ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮЗГЕ БӨЛІНУІ ЖӘНЕ ЗАҢДАР ЖҮЙЕСІ

Біз қарастырып отырған мезгілде қазақ қоғамына байланысты мұндай міндетті мойнына алғандар — белгілі Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар болды. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай деп көрсетеді: «Сол заманда Әбілқайыр хан|Әбілхайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп тұрған еді. Ол Жошы хан ұрпағы сұлтандарға көп жайсыздық туғызып, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған. Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып,Шу өзені өңіріндегі «Қозыбасыны» тапсырған еді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шеті. Олар бұл аймақта бейбіт өмір кешті. Әбілхайыр қайтыс болған соң, Өзбек ұлысы өзара тартысып, араларында көп келіспеушілік туды. Біразы Керей хан мен Жәнібек ханның маңына жиналған еді. Саны екі жүз мыңға жетеді. Олар өзбек-қазақ деп аталды. Яғни, 1465—1466 (1470—1471) жылдары Қазақ хандығының құрылған мезгілі. Ал оның ту көтерген жері —Жетісудың батыс бөлігі, үйсін, дулат, қаңлы тайпаларының дәстүрлі атамекені.

Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті немере, көптеген, аға-Інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы Әдік төре мен Керейдің тұңғышы Бұрындыққа:

—  Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген. Аналар алған.

— Енді сындырыңдар, — деген. Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.

— Енді үшеуден алып сындырыңдар, —деген Жәнібек. Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындырған.

— Енді бесеуден алып сындырыңдар, —деген Жәнібек сұлтан. Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.

 — Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек. Әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған.Тізелеріне де салған, табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.

 — Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп. Сындыра алмайтындарын білсе де, әдік пен Бұрындық тобылғыны оннан алған.Сындырмақ боп әрі-бері мықшыңдап көрген. Күштерінің жетпейтінін білген соң «құрып қалғыр, болатын емес» деп тобылғыларын лақтырып жіберген. Жәнібек үндемей сәл ойланып отырғанда:

 — Міне, ел бірлігі деген осы, — деп сөзін бастаған,— жалғыз адамды жау алады. Ал көп біріксе ешкім де жеңе алмайды. Көп қорқытады.Терең батырады. Егер екі қолдың он саусағындай қазақтың бар рулары қос жұдырық боп түйілсе, қандай жауына болса да қауіпті күш…[1]

Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішісіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан-Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа береді. Бұл қоныстың шеті Қаратал өзенімен, Әбілқайыр қарамағындағы Түркістан өлкесімен бітеді. Жақсылыққа жақсылық, осыншама қоныс алған қазақ рулары, екі елдің бірдей жауы, Моғолстанды шабуға дайындалып жатқан Қытай богдаханы мен Ойрат қонтайшысына қарсы бір мың жақсы жарақтанған салт атты жауынгер шығарады.

Осы ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп,қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын, қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр.Бұл кезең халық рухының лаулаған кезеңі. Әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай қалды. Бұрынғыдай халықты бөліп ұстауға шамалары жетпеді, енді көпшілік ерген Жәнібек ханның соңынан еруге мәжбүр болды.

Хан кеңесінде барлығы келешекте үш жүзге бөлініп, бір ханға бағынуды мақұлдасты. Ұлы жүзге — аға рулар Үйсін, Дулат, Жалайыр, Орта жүзге жер ыңғайына, әдет — ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Кіші жүзге Еділ мен Жайық бойын жайлаған Алшын, Байұлы, Әлімұлы, Жетіру кірсін десті. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі бұл жолы аяқталмады. Арада талай толқу болды. Тек осы мәжілістен алпыс жыл өткеннен кейін, Қасым ханның баласы Хақназар Ханның кезінде ғана бүкіл қазақ рулары ақырғы бітімге келді. Үш жүз боп үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі басқа бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді.

