ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТҰРМЫС ТІРШІЛІГІ
Адамдар мыңдаған жылдар бойы табиғат күштерімен күресіп келеді. Оның шешуші факторлары:тағам, киім, баспана.
Баспана-тарихи категория. Ол тас атушыдан ғарышкерге дейін дамыған адаммен бірге жетіліп,өте күрделі өркендеу жолынан өтті. Баспана таңдау адамның өзі өмір сүретін ортаға бейімделуі мен экологиялық жүйедегі тұрмыс салтына байланысты. Көшпелі тұрмыс малшыға өте ыңғайлы, тез тігіп, тез жығып алуға болатын баспана қажеттігін талап еткені белгілі. Өйткені, көшпелілер тіршілігі малын бағып-жаятын жайылымдық пен шабындыққа тәуелді болды.
Көшпелілердің бүкіл өмірін қозғалыста өткізіп, жаңа мезгілімен үнемі санасып отыруына тура келді. Негізгі баспанасы қыстау басында орналасты. Ол бұл жерден бүкіл үй-ішімен, руымен, тайпасымен алдымен көктеуге, содан соң жайлауға көшті. Жылдың жылы мезгілін көктеу мен жайлауда өткізіп, күн суыта кузеуге оралды. Күздік жайылымдықтың бір бөлігіне көктемде еккен егінін орып алып,қыстауға қайтқан. Жыл бойы осылайша көшіп-қонып жүру үшін оларға тігуі, жинап алуы жеңіл, әмбебап баспана қажет болды. Осындай баспананың озық үлгісі-тарихы 3мың жыл әріге кететін киіз үй еді.[1]
Мал адамды тамақтандырумен қатар әртүрлі үй шаруашылығы мен кәсібіне қажетті шикізат та берді.
Көшпелілер тон мен тұлыптарын,бас киімдерін, шалбарлары мен камзолдарын қолымен тігіп, теріден етік пен кебіс-мәсі жасады. Бірақ малдан алынатын басты шикізат жүн еді.Олар жүннен мата, кілем тоқып, киіз басты. Киіз үйдің туырлық, түндігі мен үй ішіндегі төсеніш бұйымдар киізден жасалды. Оның “киіз үй” аталуы,сондықтан.
Киіз үйдің киіз жабылатын сүйегі ағаштан жасалды. Киіз үй көшпелі тұрмысқа өте қолайлы баспана. Сонау өткен уақыттарда-ақ саяхатшылар мен әскери адамдар мұны бірден аңғарған. Әскери құрылысшы, капитан И.Г.Андреев ХVIII ғасырдың II жартысында қазақ қол өнеріндегі ең бірінші де басты кәсіп – киіз үй құру екенін жазған. Ресей мен Рим Ғылым академияларының, Англияның Корольдік Ғылыми жиналысының мүшесі П.С. Паллас далаға саяхат жасап, 1766-1769 жж Батыс Қазақстанда болған. “Жайықтың шығыс жағында көшіп жүрген қазақтарға” барған ол “қазақтардың біреуінің ішіне жиырма санмен -дан көп адам сиятын киіз үйлерде тұратынын”атап көрсеткен.
Көптеген авторлар киіз үй хақында хабардар; зерттеулер жазып, оның құрылымына қайран қалған. Ресейде өкінішке орай аяқталмай қалған тұңғыш энциклопедиялық сөздік жасау тәжірибесінің өзінде (1745) қазақтың киіз үйі туралы мақалаға орын табылған. Киіз үйді бірінші көрген кісі оның құрылымының көнелігі мен тетіктерінің тым жеңілдігін теріс түсінуі мүмкін. Киіз үй бізге ғасырлар белестерінен асып жетіп, сан ғасырлар бойы оның құрылымына көптеген өзгерістер енгізіліп, жетілдіріле түсті.[1]
Тіпті қазіргі индустриялдық дәуірдің өзінде киіз үй көп жағдайларда пайдалы болып отыр: қашық жайлаулардағы шопандар ауа райы тым ыстық аймақтарда тұратын отбасылары үшін ең қолайлы баспана. Сондықтан оның тетіктерінің жеңілдігі мен тым қарапайымдығы туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Ғасырдан ғасыр өткен сайын оны әзірлейтін құрал-саймандар, ағаш пен жүнді өңдеудің әдістері жетілдіріле түсті. Киіз үй сүйегінің шаңырақ, уық, кереге, есігін иіп ізін басатын шеберлер өз өнерлерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырды. Киіз үйдің сүйегін, оның ағаш қаңқасын арнайы шеберлер жасады. Әрбір көшпелі қауымда өз үйшілері болды. Қазақта үй сүйегін жасап, сатумен де айналысқан.
