен байланысты меншік қатынастарындағы түбегейлі өзгерістер өндірушілер ен тұтынушылар арасында әрсыңайлы делдардың пайда болуына әкелді. Олардың саны кейбір жағдайларда 10-ға дейін жетті. Сөйтіп, нарықтық бағалар бойынша сатылған тауарлардан түскен пайданың едәуір бөлігі делдалдық құрылымдарда қалып, өндірушілерге өздерінің жасаған пайдасынан болмашы ғана үлес тиді.

Жаңа меншік қатынастары қалыптаса бастаған өтпелі кезеңде бұрынғы мемлекеттік монополия жұрнақтары кездеседі, сондақтан монополды сауда құрылымдарында пайданың үлкен бөлігі қалады. Осыған байланысты мемлекет саудаға қатысты арнайы антимонополдық арнайы шаралар қабылдауы қажет, соның ішінде өндірістік-техникалық сипаттағы өнім саудасында монополияға қарсы шаралар жиынтығын қолданған жөн болар еді.

Саудадағы монополизмді баламалы сауда жасау арқылы еңсеруге болады. Кейбір ресейлік кәсіпорындардың тәжірибесіне қарасақ, делдалсыз, өзіндік өткізу тораптарын құру едәуір тиімділігін байқатты.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша, мемлекет экономикалық қатынастарды заңнамалық реттеуді жүзеге асырады, барлық меншік субъектілерінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Жас мемлекеттің негізгі заңында алғаш рет жер, оның қойнауы, өсімдік және жауарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар тек қана Қазақстан Республикасының меншігінде ғана болады деп бекітілген. Осыған байланысты айтарымыз, кейбір экономистер жерді тауарға айналдыру жолымен осы нарықтық қатынастарға қосу арқылы еркін саудаға енгізіп, жеке меншікке беру керектігін қолдайды. Меншіктің жекеше формасына қарсы шығатын марксистік теорияға сәйкес жерге жеке меншік абсолютті рентаны туындатады да қоғамның иығына қосымша ауыртпалық түсіреді. Рентаға байыған жер иеленуші қоғам есебінен арамтамақтанады, сондақтан жерді ұлттандырып, қоғамдық меншікке беру қажет».[16]

  1. Жекешелендірудің экономикалық мағынадағы түсінігі мен мемлекеттік меншікті жекешелендіру. ҚР-да меншіктік қатынастарының құрылуы.

«Тұтастай мемлекеттік меншіктің тиімсіздігі Қазақстанның нарық экономикасына көшу кезеңінде анық көріне бастады. Нарық экономикасының қалыптасуы Қазақстанда меншік қатынастарын қайта құру қажеттігін көрсетті. Ол мемлекет қарамағынан алу және жекешелендіру жолымен жүргізіледі.

«Мемлекет қарамағынан алу» түсінігі меншік қатынасымен шектелмейді. Ол «жекелендіру» түсінігінен әлдеқайда кең. Экономиканы мемлекет қарамағынан алу өндірісті басым мемлекеттік-директивтік реттеуден нарықтық тетіктер негізінде реттеуге көшуді білдіреді. Мемлекет қарамғынан алу кезіндeгі мемлекеттің қызметі мен экономикалық рөлі өзгереді:

  1. Мемлекет тікелей шаруашылық субъектісі болмай қалады:осы ережені сақтауды қамтамасыз ететін, тетіктер мен экономикалық ойындар ережесін құрады.
  2. Мемлекеттік жоспарлау директивтік емес, индикативті сипаттамада болады.
  3. Мемлекеттік баға қою тауарлар мен қызмет көрсетулерге нарық талабы бойынша нарықтық баға қоюға орын береді. Қазақстан заңдарында мемлекет қарамағынан ауылшаруашылық басқару мен оған сәйкес өкілдіктердің қызметтерін тікелей шаруашылық жүргізуші субъектілерге берумен мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекет иелігіне алып кайта құру анықталады». [17]

«Кәсіпорын – халық шаруашылығының бастапқы ұясы. Материалдық және материалдық емес игіліктер, қызмет көрсету кәсіпорындарында жасалады. Сондықтан, кәсіпорындар экономикасы олардың орталықпен, банктермен және басқа несие беретін мекемелермен қарым-қатынасы өтпелі кезеңдегі теория мен практиканың қатты көңіл бөлетін нысанасы болуы керек. Бұл орайда кәсіпорын іс-әрекетінің тиімділігін арттыру үшін олардың мәртебесін өзгерті қатаң жұмыс ырғағы бар мемлекеттік кәсіпорындарды біршама кең көлемді дербестікке ауыстыру керек.