— Үйсіннен Шыққан бабамыз Майқы би Шыңғысханның кезінде-ақ— деді саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын. Отырғандар бір ауыздан дұрыс деп мақұлдасты. Хан төлеңгітінің бір зергер жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін түсірді.

— Жер аймағының айналасы алты айлық, — деді Асан Қайғы сәл жұмылып кеткен көзін ашып. — От ортасында қалың Арғын елі… Арғынатаның белгісі көздесем көңілім көншігер. Отырғандар бір дауыстан тағы да дұрыс деді. Шебер тағы да қолына балғасы мен тескішін алды. Халқымызға жау тисе ең алдыменен атқа қонған жау жүрек Қыпшаққа айбалтаны таңба етелік, — деді қарт жырау. Осылай дәлелдермен Асан Қайғы қазақтың сол кездегі басты қырық руына таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына түсірілді. Халық бұл жерді сол күннен бастап Нұраның таңбалығы деп атады. Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады. Содан кейін барып келесі жаз шыға, қалың қол жинап Орысханның кезінде Ақ Орданың астанасы болған Сығанақтан бастап бүкіл Түркістан жерін жаулап алмақ болып, уәделесіп, ру бастықтары тарасты. «Басымыз бірігіп ел болдық, хан көтердік» деген ру біткеннің игі жақсылары, қараша адамдары мәз — мейрам еді. Тек Алшын адамдарын басқарып келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле — өлгенше ашылмай кетті. Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақ жерін алып, Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын өзіне ақылмен бағындырғанын көзімен көре алмады.[1]

XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы қоныс теуіп, орда тіккен Жетісу жеріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Көшпелі қазақ тайпарарының отырықшы егіншілігі дамыған аудандармен, әсіресе қол өнері мен саудасы өркендеген орталықтармен, Сырдария бойындағы қалалармен сауда-саттық қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Өмір талабына айналып отырған бұл мәселенің дұрыс шешілуіне тек қана көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтағы егіншілік өнімдерін өткізуді аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп,шикізат-жүн,тері,т.б. алуды аңсаған қолөнершілер де, тауарын өткізіп, пайда табуды көздеген саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтарды және қалаларды өз қол астына қаратуға феодалдар тіпті мүдделі еді. Әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығы өз алдына мынандай тарихи міндеттер қойды:

1) Көшпелі шаруалардың жайылымдағы пайдаланудағы Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан тәртібін қалпына келтіру;

2) Шығыс пен Батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орналасқан Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Йасы(Түркістан),т.б. қалаларын Қазақ хандығына қарату;

3) Қазақ хайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық аумағын біріктіру.
Хандардың Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыруы Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сыр бойындағы қалалардың саяси-экономикалық және әскери-стратегиалық маңызы зор еді. Сырдария бойындағы егіншілігі мен қолөнері өркендеген қалалы аудандармен сауда-саттық жасауға тек даланың әкімері ғана емес, Дешті Қыпшақтың шаруалары да ынталы болатын.
Сыртқы саяси жағдай. XVғасырдың аяғында-XVI ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі саяси өмірде айтарлықтай тарихи оқиғалар болды. Темір әулеті Мұхаммед Шайбанимен күресте жеңіліс тапты. Моғолстан хандығы іс жүзінде біреше иеліктерге ыдырай түсті. Шығыс Дешті Қыпшақта Әбілхайыр билігі жойыды. Қазақстан жеріндегі бір кезде әлемді дүр сілкіндірген Алтын Орда хандығы ыдырап,жаңа мемлекеттер-Сібір хандығы,Қазақ хандығы, Астрахан хандықтары тарих сахнасынан орын алды.
Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың мемлекетіндегі ішкі-сыртқы қайшылықтарды толық пайдаланды. Көптен бері Әбілхайырмен билікке таласып келе жатқан Жошы ұрпақтарын, Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханды, ноғайды билеген мырзаларды одаққа тарта отыра, бірлесе күес жүргізді. Әбілхайыр ханның ұрпақтарымен соғыста жеңіске жеткен қазақ хандары Дешті Қыпшақ даласын, ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте хандықтың құрамына қосып алды. XV ғасырдың 70-жылдарында қазақ хандығы Сырдария бойы мен оған жалғасып жатқан Қаратау өңірін басып алды. Нәтежиесінде Қазақ хандығының жер көлемі әлдеқайда ұлғайды, оған тұс-түстан қазақ тайпалары қосылып жатты. Қазақ хандарының Сыр бойындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммет Шайбани ханмен соғысы отыз жылдан астам уақытқа созылды.