Киіз үй қаңқасы мынадай төрт бөлімнен тұрады:
1.Кереге – үйдің жазылып, жиырылатын тірек қабырғасы. Ол бір – бірімен көктелген ағаш торлы жеке қанаттардан шеңбер қабырға түрінде құрастырылады. Үйдің көлемі қанат санына байланысты – қанат неғұрлым көп болса, баспананың ішкі диаметрі ұлғайып, пайдалы алаңы кеңейе түседі. Қанаттың жеке таяқшалары өгіздің мойын терісінен жасалған жуан таспамен көктеледі де, ол сырнай сияқты жазылып, жиырылып тұрады.
2.Уық – күмбез таяқшалары, жіңішке бірнеше имек ағаштар. Олар қанаттар мен шаңырақ арасын қосып, үй төбесін құрайды. Қабырғалық қанаттардың көлеміне қарай уықтар саны да көбейіп, ұзындығы жалпақтығы да соған сай ұлғайтылады.
3.Шаңырақ – шеңберінің шегіне уық шаншатын тесіктер ойылып, жіңішке үш немесе төрт қатар айқаспалы күлдіреуіштермен көмкерілген киіз үйдің бөлігі. Күлдіреуіштердің арасы ашық болады. Ол үйдің әрі терезесі, әрі түтін шығатын мұржасы, ауа кіретін желдеткіші қызметін атқарады. Оның көлемі де қанат санына байланысты болады.
4.Есік(сықырлауық) – екі жақтаулы есік, ол тұтас немесе үзбелі түрлерде жасалады.
Киіз үйдің бұл көрсетілген бөлшектері ағаштың әртүрлі сорттарынан; шеберлің өңдеп кептіру кезінде қажетті түр беріп, ойып, июіне икемді ағаштың жеңіл түрі – талдан жасалған. Одан көбіне кереге қанаттары мен шаңырақ күлдіреуіштері әзірленген; екі қабаттастырылған жас қайыңнан шаңырақ шеңбері иілген; маңдайша мен есік қарағай тақтайлардан шабылды. Екі жақтаулы есік пен шаңырақ әртүрлі оймыш өрнектермен, бояулы оюлармен әшекеленді.
Үйдің киіз жабындысы әр қилы көлемдегі төрт бөліктен құрастырылады:
1.Туырлық – киіз үй қабырғаларын жабуға арналған. Олардың саны үй көлеміне байланысты, алты қанатты үйге төрт туырлық қажет;
2.Үзік – үй күмбезіне жабылады. Олар екеу: алдыңғы және артқы үзік, олардың шеттері бір-біріне айқастырыла жабылады;
3.Түндік – шаңыраққа жабылатын шаршы киіз;
4.Киіз есік – есікке тұтылатын екі қабаттап сырылған төрт бұрышты киіз.
Киіз үй ішіндегі тоқымa мүліктермен, толып жатқан сырма басқұр, желбау, адалбақандарымен сәнді. Көптеген үй мүліктері киізден жасалады: одан текемет, саңдыққап, ыдыс – аяқ, кесе, қаптар, жабу-жапқыштар басылған; жіп иіріп, кілем, алаша, қоржын-дорбалар, қалталар тағы басқа көптеген тұтыну заттары тоқылып, арқан, көген, әртүрлі баулар, ноқталар өрілген. Ағаштан үй мүліктері, төс ағаш, сандық, кебеже, асадал, басағаш, жүкаяқ, астау, табақ, тостаған, қасық, шара, ожау сияқты ыдыс-аяқтар жасалған.[1]
Теріден жағландар, тұс киіздер, торсық-сабалар, ат әбзелдері жасалған, әртүрлі аяқ киімдер тігілген, қамшы, шыбыртқы өрілген.