Кәсіпорындарды беймемлекеттендіру кезінде ең қиын іс оның әдістері мен түрлерін (акцияландыру, жекешелендіру, жалға беру, т.б.) анықтау ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік және жергілікті басқару мекемелерімен кәсіпорын арасындағы қарым-қатынас механизмін жасау болып табылады.

Әңгіме ең алдымен басқарушылардың жұмыс істеу қабілеттілігіне қатысты болып отыр: біріншіден, дербестік жағадайда басшы өзі ғана шешім қабылдауы қажет, екіншіден, өз қарамағындағы қызметшілердің жаңа бастамалар көтеруін үнемі қолдап отыруы тиіс, үшіншіден, рынок жағдайында өнімді көп шығару оның өтімділігінің кепілдігі болмайтындығын ескеріп, сұранысты зерттеп отыру керек». [18]

«Мемлекет иелігінен алу, оның билігін шектеу – бұл өндірісті тікелей мемлекеттік-әкімшілік реттеуден басым түрде нарықтық механизмдер негізінде реттеуге көшу.

Мемлекет иелігінен алудың нәтижелері: біріншіден, меншік құрылымы жеке меншік пайдасына қарай өзгереді және қоғамдық құрылым қысқарады. Екіншіден, мемлекеттің экономикалық рөлі мен қызметі өзгереді: мемлекет шаруашылық жүргізуші тұлға болмайды және экономикалық процестерді директивалар арқылы емес, өмірдің экономикалық жағдайларын өзгерту арқылы реттейді, міндетті мемлекеттік тапсырыстардың орнына мемлекеттік сатып алулар келеді; асыру міндетінен босайды; біртіндеп сыртқы экономикалық қызметке мемлекеттік монополия жойылады». [19]

«Жекешелендіру – бұл мемлекеттен заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік меншіктегі объектіні сатып алуы.

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің негізгі бағыттары:

— ірі және сирек мүлікті кешендерді жеке жоба  бойынша жекешелендіру;

— орташа кәсіпорындарды жаппай жекешелендіру;

— аукциондар мен конкрустар арқылы жүзеге асатын кіші жекешелендіру, сауданың шағын кәсіпорындары, коммуналдық шарушылықтар, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері.

Жекешелендіру әдістері:

  1. Мемлекеттік жэне муниципалды кәсіпорындардың акционерлік қоғамдарға айналуы;
  2. Кәсіпорындарды аукциондарда сату;
  3. Конкурс бойынша мемлекеттен кәсіпорындарды сатып алу». [20]

«Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің түбегейлі айырмашылығы мынада: егер жекешелендіру процесінде мемлекеттік меншіктің субъектісі міндетті түрде өзгерсе, мемлекет иелігінен алу процесі олай болмайды.

Жекешелендіру, дүние жүзі экономикасына тән процесс. Оның негізгі мақсаты екі мәселені шешуге бағытталған:

1) бюджет тапшылығын кеміту;

2) ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру.

Жекешелендіру – нарықтық қатынасқа өтудің түбірлі мәселесі. Ол жеке меншік секторы мен акционерлік қоғамдардың және бірлескен кәсіпорындардың алдыңғы позицияларды алуын көрсететін қозғалысты анықтайды. Оның жүргізулі нарықтық қатынастық пәрменділігіне байланысты болады. Жекешелендіру – меншіктің барлық түріне – мемлекеттік, ұжымдық және жеке меншіктің теңдігі мен құқығына қалыпты жағдай жасайды. Адамдарға меншікті қайтарумен байланысты өндірушілерден бәсекелесуге жарамды өнім түрлерін өндіруге деген ынтасының арта түсетініне сенім білдіруге болады.

Жекешелендірудің ең қарапайым түрі өнім шығаратын кәсіпорындарды (өндірістік кешен ретінде) сату. Бұл жағдайда сатып алушы толық меншік иесі болады. Тағы бір қарапайым формасы кәсіпорын мүліктерін түгелімен бөліп беру. Бұлардың күрделі формасы мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамға және жауапкершілігі шектеулі қоғамға (серіктестікке) айналдыру.

Жекешелендірудің субъектісі физикалық мағынада — жеке азаматтарды, заңдық мағынада – кәсіпорындар мен ұйымдар. Бірінші жағдайда мемлекет меншігі жеке меншікке ауысады. Дамыған елдерде жеке меншік негізгі өндірістік қорлардың 5-13 процентіне иелік етеді. Ал акционерлік қоғамдар меншіктің басым бөлігіне ие болып отыр. Жекешелендіру субъектісі еңбекшілер ұжымы болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда ұжымдық (халықтық) кәсіпорын идеясы орын алады.