Сыр бойындағы қалалар үшін қазақ хандарымен талас-бәсекеге түскендер Әбілхайыр әулеті, Әмір Темір әулеті, Моғолстан ханның ұрпақтары болды. Бұлардың бәрі стратегиалық маңызы зор, берік бекініс-қамалдарды қалаларға арқа сүйей отырып, қазақ даласын басып алуға, онда өзінің өктемдігін жүргізуге ұмтылды. Қазақ хандары да Сыр бойындағы бұл қалалар үшін қаржылы қайрат жұмсады.

1470 жылы Керей хан бастаған қол Түркістанға, Жәнібек хан Созаққа шабуыл жасады. Сауран түбінде қазақтардан жеңіліс тапқан Шайбани хан Бұхараға қашты. Созақ пен Сауран Қазақ хандығының құрамына кірді. Шайбани хан екі жылдан соң Ноғай Ордасының мызаларымен одақ құрып, Аркөк пен Сығанақ қалаларын басып алды. Қазақ хандарының жіберген әскерлері Шайбанидің бірлескен әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды. Шайбани хан Маңғыстауға қашты. Сыр бойындағы қалалар Қазақ хандығының құрамына қосылды[2].

Белгілі тарихшы, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев былай дейді: «Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, «олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды» деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақ та осы саяси үрдісте жетекші рөл атқарған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Оған себеп – деректік мәліметтердің мардымсыздығы. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қолбайлау болады да тұрады. Мардымсыз деген – тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз?!». Рас Керей хан туралы деректің аздығы тарих қойнауындағы қалған деректемелердің ашылуына тұсау болуда.

Ел тарихшылары Махмуд бен Уәлидің жазуы бойынша, алғашқы Қазақ хандығының Керей хан болған.

Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – «Гирей», «Герей», «Кирай», «Керей» түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, тарихшылар осы есімді өз зерттеулерінде қолданады.

Бұл сөздің түп-төркініне келсек, В.Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» – моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». «Гарай» – көне моңғол сөзі, оның екі мағынасы бар екен. Біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіреді. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, моңғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеді тарихшылар.

Тарихшы Берекет Кәрібаев бұл жөнінде былай дейді: «Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің түп-төркіні моңғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді»[3].

XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы» — осының куәсі.
«Қасқа жол» — деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:

  1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
  2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
  3. Хандық билік этникалық территорияга толық тарап, рөлі артты;
  4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өсті;
  5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.

Міне осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша тексі болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.

Есім хан (1598-1628 жылдары билік құрған) Шығайұлы Есім хан – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз — әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан ЕмбіЖайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.

Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. «Есім ханның ескі жолы» — дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдардың жиынтығы. Оның негізін Қасым хан салған болатын (1511 — 1523). Заң жинағында Қыпшақ, Шағатай, және басқа ұлыстарда қолданылатын әртүрлі жарғылар енгізілді. Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолдануды өзі билік жүргізгенде қатаң талап етті. Қасымның заңы Есімнің арқасында сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірілді, соның нәтижесінде бұл заң халық арасында кеңінен тарады. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық талап-арыз, қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т.б.), әйелдердің жағдайы, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу және т.б. туралы мәселелерді қарады. Халық бұқарасы Қасым хан заңының ережелерін ұстауды қалады. Бұл заң жиынтығы Есім ханның құрметіне «Есім ханның ескі жолы» деп аталды[3].