Ұсталар ұшаяқтар, мосылар, ошақтар соғып, мыстан иілген табақшалар, құмыралар мен әйнектер жасаған: тоқымашы шеберлер ою-өрнектері мен сапасы кілемдерден кем түспейтін сырмықтар әзірлеген. Аңдап қарамаған адамға киіз үйдің іші жүйесіз жиналғандай, ешқандай бөліктерге бөлінбегендей болып көрінуі мүмкін. Бірақ, іштегі заттар ыбырсытып қоя салған кездейсоқ бұйымдар емес – олардың әрқайсысының орындары бар. Киіз үйдің дәстүрлі жию тәртібі бізге жеткен. Қолымызда бар этнографиялық материалдар мен өткен ғасырлардағы авторлардың мағлұматтарына сүйене отырып, киіз үйде сонау бағзы замандардағы бабаларымыздың қалай тұрғандығын көз алдымызға айқын елестетуге болады. Киіз үйдің ортасына қазақтар өз отбасысының ең киелі мүлкі деп есептейтін ошақ орны қалдырылған.
Ерте заманда, әсіресе, жорық кезінде қоржын өте қажет болған. Көп соғыстардың бірінде қыпшақтар осындай аспалы қоржынды Кавказ, Грузияға апарған. Сөйтіп, “қоржын” деген атаумен грузиндердің ұлттық тұрмысына енген. Ою – өрнектерінің әсемдігі мен байлығы жағынан кілемдерден кем түспейтін жалпақ кестелі тұс киіздер мен көрпе қаптар, сондай-ақ шағын шілкерлі төсек – орын шашақтары, жастық тыстары мен орамалдар үй иелері төсегінің тұсындағы немесе отбасы мүшелері тынығатын жердегі қабырғаға ілінген.Киіз үй еденіне киіз, алаша төселіп, кілем тек құрметті орын – төрге төселген. Олар көбіне керегелер тұсына ілінген, ал басы артық кілемдер төрдегі жүк астына жиналған, ол болмаса бүктеп арнаулы жүк қаптарға теңдеп қойған. Ағаш мүліктерден зат салатын сандықтар көп пайдаланылған. Олар төрдегі жүк астына, арнаулы жүкаяқтарға қойылған.
Үйдің шаруашылық бөлігіне шағын шкафтар, азық-түлік сақтайтын қол сандықтар, аласа орындықтар, қымыз ашытатын немесе май шайқайтын күбілер, ет салып, қымыз құятын шаралар мен табақтар, сусын ішетін тостағандар қойылған. Ағаштан ойылып, сүйекпен және асыл тастармен безендірілген кереуеттер, сондай-ақ тынығатын тұстағы кереге басына іліп қоятын домбыралар ең әсем мүліктер қатарына жатады.
Ағаштан ер шабу,былғарыдан тоқым жасау,қайыс таспалардан ноқта,жүген, құйысқан,өмілдірік,қамшы өру де үлкен шеберлік пен талғамды талап етті. Бұл ат әбзелдері босағаның сол жағындағы кіре берісте жиналған. Кереге мен туырлық арасына тұтылатын кестелі ши-шыпталар киіз үйге керемет сән берген.Бұл бүкіл үйдің жалпы сипатын танытады. Мұндай кестелі шыпталар киіз есіктің ішкі жағына да салынады,сөйтіп киіз үй көшпелі қазақтар тұрмысының аса қажетті баспанасы ғана емес,сонымен қатар бір отбасы өмір сүретін ең қажетті өзгеше микроғарыш, шағын әлем үлгісі болып табылады.[2]
Қазақтар “ас ішіп,аяқ босатуды”,өздерін қоршаған табиғи ортаға сай бейімделуді ғана ойламаған ,оның сыртында заттардың “көз тойып,көңіл қуантатын” сұлулығын да есінен шығармаған.Сөйтіп,өмірлерін неғұрлым саналы өткізіп, рухани жағынан байи түсуге ұмтылған.