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің объектісі мемлекеттік мүлік, оның ішінде өндірістік, материалдық айналым қорлары, мемлекеттік кәсіпорындардың қаржы активтері, тұрғын үй қоры т.б. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік меншіктің басым көпшілігі жаңа субъектілерге көшуі тиіс. Сонда ғана қоларды сапалы пайдалану арқасында ұдайы өндірудің экономикалық тиімділігі мен әлеуметтік әділеттілік ұштасатын болады. Мемлекеттік меншікті үлестіре салу оңай мәселе емес, ол үлкен талдауды қаже етеді. Бұл арада қиындықтар да, жоғалтулар да орын алуы әбден мүмкін. Нарыққа көшу іскерлікті де, тәуекелділікті де қажет етеді. Дамыған демократиялық қоғамдардың әлеуметтік базасы орта тап өкілдері. Міне, осылардың қатары неғұрлым көп болса, соғұрлым қоғамның саяси-әлеуметтік тұрақтылығы да баянды болып нығаяды. Мемлекет меншігіне орта таптың иелік етуі дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғанындай экономикалық жағынан тиімді болады. Міне, сондықтан да тәуелсіз мемлекетіміздің егемендігін баянды етуін, күш-қуатын арттырудың маңызды факторлары жүріп жатқан экономикалық реформаларды тереңдету болып отыр. Бүгінгі күннің өзекті проблемасы Қазақстанның нақты экономикалық және ғылыми-техникалық тәуелсіздігіне жету. Егеменді экономикалық мағынада жүзеге асыру ең алдымен ұлттық  нарықты құрумен тікелей байланысты. Міне, сондықтан да біздің қоғамымыздың даму қажеттілігі ұрғысынан экономикалық реформаның өзекті мәселесі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру болып отыр». [21]

«Қазақстанда қабылданған 1993-1995 жылдарға арналған мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасында мемлекеттік меншікті одан әрі өзгертудің жолдары айқын белгіленген. Бұл негізінен бірнеше принциптерді қамтиды. Атап айтсақ жекешелендірудің мақсаты әлеуметтік әділеттілікті сақтау, жаппай жекешелендіру барысында азаматтардың мемлекет меншігіндегі өз үлестеріне құқылығын сақтау және т.б. Тағы бір мәселенің басын ашып айтсақ, мемлекет иелігінен алу бар да, жекешелендіру бар. Мемлекет иелігінен алу дегеніміз мүлікті мемлекеттің басыбайлы меншігінен алып, оның иелері қатарына меншіктің басқа да түрлерін енгізу, мәселен, мемлекеттік зауыт енді акционерлік компания болуы мүмкін. Ал жекешелендіру дегеніміз — әр адамға меншік беру деген сөз. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің бірінші кезеңі біз күткендей нәтиже бермеді. Сансыз кедергілерге тап болып, қолды бір сілтегендер де, әсіресе ыңғайын таппай, әрі-сәрі күйін кешкендер де жетіп жатыр. Ал енді осы шақтағы бейберекетсіздік пен бақылаусыздықты, ақшаның құнсыздануын, бағаның тұрақсыздығын пайдаланған алып сатарлардың қаптап кеткені қынжырарлық жәй. Осындай бұра тартушылық пен жасырын жекешелендірулік басым түскен бірінші кезең де аяқталды. Осы бірінші кезеңде ұжымдық меншік деген пайда болды. Ұжымдық меншік дегеніміз де иесіз меншікке айналды. “Бәрі де біздікі – бәрі де менікі” деп айтқанымызбен сол меншіктің нақты жағдайы үшін жауап беретін адам табылмай қалды, мінеки, сөтіп үлкен ағаттық жасалды. Кей жерлерде кеңшарларды жекешелендіру барысында маңдайшадағы жазуды “ұжымдық” деп ауыстырумен тындық. Ең тиімсіз берекесіз жұмыс істегендер де осы топтағылар болды. Байқасақ, ұлттық бағдарламада агроөнеркәсіп кешенін жекешелендіру баптары өзінше бөлек жасалған. Себебі, агроөнеркәсіп кешенінде қалыптасқан өте күрделі мәселелерді ескеру қажет болды. Әр адам өз үлесін алсын. Ал ары қарай жеке дара тірлік ете ме, жоқ, әлде ұжымдық шаруашылық құра ма өздерінің еркі білсін. Ұжымдасып отырған адамдарды ешкім күштеп тартпайды. Ал өзіне өзі сеніп, жеке шығам дегендеріне де кедергі жасамау керек. Жекешелендірудің алдында барлығымыз бірдейміз, маман да, шопан да, жұмысшы да т.б. Бұдан біраз бұрын еңбек стажына сәйкес әр адамға тұрғын үй купондары есептелді. Әр адамға 100 купон – қалада,  120 купон — ауылда инвестициялық купондар берілді. Міне, мемлекеттік тең мүмкіндік беруі осы, мемлекет бағыт сілтейді, басқа да ұйымдық шараларын жүргізеді. Ал әрі қарай сол тең мүмкіндікті қалай жүзеге асыру бұл әркімнің міндеті». [22]

«Қазақстан Республикасы дүние жүзілік тәжірибені ескере отырып, 1991 жылы жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу процестерін бастады. Бұл процестер төрт кезеңді қамтыды.

