КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕК БАСТАҒАН ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
Қазақ хандығының құрылуы Қазақ тарихындағы әрі маңызды, әрі алғышарттары тереңнен бастау алатын оқиғалар қатарына жатады. Хандықтың құрылуының қазақ халқы үшін маңызы зор. Ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің тарих төріне шығуымен Дешті Қыпшақ аумағында көптеген өзгерістер болды.Қазақ жеріндегі бұрынғы этникалық үдерістің бәрі бір арнаға тоғысады да , әр түрлі этнотоптардың барлығы ортақ саяси жүйеге біріктіріледі. Енді олардың этникалық атауы – “қазақ” , мемлекеті — “Қазақ хандығы” , өмір сүріп жатқан аумағы — ”Қазақстан” деп аталына бастайды.
Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы 1457-жылы Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастауымен құрылды. 1465 — 1466 жылдары Керей мен Жәнібектің Батыс Жетісуды құтты мекен етіп, Шудағы Қозыбасыдағы қазақ хандығының ұлттық туын тігіп, Орда құруы ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта — үмітін жүзеге асырды. Екіншіден, суы мол, топырағы құнарлы, жер жаннаты Жетісу жері қалың қазақтың мақтанышына айналды. Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз Жетісуда болған кезде: «Жетісудың ағашының басы жеміс екен» десе, екі сұлтан келіп орналасқан жер Шу туралы: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты. Мына ну қамысың елді ешбір жұтқа бере қоймас» деген екен.
Ал Әбілхайыр хан болса өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып отырғандығына және оған көптеген тайпалардың ағылып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды.
Ендігі кезекте қазақ халқының көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық — Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастьң оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды. Олар:
1.Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді).
2.Шығыс пен батыс сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді.
3.Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру.
1468-жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлгеннен соң өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының нығаюына және оның көлемінің кеңеюіне үлкен жағдай тудырды. Өзбек ұлысының үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды. Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы — Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Біз XV ғасырдың орта шенінде қазіргі ұлттық республикамыздың шегінде Қазақ Ордасы аталатын айбынды мемлекет құрдық. Бұл қуатты ұлыс төрт жүз жыл бойы кең даланы еркін жайлап, өзгеше тұрпатты озық мәдениет жасады. Бай болды, бағлан болды. Елімізді, жерімізді еркін сақтап тұрды, ешкімге кеудесін бастырған жоқ. Мұның бәрі елді бір орталыққа бағындырған қазақтың үш жүзге бөлген қазақтың тұңғыш хандары «Әз- Жәнібек», Керей, Хақназар,Тәуекел Есім, Жәңгір, Тәуке хандардың арқасында жүзеге асып отырды. Олар қазақ хандығының құрылуы мен нығаюының арқасында қазақтың әдет-ғұрып заңдарын қалыптастырды. Бұл заңдар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары еді. Бұл заң 17- ғасырға жетіп, Есімнің кезінде «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Сол дәуірде қазақ үш жүзінің атақты үш төбе биі Ұлы жүз биі –Төле, Орта жүз биі – Қазыбек, Кіші жүз биі — Әйтеке бұл заңға «жер дауы», «күн дауы» деген екі тарау қосып толықтырады да, ежелгі әдет- ғұрып заңдары ендігі жерде «Жеті жарғы » деп аталды. «Жеті жарғы» заңын бүкіл қазақ халқы атқаруға тиісті заң болғандықтан,13-18 ғасырларда мәдениеттен келе көшпелі ел, өзі ортақ мойындаған заңдарын табиғи түрде өзі бағынатын заңдарға айналдырды. Нәтижесінде осыншама бай, ұлан-байтақ жерді иеленді, өзіне лайық ұрпақ өсірді.
Түйін. Міне, осы «Қазақ даласына» 15-ғасырда күннің шығысынан күннің батысына дейін алып жатқан ұлан байтақ даламызда, Керей мен Әз-Жәнібек туын тігіп негізін қалаған Қазақ хандығына биыл 550 жыл толып отыр. Елбасы өз сөзінде: «1465 жылы сұлтандар Керей мен Жәнібек алғаш рет хандық құрып, біздің тарихымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл термин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бүгінгі шекарамыздағы бүкіл әлемге танымал және беделді болғанымыздай мемлекет бола алмаған да шығар. Бірақ, сол замандағы басқа барлық мемлекеттер туралы да осылай айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде мемлекетіміздің негізі қаланғандығы, ал біздердің ата-бабалар ұлы істерін жалғастырғанымыз» деген еді.Тұғыры биік көк байрағымызды аспанда желбіретіп ұстау енді келешегі кемел, білімді болашақ ұрпақтың еншісінде. Ата-бабаларымыздың аңсап келген «Мәңгілік ел» болу өсиетін қазақ халқының маңдайына біткен көрегендігі мен даналығы, әрбір ісін халқы үшін жасап отырған «Елін сүйген,елі сүйген» елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сыңарлы саясатының арқасы. Біздің ел – құдіретті ел. Елдің құдіреті- дархан даламызда, қонақжай халқымызда, асқақ азаттығымызда, мейірімді жүрегімізде. Призидентіміз өз сөзінде «Отанды сүю — бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау . Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні — осы! Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – татулық,бірлік, берекесі» деген еді. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені мен әрқашан да мақтан тұтамын.Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық»- деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау — әрбір азаматтың бірінші міндеті.
Құрастырған: Барат Арайлым