Экономикалық теңсіздік пен әркімнің әлеуметтік орнына орай қазақтардың әртүрлі деңгейде тұрмыс құрғаны белгілі.Олардың арасында тұлдырсыз малшылар да, сән-салтанаты жағынан хан ордасынан кем түспейтін керемет киіз үйлер тіккен аса бай шонжарлар да болды. Киіз үй өте қолайлы,әмбебап,көшіп қонуға ыңғайлы баспана ретінде қазақтарға ұзақ ғасырлар бойы қызмет етті.
Белгілі шығыстанушы Л.Н. Гумилев киіз үй туралы:”Жылы да кең,әрі бір жерден екінші жерге көшу үшін өте қолайлы киізден жасалған шатырмен салыстырғанда тас лашық немесе балшықтан соғылған үйшік баспананың жоғарғы түрі дегенді әлі ешкім дәлелдей қойған жоқ .Табиғатпен тығыз байланыста болған көшпелілер үшін мұндай шатырда өмір сүру еріккеннің ермегі емес, қажеттілік болды”,-деп жазды. Көшпелі өркениеттің ғұлама білгірінің бұл пікірімен келісуге болады.
Қазақ халқының тұрғын үйі-материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Ол аумағымен және түзілісімен ерекшеленіп, қыстық және жаздық болып бөлінеді. Жазғы уақыттары қазақтар жығып алуға жеңіл киіз үйлерде, қыста-тұрақты, жылынатын :”ағаш үй ”,”жер үй”,”қаратам ” деп аталатын үйлерде тұрады.
Ағаш пен киізден жасалатын жиналмалы киіз үй керегеден-негізден сфера тәрізді күмбез-шаңырақтан, тарамдана орналасатын сырықтар-уықтардан тұрады. Киіз үйдің көлемі қанаттарының санына байланысты болады. Он екі қанаттан тұратын үйлер 100-120 шаршы метр алаңды алады. 12,15,18 қанатты үйлер XII ғасырдан XIX ғасырдың басына дейін кездеседі. Әрбір қанат кереге ортасынан аздап майыстырылған 36 сығанақтан құралды. Керегелердің екі түрі бар: жуанырақ сырықшалардан майла төрт бұрышты тор етіліп жасалатын “тор көз”, ал жіңішкерек сырықшалардан ірі тор етіліп жасалатыны-“жел көз” деп аталады.[2]
Үйдің әдетте оңтүстік жаққа қаратылатын, адам кіріп-шығатын есігі тік бұрышты ойық түрінде болды. Оның екі жаққа ашылмалы, қос қақпалы есігіне көбінесе оюлы өрнектер салынып отырды. Үйдің тор қаңқасының сыртқы шимен көмкеріліп, оның сырты киізбен жабылды. Күмбездің ортасынан бастап жерге дейін үйді туырлықтар шаңырақтан бастап,күмбездің төменгі тұсына дейін үзіктер бастырып тұрады. Киіз жабулар үй уық-керегелеріне өрме жіптермен, шеті шашақталған ленталармен және әр түсті жүн жіптерден түйілген шашақтармен әшекеленеді.
Өзінің пайдаланылуына қарай киіз үйлер үш түрге бөлінді. Қонақтарды қабылдауға арналған салтанатты үйлер көлемінің аумақтылығымен және бай жиһаздарымен ерекшеленеді. Салтанатты үйлер ең кем дегенде он екі қанат керегеден тұрғызылып, олардың үстіне ақ киіз бен жібек маталар жабылды. Жасаулары жөнінен неғұрлым бай үйлер үйлену тойы өтетін – отау үй болды. Ал тұрғын үйлер шағын көлемде жасалды. Кішкентай жорықтық үйлер бір түйеге ғана немесе бір атқа тиеліп-ақ тасымалданды. Бұлардан басқа қоймалар ретінде және басқа шаруашылық әжеттерге пайдаланылатын үйлер болды.