Жекешелендіру мен мемлекет елігінен алу процестерінің I кезеңі 1991-1992 жылдар аралығын қамтыды. Бұл кезеңде Республикада жекешелендіру процестерінің алғы шарттары және бағдарламасы жасалады. Бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік кәсіпорындар жеңілдетілген талаптармен еңбек ұжымдарына берілді, ал сауда және қызмет көрсету объектілері сату негзінде жекешелендірілді.

Жекешелендірудің II кезеңі (1993-1995 ж.ж.) Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылы 5 наурыз айындағы жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы 1993-1995 жылдардағы мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы» негізінде жүзеге асырылды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты- орталықтанған- жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға қажетті жағдайлар жасаудың және мемлекеттің иелігіндегі өндірістік объектілерді, басқа да материалдық және материалдық емес активтерді ақылы немесе ақысыз негізінде республика халқына қайтаруды көздеген.

Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін келесі негізгі міндеттерді орындау көзделген:

— мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлеу арқылы нарыққа бағытталған шаруашылық құрылымдарын қалыптастыру, мемлекет меншігінің шағын объектілерін жекешелендіруді, қалың бұқара топтарының жекешелендіру процестеріне қатысуларына жағдай жасайды;

—  тиімді шаруашылық субъектілері ретінде жеке меншік иелері қалыптастыруды;

—  шағын және орта бизнесті дамытудыжәне т.б.

Бағдарламада мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің келесі негізгі бағыттары анықталған:

— ірі және бірегей мүлік кешендерін жеке жобалар бойынша жекешелендіру;

— жұмысшылар саны 200-ден 5000-ға дейін жететін орташа кәсіпорындардың көпшілігін инвестициялық жекешелендіру купондары арқылы жаппай жекешелендіру;

— 200-ге жуық жұмысшылар бар кәсіпорындарды, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда шағын кәсіпорындарын жекешелендіру ;

— ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындарды жекешелендіру.

1996 жылы ақпан айында Қазақстан Республикасындағы 1996-1998 жылдарға арналған жекешелендіру  туралы ІІІ бағдарлама қабылданды. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мына шараларды өткізуді көздеді:

Жартылай жекешелендірілген кәсіпорындардың мемлекеттік акциялар пакетін, сондай-ақ, шағын жекешелендіру шеңберінде ІІ кезеңде сатылмай қалған объектілерді жекешелендіруді (ақшаға сату арқылы) аяқтау;

— жеке жобалар бойынша мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіруді жүзеге асыру;

— бұрын жекешелендірілмеген кәсіпорындарды жекешелндіру процесіне енгізу;

— экономиканың кейбір секторларын жекешелендіру жоспарларын жасау және жүзеге асыру жолдарын қарастыру;

— шетел капиталының қатысуын ұлғайтуды.

Жаңа бағдарламаның негізгі бағыты жеке жоба арқылыжекешелендіру:

— жеке инвесторларға келісілген шарттар негізінде сатуды;

— аукцион және конкурс негізінде сатуды;

— басқарутуралы келісім-шарт жасауды;

— акцияларды ашық түрде сатуды көздеді.

ІV кезең 1999-2000 жылдар аралығын қамтыды және Қазақстан Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 1-маусымдағы 683-қаулысымен бекітілген «1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру  және мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру туралы» бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылды.

1991-2000 жылдары Республикада 34,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік объектілері, соның ішінде  1991-1992 ж.ж. 6,2 мың объектілері ресей рубліне жекешелендірілсе, 28 мың 1993-2000 ж.ж. аралығында ұлттық валютаға сатылды. Осы кезеңде жекешелендіруден 215,4 млрд. теңге алынды». [23]

«Қазақстан Республикасындаменшіктің алуан турлері мен нысандарын қалыптастыру меншікті қайта құру жолымен жүзеге асырылады. Меншік туралы заңның 1-бабында, мемлекет иелегінен алу – мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық басқару міндеттерін және тиісті өкілеттіктерін тікелей шаруашылықты жүргізуге субъектілерге беру арқылы қайта құру деп көрсетілген. Ал жекшелендіру мемлекеттік меншік объектісін азаматтардың және басқа да заңды тұлғаларының жеке меншігіне беру (сату) дегенді білдіреді». [24]

  1. Экономикалық жүйе типтеріне түсінік беру.