1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді. «Жеті жарғы» туралы жеті дерек:

 1.Заман талабынан туындаған

ХҮІІ-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қаупіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастайды. Осы тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салды. Бұл үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет болды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.

2.Жарғы жеті жаңа тармағымен ерекшеленген

«Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. Сондай-ақ, Н.Гродеков, Л. А. Словохотов, А. П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.

  1. Сайлауға қару асынып келу міндеттелген

«Жеті жарғы» заңдар жинағы негізінде қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналған. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

  1. Төрт түлік малмен құн төлеген

Жазалаудың ең көп таралған түрі — құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер-де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ — 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.

  1. Ауыр қылмыс жасаған адам өлім жазасына кесілген

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс-деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Сондай-ақ, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар өлім жазасына кесілген.

  1. Қылмыстық істерді билер соты қараған

Билер соты барысында екі жақ келісуі бойынша өлім жазасын құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда; егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда; жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда; «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Ал, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауыс көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен.

  1. «Жеті жарғы» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған

«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пайдаланып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің заманымызға «Жеті жарғының» түпнұсқасы жеткен жоқ. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының»11 үзіндісін 1820 жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы (34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» жарыққа шыққаннан кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті жанрында жарияланған.[4]

Қазақ халқының тарихында қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуының таихи маңызы орасан зор болды. Қазақ халқының халық болып қалыптасуына негізгі этникалық арқау болған ежелгі сақ, үйсін, қаңлы, тағы басқа түркі тілдес тайпалар мыңдаған жылдарды бастарынан өткізді. Олар бірде қосылып, бірде щапқыншылықтың әсерінен бір-бірінен ажырап, талай тарихи тауқыметтің ауыр зардаптарын бастарынан өткізді. Қандай алапат ауыр жылдар болса да, келешек қазақ халқының этникалық құрамы арқандаған ат секілді, кең-байтақ жерінің бірде терістігін, бірде шығысын, бірде түстігін паналап, ұлттық мемлекеттік дәрежеге жеткенше атамекенін тастап, басқа жаққа ауып кетпеді. Соның арқасында бүгінгі таңда кең-байтақ жеріне ие болып, қазақтың ұлттық мемлекеті болып, дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы ел санатына қосылып отыр.

Біріншіден, әр хандықтың билігінде ел болуды аңсап жүрген, ру-тайпалардың қазақ ұлты болып қалыптасуының аяқталуы. Оған дәлел, Жәнібек пен Керейдің төңірегіне топтасушылық.

Екіншіден, осы қалыптасқан ұлтты бастау, басқару, оны сырт жаудан қорғау үшін ұлттық Қазақ мемлекетінің құрылуы.

Үшіншіден, бұл құрылған мемлекет өзінің шаңырақ көтерген жерінде отырып қалмай, туының астына біріккен қазақы тайпалардың жерлерін өздеріне қосуға әрекет жасап, бүгінгі таңдағы шекарамызға дейін жер аумағын кеңейтуі.

Төртіншіден, өзін қоршап жатқан үлкенді-кішілі мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасауы.

Бесіншіден, ұлттық мемлекет дәрежесіне, әлеуметік-экономикалық және мәдени жағына өзінің салты, әдет-ғұрпы, ділі, діні бар ел санатында даму жолына түскен азат еркін ел болуы.

Міне,  XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ мемлекеті өзінің халқына осы жоғарыда көрсетілген тарихи маңызы аса зор  мәселелерді алып берген.

 Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Алмас қылыш»
  2. Қазақстан тарихы: Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет
  3. «Қазақ энциклопедиясы», 2011. — 880 бет.
  4. http://el.kz/сайты
  5. Тарих-и-Рашид-и/М.Х.Дулати 1996ж. — 480 бет

Құрастырғандар: Алпысбай Ж.,  Әбдікерім Ж.

Яндекс.Метрика