Жорықтық үйлерді әскери жорықтар үшін немесе бақташылар мен жылқышыларға әдейі арналып жасалған үйлер санатына жатқызуға болады. Тасымалдауға жеңіл неғұрлым қарапайым үй-бірнеше сырықты конус пішінде жерге қадап,сыртын киізбен жаба салып отыра беретін шатыр күрке болды. Жорықтарда үш-төрт кереге мен уықтардан тұратын “жолама үй” жиі пайдаланылды. Бұлармен бірге қазақтар көшіп-қону кезінде сыйымды жылжымалы күймелерді де пайдаланды. Олардың сырты матамен,киізбен немесе әр түсті тері-терсектермен жабылды. Күймелерге балалар мен әйелдер орналастырылды. Үй ортасына таман орналасатын ошақта тамақ әзірленді және күн суық уақыттары үйді жылытты. Есікке қарама-қарсы тұс үйдің ең құрметті орны-төр деп аталды,төрге қонақтар мен ауылдың қадірлі адамдары отырғызылды. Есік маңайындағы кеңістік босаға деп аталды. Есіктен кіре берістегі оң қанатта үй аспаптары мен ыдыс-аяқтар,сол қанатта-ат ер-тұрмандары тұрды. Босағаның оң жағынан үй иелерінің, кереуеті орналасып, оның ішкі қараған тұстары шымылдықпен жабылып қойылды.Үй жиһаздары әр түрлі ағаш және тері заттардың, киізден жасалған бұйымдардан, өрме, тоқымалардан және кілемдерден құралды. Киіз кілем-текеметтер, өрнектер ойылып тігілген киіз кілем-сырмақтар кеңінен, ал тоқыма кілемдер аздау тарады.Кілемдердің екі түрі болды. Олар:түгі жоғы-тақыр кілем және түгі бар-түкті кілем. Өрнектер мен оюлы безектермен және кестелермен әшекейленген, түр-түске бай қабырғалық киіз кілемдер “тұскиіз”деп аталды.[3]
Аспаптар мен ыдыстар аяққаптарда,киіз қораптарда,қос қалталы кілем қоржындар да сақталды. Әрбір үйдің ерекше белгісі сандықтар болды. Ағаш бұйымдар үстіне көрпе-төсек жиыстыратын жүкаяқтар, тағамдар сақталатын кебежелер көркем өрнектермен әшекеленетін.
Қазақстанның көптеген аудандарында ағаштан, тастардан, қыштан және шымнан тұрғызылатын тұрақты тұрғын үйлер тарады. Қандай материалдан салынғанына қарай оларды “ағаш үй”, “жер үй”, “кірпіш үй”деп аталды. Үйдің аумағы иесінің материалдық жағдайына және отбасы құрамына байланысты болды, бірақ тұтас алғанда ол үйлер көшпелі тұрмыс жағдайына бейімделіп салынды.
Қазақтың ұлттық киімі этникалық,экономикалық климаттық жағдайларына байланысты ежелгі дәстүрлері бейнеленді.Киім мауытыдан, жүн және жібек матадан,киізден аң терісінен тігілді. Қазақтарда құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілері ерекше қымбат бағаланды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Құнды аң терісі астар етіліп тігілген тон “ішік” аталды және тысына қарай аталуы өзгеріп отырды:аң терісінен жібекпен тысталып тігілгені-бас тон,көк мауытымен тысталғаны-тон, қамқамен тысталғаны-қамқа тон делінді. Құлын терісінен жаға салынған ұзын тон-жарғақ тон, ешкі терісінен тіккен тон-қылқа жарғақ деп аталды. Шалбарлар күлеріден, мауытыдан, шұғадан тігіліп, көрнекі кестелермен әшекеленді. XV-XVII ғасырлар аралығында жеңі жоқ жеңіл киімкебенекпен жұқа ақ киізден тігілетін шапан-қаттау аса әйгілі болды. Байырғы киімдер қатарына сондай-ақ түйе тоқылатын ұзын сулық киім-шекпен де жатады. Еркектер мен әйелдердің, сырт киімдерінің негізгі түрі – жүн және жібек маталардан тігілетін шапандар болды. Жас кездерінде еркектер киетін жиынтығы іш жейде мен дамбалдан және желбегей жеңіл шапаннан, әйелдердікі – ұзын етек көйлек пен жеңсіз камзолдан тұрды. Әйелдер киімдерін тігуге мақта, жібек маталар және барқыттар пайдаланылды.