«Экономикалык жүйенің негізгі шешетін сұрақтары: Не өндіру? Қалай өндіру? Кім үшін өндіру?

Экономикалық жүйелердің айырмашылығы осы сұрақтардың жауабына байланысты. Экономикалық жүйелердің келесі типтері бар:

—  Дәстүрлі жүйе, технологиясы ескі көбінесе кол еңбегі, көп укладты  экономика,  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  салт- дәстүр артта қалған мемлекеттерде кең пайдаланылады.

—  Әміршілдік-экономикалық жүйе — өндіріс, болу, тұтыну сұрақтарында мемлекеттің шешім қабылдауы.

—  Нарықтық  экономикалық  шаруашылық  сұрақтарын  әрбір  экономикалық  агент  өзі  шешетін  жүйе.  Ол еркін кәсіпкерлік,  бәсекелестік  және  жеке  меншікке  негізделген.

— Аралас экономика  негізгі  экономикалық  проблемаларды шешуде мемлекет те, жеке сектор да жоғары орында тұратын экономикалық жүйе». [25]

«Негізінде түрлі критерийлер жататын экономикалық жүйелердің 3 жіктелімі бар.

1 жіктелім – ашықтық дәрежесі бойынша. Ол бойынша былай бөліп көрсетеді:

Экономикалық жүйе ашық және жабық түрде болады.

Ашық экономикалық жүйе – ол әлемдік шаруашылық байланысы жоғары деңгейдегі мемлекеттер экономикасы.

Жабық экономикалық жүйе – ол сыртқы әлеммен экономикалық байланыс төмен немесе мүлдем жоқ мемлекеттер экономикасы.

2 жіктелім. Оның негізінде меншік қатынастары мен экономикалық байланыс нысандары сияқты критерийлер жатады. Осы критерийлер бойынша экономикалық жүйелердің келесі типтері бар:

  • Дәстүрлі жүйе, технологиясы ескі көбінесе кол еңбегі, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр Бұл экономикалық жағынан артта қалған мемлекеттерде тән экономикалық жүйе.
  • Командалық (әкімшіл-орталықтандырылған немесе жоспарлы) экономикалық жүйе — өндіріс, бөлу, тұтыну сұрақтарына мемлекет шешім қабылдайды.
  • Нарықтық ) экономикалық жүйе экономиканың шаруашылық сұрақтарын әрбір экономикалық агент өзі шешетін жүйе. Ол еркін кәсіпкерлік, бәсекелестік және жеке меншікке негізделген.
  • Аралас экономикалық жүйе ─ экономиканың негізгі экономикалық мәселелерін шешуде мемлекет те, жеке сектор да жоғары орында тұратын экономикалық жүйе.

3 жіктелім өнеркіспік төңкеріс және ҒТР (ғылыми техникалық революция) сияқты сипаттарға негізделген. Бұл жіктеу бойынша үш экономикалық жүйені бөліп көрсетеді.

Индустрияға дейінгі жүйе – бұл ауылшаруашылығы, шаруашылық жүргізудің табиғи нысаны және қол еңбегінің басымдылығымен сипатталатын жүйе.

Индустриялды экономикалық жүйе – ірі машиналық өндіріске негізделген, дамыған ақша-тауар қатынастары бар жүйе.

Постиндустриалды экономикалық жүйеде басты ресурс – ақпарат, экономиканың жетекші саласы – өндірістік емес сала, ал экономикалық дамудың мақсаты – адам және оның өзіндік мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау болып табылады». [26]

«Күнделікті экономиклық өмірде адамдар арасындағы қатынастар әрқашан   да  белгілі экономикалық жүйе ретінде қызмет жасайды. Экономикалық жүйе  — бұл экономикалық процестердің жиынтығы. Ол қалыптасқан мүліктік қатынастар мен ұйымдық түрлер негізінде қогамда жүзеге асады.   Әлемдік экономикалық әдебиеттерде экономикалық жүйені топтаудың кең таралған екі фактор негізінде жүргізіледі:

  1. Меншік типтері бойынша;
  2. Экономиканы ұйымдастыру типтері бойынша.

Осындай әдістер негізінде экономикалық жүйені төмендегідей типтерге бөледі:

 а) дәстүрлі экономика;

 ә) әкімшілдік — әміршілдік экономика;

 б) еркін бәсекелестік (таза капитализм) нарықтық эконмика;

 в) қазіргі нарықтық экономика (қазіргі капитализм) немесе аралас экономика.

 Енді осы типтерге толығырақ тоқталайық.

 а) дәстүрлі экономика тұйық, оқшау шаруашылыққа негізделелі. Ұрпақтан ұрпаққа

беріліп отырған дәстүр мен салт, қандай тауарды қалай, кім үшін өндіру арқылы анықталады». [27]

«Нені? Қалай және кім үшін өндіру керек? Бұл проблемалар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған дәстүрлі салт бойынша белгіленеді. Мұнда, құрал-жабдықтар мен техниканы пайдалану, айырбастау өндірілген өнімді бөлу ұзақ мерзім құрметтеліп келген әдетке негізделген. Әрбір адамның экономикалық рөлін өз шыққан тегіне тартушылық және қоғамның ерекше топтары анықтайды. Бұл жүйе экономикалық өмірге әр түрлі техникалық және басқару жаңалықтарын енгізуді қатал шектейді. Себебі олар қалыптасқан дәстүрмен қайшылыққа түседі және қоғамдық құрылыстың тұрақтылығына қауіп төндіреді. Экономиканың осы түрі бұрынғы заманға қарағанда, Азия, Латын Америкасы мен Африка елдерінде қазір өте сирек кездеседі». [28]

«ә) еркін бәсекелестік нарықтық экономика ресурстарға жеке меншіктік және тауар өндірушінің еркін бәсекелік механизмімен сипатталады. «Тұлға өзінің барлық материалдық және рухани мүмкіндіктерін өз пайдалығы үшін қолдануға тырысады. Ол күнделікті өмірде қоғам үшін пайда келтіруді ойламайды. Адам тек өзінің мүддесін көздейді, бірақ бұл жағдайда көптеген басқа кездегідей, ол көрінбейтін қолмен, мақсатқа қарай бағыттайды және оның ойында бұл боғандай емес. Өзінің ойлаған мүддесін тіпті саналы түрде көздегенмен де, ол қоғам мүддесіне батымды – ақ жиі қызмет жасайды».

%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%82%d0%b5-103

Мұндай экономика ең идеалды экономика ретінде қарастырылады. Еркін (либералды) нарықтық экономиканың негізін қалаушы А.Смит болды. Ол нарықтық экономикаға барынша еркіндік беру қажет деп есептеді. Алайда еркін нарықтық экономиканың нақты қызмет атқаруы көрсеткеніндей, оның бөлінбес серігі – артық өндіру экономикалық дағдарысының үнемі туындауы болып келеді. Экономикалық дағдарыстар тарихын зерттеуі көрсеткендей, олар 1825 жылдан бастап үнемі әрбір 8 – 10 жылда қайталанып отырады. Дағдарыс кезінде саудада тоқырау басталады, нарыққа өтпейтін өнімдер мөлшері көбейіп кетеді, қолма – қол ақшалар айналымнан жойылады, зауыт пен фабрикалар тоқтатылады және жұмысшылар жұмыссыз қалады. Тоқырау жылдарға созылады және экономика бүлінеді». [29]

«Осы заманда қоғам алдында туындаған басты экономикалық мақсатты саралау аса маңызды мәнге ие: сондай мақсаттардың ішінен мыналарды айтуға болады:

  1. Өндірісті мол да сапалы тауарлармен, қызметтермен қамтамасыз ету жағдайындағы экономикалық өсу, яғни жоғары өмір сүру жағдайына қол жеткізу;
  2. Толық жұмыспен қамту, яғни жұмысқа ынталы және қабілетті адамдардың барлығына лайықты жұмыс тауып беру;
  3. Шектеулі өндірістік ресурстардан аз қалдықпен жоғары өнім алуға тырысатын экономикалық тиімділік;
  4. Бағаның тұрақты деңгейі мен валюталық тұрақтылық, яғни инфляция көрсеткіші болып табылатын, бағаның жалпы деңгейін өрескел көтеруден сақтану қажеттілігі». [30]

«б) әкімшілдік — әміршілдік экономика. Нарықтық экономикадағы еркін бәсеке және оны тереңірек талдау құбылысы әкімшілдік — әміршілдік экономика теориясының пайда болуына ықпал етті. Әміршілдік экономика теориясының ұраны: «Қазіргі өндіргіш күштермен олардың ұғыну бейнесінде, тіпті табиғатымен қарау байқалады. Өндірістегі қоғамдық анархия өндірісті қоғамдық – жоспарлы реттеумен алмастырылады».

Әкімшілдік — әміршілдік экономиканың нарықтық экономикаға қарағанда артықшылығы мынада: ол ашық түрде жұмыссыздықты, өндірістің тым құлдырауын болдырмайды. Ал қиын шешуші кезеңде елдің материалдық, еңбектік және ақша қорларын ірі халық шаруашылығының міндеттері мен бағдарламасын жүзеге асыруға шоғырландырады және жұмылдырады. Сондықтанда жоспарлау жүйесін қоғамдық меншікке негізделген социалистік елдер ғана емес, жеке меншікке негізделген кейбір капиталистік елдерде қолданады. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде бұл гитлерлік Германияда байқалды.