Еркектер мен әйелдер бас киімдер әртүрлілігімен ерекшеленді. Еркектердің неғұрлым бұрыңғы уақыттан жеткен дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны-ақ “қалпақ”, ол жалпақ жиектері жоғары бүктеріліп қайырылғаны – “айыр қалпақ” деп аталды. Қыста киетін үш құлақшынды бас киім – “тымақ” деп аталды.Қыздардың бөріктері алқаларымен және төбесіне үкінің, көкқұтанның немесе тотының қауырсындары тағылып әшекейленді. Құндыз терісімен жиектелген қыздардың бас киімі – “кәмшат бөрік”, алтынмен кестеленгені – “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені – “қалмаржан бөрік” деп аталды. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” деп аталды.Әйелдердің бас киімдерінің арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шыққанда киетін бас киімі – сәукеле болды. Төбесі конус тәрізді үшкірлене биік жасалатын, алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас келін ақ матадан тігілген – “кимешек” киіп жүрді.[3]
Ерлер мен әйелдердің аяқ киімдері әртүрлілігімен ерекшеленді. Еркектердің биік өкшелі қонышы тізеден жоғары асатын етіктері “шоңқайма етік” деп аталды. Еркектердің сондай-ақ басы жоғары қайырылған жеңіл, атқа мініп жүруге ыңғайлы – “бір тақа” дейтін етіктері, ешкі терісі былғарысынан жасалған мәсілері мен неғұрлым тығыз қайыстан тігілген кебістері болды. Олар қыста саптама етік, ал кедейлері – шоқай мен шәркі киді.Әйелдердің аяқ киімдері еркектерден гөрі қоныштарындағы ою-өрнектермен өзгешеленді. Олардың үй тірлігі кезінде киетіндері – кебіс болды. Байлардың әйелдері өрнектелген аяқ киім – кестелі етіктер, жасыл түсті былғарыдан тігіліп, кестелермен және күміс жапсырмалармен әшекейленетін биік өкшелі – көк сауыр киді.
Әйелдердің әшекейлері алтыннан,күмістен,асыл тастан әзірленді. Салмақты күміс білезіктерге алтын жалатылды. Сырғалар негізінен күміс сымдардан имек, жарқырауық тастар түзілген шығаршық түрінде жасалды, оның өзара күміс сыммен бекітілген төрт бұрышты қиықша, дөңгелек жалпақ тілікті түрлері көбірек кездесті.[4]
Шашқа салатын әшекейлер – шиыршықтармен біріктірілетін алқалар немесе теңгелер тізбегі түріндегі шашбаулар кеңінен пайдаланылды. Оның орталық алқалары түрлі түсті асыл тастармен әшекейленді. Шашқа салынатын әшекей қатарына аспалы түрі де жатады.
Жүзіктер құйылып, нақышталып, дөңгелек, көп қырлы қисында жасалды. Олар көбінесе бетіне түрлі түсті асыл тастар салумен әшекейленді.
Қазақ зергерлері бұлардан басқа омырауша, өңір жиек, бойтұмар, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті танашылтыр, салмақты дөңгелек түймелер- торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасай алды.