Әкімшілдік — әміршілік экономиканың олқылықтары мынадан байқалады.

Біріншіден, барлық шаруашылық сауалдарын көп сатылы бюрократ – тық инстанциясы арқылы шешу қажет болды. Олардың келісімін алуға  көп уақыттың кетуі – барынша кедергі болып табылады. Мұндағы басты мақсат – жаңа өнімді шығару қажеттілігі, жаңа техника мен технологияны ендіру болмақ. Ал келісімге кеткен уақыт бұған кедергі жасайды. Екіншіден, кәсіпорын жоспарының орындалуы туралы тұтынушы алдында емес, жғары жақтағы орталық ұйымдар алдында есеп береді. Кәсіпорын есебі бұрыстау, боямалы ақпараттан құрылады. Сондықтан да орталық ұйымдар экономика және тұтынушылардың қажеттілігі туралы көбіне нақты көзқараста бола алмайды.

Осының барлығы әкімшілдік — әміршілдік экономиканы тиімсіз етеді және оны әртүрлі тапшылыққа алып келеді.

в) қазіргі нарықтық экономика аралас экономика болуда. Аралас нарықтық экономика дегеніміз не? Американ экономисі Пол Самуэльсон былай деген: «Аралас экономика өмірдің нашарлауын жалпы сауықтырудың нақтыланған алып жүйесі болып табылады», әрі қарай ол: «Аралас экономика – бұл нарықпен, бұйрық, дәстүр элементтерімен бірге болатын экономика» — дейді.

Аралас нарықтық экономика теориясының түп тұлғасы болып «конвергенция» теориясы (авторы – Нидерланд экономикалық мектебінің профессор – экономисті Ян Тинберген) және «жаңа индустриалды қоғам» теориясы (авторы – Гарвард институтының профессор – экономисі Джон Кеннет Гэлбрейт) жатады. Дж.Гэлбрейт «жаңа индустриалды қоғамды» аралас экономиканың ерекше бір типі ретінде қарастырып оның нақты және жоспарлы жүйеден тұратынын айтқан.

Аралас экономикада «нарықтық механизм баға мен көптеген саладағы өндірісті анықтайды, олай болса, мемлекет нарықты салық салу, шығынмен реттеп отырады» — деп жазған болатын Пол Самуэльсон.

Әлеуметтік аралас нарықтық экономика териториясының негізін қалаушы герман экономисі, Фрайбург университетінің профессоры Ойкен Вальтер (1891 – 1950 жж.) болып табылады. Оның тұжырымдамасының құрамдас бөлігі: әлеуметтік қорғаудың толығырақ жүйесін мүмкіндігі келгенше нарықтық экономикаға қол жеткізу негізінде жасау болмақ. Бұл тұжырымдаманың ұраны мынау: «…адамды экономикалық саясатқа емес, экономикалық саясатты адамға бейімдеу».

 Аралас әлеуметтік бағытталған экономикалық саясатқа емес экономикаға мысал ретінде «швед моделі» жатады. Мұнда барлық негізгі қордың 4% — ы мемлекеттің қолдануында болады, ал барлық мемлекеттік шығындардың жартысы әлеуметтік мақсатқа бағытталады.

 Іргелі әлеуметтендіру қорытындысы мынада: «өндірістің қызметі көбінесе жеке кәсіпорынға жүктеледі, себебі бәсекелестік негізде іс — әрекет жасайды. Ал, жоғарғы деңгейде өмір сүру қызметін қамтамасыз ету (барлық әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде мынандай саланы – жұмыссыздық, әлуметтік сақтандыру, білім, көлік, байланыс, ғылымды қосқанда) мемлекетке жүктеледі».

Қазақстан Республикасы қалыптасуы мен дамуының стратегиялық мақсаты аралас әлеуметтік бағытталған нарықтық экономика болып табылады. Ол бәсекелестік бастауға, меншіктің негізгі түрлерін араластыра — өзара іс — әрекетке негізделеді. Олардың әрқайсысы жалпы экономикалық және әлеуметік өзара байланыс жүйесінде өз қызметтерін атқарады.

Қандай да бір экономикалық жүйедегі әртүрлі меншік түрлерінің арақатынасы қандай боолу керек? ХІХ – шы ғасырдың ІІ – ші жартысына дейін өмір сүрген еркін нарықтық экономика дәуірінде (монополистік капитализмге дейінгі жүйе), ұсақ жеке меншік артығырақ сипатқа ие болады. Ұсақ кәсіпкерлер өзара еркін бәсекелесті. Бұл еркін бәсеке дәуірі еді. ХІХ – шы ғасырдың ІІ – ші жартысынан бастап ҒТР – ның әсерінен акционерлік (корпоративтік) қоғам түрі қалыптаса бастады. Ал, ХХ – шы ғасырдың басынан мемлекеттік меншік үлесі кәдімгідей өсе бастады.

 Қазіргі уақытта жетілмеген (еркін емес) бәсеке жағдайында, нарықты реттеу дәуірінде меншік түрлерінің құрылымы кәдімгідей өзгерді: жеке меншік 30 – 35 % көлемін, корпоративті (ұжымдық) меншік көптеген бөлігін, яғни 50% – ын және мемлекеттік меншік 15 – 20% — ды құрайды.

 Мемлекеттік меншіктің үлесі көбінесе елдің экономикалық даму ерекшелігімен анықталады». [31]

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. А.Б. Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 32-бет;
  2. Әкімбеков С., Баймұхамбетова А.С., Жанайдаров У.А. «Экономикалық теория» (Оқу құралы) Астана 2002, 462-бет;
  3. Г. Жолдасова «Экономика негіздері» (Оқу құралы), «Фолиант» баспасы, Астана -2008, 35-бет;
  4. С.С. Мәуленова, С.К. Бекмолдин, Е.Қ. Құдайбергенов «Экономикалық теория» (Оқу құралы) 1-бөлім, Алматы Экономика 2004, 39-40-бет;
  5. С.М. Мұсабеков, «Экономикалық теория», Алматы 2005, 30-бет;
  6. А.Б. Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 37-38-бет;
  7. Суханов ЕА. Лекции о праве собственности.-М.,1991., 35-бет;
  8. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин «Жалпы экономикалық теория» Ақтөбе – 2004ж., «А-Полиграфия», 22—бет;
  9. Я. Әбубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е. Байжұмаев, С. Досқалиев, Ж. Жәйшібеков «Экономикалық теория негіздері», Алматы «Санат» 1998, 175-176-бет;
  10. Cахариев С., Сахариева А.С. «Жаңа кезең – экономикалық теориясы»,Алматы 2004, 32-бет;
  11. Суханов ЕА. Лекции о праве собственности.-М.,1991., 40-бет;
  12. Я.Ә. Әбубәкіров, Б.Б. Байжұмаев, Ф.И. Жақыпова, Т.П. Табаеев «Экономикалық теория», Алматы «Қазақ университеті» 1999,30-бет;
  13. Cахариев С., Сахариева А.С. «Жаңа кезең – экономикалық теориясы»,Алматы 2004, 75-бет;
  14. Я. Әбубәкіров «Қазіргі қоғамдағы экономикалық теория» 105-107-бет;
  15. Куликов Л.М. Экономикалық теория. М.,2003.,112-бет;
  16. Я. Әбубәкіров «Қазіргі қоғамдағы экономикалық теория» 105-107-бет;
  17. А.Б.Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 35-бет;
  18. Я. Әбубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е. Байжұмаев, С. Досқалиев, Ж. Жәйшібеков «Экономикалық теория негіздері», Алматы «Санат» 1998, 314-315-бет;
  19. С.М. Мұсабеков, «Экономикалық теория», Алматы 2005, 32-бет;
  20. А.Б.Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 35-36-бет;
  21. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория (Оқу әдістемелік кешен) Астана,2004-248-бет;
  22. Я. Әбубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е. Байжұмаев, С. Досқалиев, Ж. Жәйшібеков «Экономикалық теория негіздері», Алматы «Санат» 1998, 319-320-бет;
  23. С.М. Мұсабеков, «Экономикалық теория», Алматы 2005, 33-35-бет;
  24. Г.Жолдасова «Экономика негіздері» (Оқу құралы), «Фолиант» баспасы, Астана -2008, 42-бет;
  25. А.Б.Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 15-бет;
  26. Кажамкулов Т., «Саяси экономика негіздері» (оқулық), Алматы Қайнар 2001, 98-99-бет;
  27. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин «Жалпы экономикалық теория» Ақтөбе – 2004ж., «А-Полиграфия», 28-32-бет;
  28. Байжұмайев Б.Б. «Экономикалық теория» Алматы, 2001ж., 50-бет
  29. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин «Жалпы экономикалық теория» Ақтөбе – 2004ж., «А-Полиграфия», 28-32-бет;
  30. Байжомартов Ч.С. «Жалпы экономикалық теория» Алматы 1998, 112-бет;
  31. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин «Жалпы экономикалық теория» Ақтөбе – 2004ж., «А-Полиграфия», 28-32-бет;

Құрастырған: Әлжан Айжан

Яндекс.Метрика