Әйелдер әшекейлерін әзірлеуде әр түрлі тәсілдер: қою ою салу, нақыш қондыру, қалыптау,зерлеу, қараға бояу, інжу қадау,эмаль жағу қолданылды.[4]
Қазақ қарулары әртүрлі болды. Ерекше болаттан имек селебе,семсер соғылды. Қару ретінде сапы,қанжар,қайқы сапты ұзын пышақ-жеке ауыз, жіңішке ұзын пышақ — бұйда кеңінен қолданылды. Неғұрлым көп тараған қару-садақ пен жебе болды. Жебелердің ұшы: төрт қырлы,төрт қиғаш бұрышты аша тәріздес болды. Сүңгі найзаға болат темірден үш, жылқының құйрық қылынан шашақ жасалды. Қару құрамына теріден тігілген және болат шиыршықтардан өрілген сауыт, маңдайшасы бар тор көзді болат дулыға , сырты қаңылтырмен қапталған ағаш қалқандар енді.[5]
Қазақтардың тамағы негізінен ет және сүт өнімдерінен құралды.Сүт тағамы әр түрлі болды. Бие сүтінен-қымыз, Түйе сүтінен- шұбат дайындалды. Сиыр, ешкі мен қойдың сүті айран ұйытуға, май пісуге, әр түрлі құрт, ірімшіктер жасауға пайдаланылды. Қазақтардың сүйсініп ішетін сусындарының бірі- айран болды. Айранға су араластырылған сусынды – шалап дейді. Күбіде пісіп, сүттен май алды.
Қазақтардың тағам түрлерінде құрт – ірімшіктер маңызды орын алды. Ашыған айран жиынтығынан сығымдалып, күнде кептіріліп жасалатын құртты қысты күндері ыстық сорпаға езіп ішті. Сүттен сары ірімшік, ақ ірімшік, басқа тағамдар жасалды. Қазақтардың негізгі асы- ет болды.Соның ішінде неғұрлым бағалысы- жылқы еті болды. Жылқы мойнының жоғарғы жағындағы майлы жері – жал және сауырындағы майлы тұсы жая деп аталды. Тоқ ішегінен – қарта, қабырғалық ет – майынан – қазы әзірленді. Қой еті негізі жазда желінді. Пісірілген қой еті – қазақтардың, негізгі асы – дастарқанға кеспе салынып та және кеспесіз де тартылды. Етті жеп болғаннан кейін оның сорпасы берілді. Өкпе – бауыр, ішек – қарын және жұмсақ еттерінен майдалана туралып, майға қуырылып пісірілетін тағам – “қуырдақ” деп аталды.[5]
Қорытындылай келе қазақ халқының тұрмыс жағдайы өте жақсы болған. Көші –қонға ыңғайлы киіз үйлері өте ерекше баспана болған. Киіз үй өте қолайлы, әмбебап, көшіп қонуға ыңғайлы баспана ретінде қазақтарға ұзақ ғасырлар бойы қызмет еткен. Ол туралы қазақ еліне саяхаттап келген шетел ғалымдары да өз еңбектерінде жазып қалдырған. Киген киімдері де жыл мезгілдеріне сай әрі ыңғайлы да сәнді болған. Қазақтың ұлттық киімі этникалық, экономикалық климаттық жағдайларына байланысты ежелгі дәстүрлері бейнеленді. Киімдері мауытыдан, жүн және жібек матадан ,киізден аң терісінен тігілген. Қазақтар төрт түлік малды өсірген. Олардың етін жеп, сүтін ішіп тамақ етсе, терілерінен киім-кешек не болмаса төсеніш-текеметтер дайындаған. Қазақ зергерлеріне келетін болсақ омырауша, өңір жиек, бойтұмар, белдіктерге ілгектер, сәукелеге арналған өрнекті танашылтыр, салмақты дөңгелек түймелер- торсылдақ түйме, түйреуіш сияқты әшекей бұйымдар да жасай алды.
Пайдаланылған әдебиеттер
- “Қазақ хандығы тарихы: құрылуы,өрлеуі,құлдырауы” 2011ж Авторлары: Аяған Б.Ғ, Әбжанов Х.М
- “Қазақстанның өмірі мен ғылымы” журнал 2009ж
- “Қазақстан тарихы” журналы 2005ж
- www.google.com сайты
- yandex.ru сайты
Құрастырғандар: Сәбит Б., Қаржаубай А.