ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Әрбір халықтың жеке халық болып қалыптасуы үшін көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуіне тура келеді. Бұл күрделі процесс бір немесе екі ғасырдың ішінде болмайды, халық болу үшін бірнеше ғасырларды керек етеді. Мысалы, Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы 15-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешушi рөл атқарды.

1456-жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған едi. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428-жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы — шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428—1468) үстемдік етті. 15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Әз Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, «Әбілхайыр ханның үстемдігiне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бағыттап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуді тіректі мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды.

XIV-XV ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында толассыз тоқтамай жүріп жатқан феодалдық соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері белең алды. Қазақстанның ежелгі тайпалары тарихи-географиялық, экономикалық және саяси жағдайларына байланысты үш негізгі этникалық шаруашылыққа топқа бөлінді. Олар: Ұлы, Орта және Кіші жүз. Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, шанышқылы, қатаған т.б. ру – тайпалар кіреді. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік – Шығыс Қазақстанның бір бөлігін қоныс етеді. Оның құрамында қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, тарақты тайпа – рулары бар. Кіші жүздің мекені – Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі. Оның құрамындағы тайпалар одағы — Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, кете, төртқара, шөмекей, шекті); Байұлы (адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт, шеркеш, ысық, таз, масқар); Жетіру (табын, тама, кердері, жағалбайлы, кереит, төлеу, рамадан). Жүздердің ұйымдасқан уақыты, қалай құрылғаны әлі жете зерттелмеген. Әрбір жүздің тайпалары жалпы шаруашылық мүдделер негізінде топтасқан, өз шекарасында экономикалық жағынан оқшауланған еді. Олардың тілі, материалдық тұрмыс мәдениеті жөнінен басқа жүздердің тайпаларынан ешбір айырмашылығы болған жоқ. XV ғасыр қарсаңында бұл тайпалар түрік тектес халық болып топтасты да, кейінірек «қазақ» деген этникалық ортақ атауға ие болды, сөйтіп халықтың қалыптасу процесі негізінен аяқталады. Бірақ ол кейбір себептерге байланысты кешеуілдеп барып іске асты. Оған қазақ халқының этникалық құрамына кірген тайпалардың бірнеше мемлекет құрамына енгені, кейбір жеке тарихи қалыптасқан бөлшектердің бытыраңқылығы себеп болды. XIV-XV  ғғ. көптеген жұрттың көшіп-қонып, сапырылысуы орын алды. XV ғ. – II жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру, халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті.

Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телім болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық — Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізiп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т. б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген.  Қазақ хандығын саяси-экономикалық база негізінде нығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді.Сөйтіп қазақ хандығы алдында үш міндет тұрды:

  1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілқайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған болатын)
  2. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яссы (Түркістан) т.б. қалаларын қазақ хандығына қарату. Бұл қалалар осы өңірдегі саяси–экономикалық  және әскери-стратегиялық берік база болды.
  3. Қазақ тайпаларының басын қосып, этникалық территориясын біріктіру, бұлардың ішіндегі ең маңызды міндет–Сырдария жағасындағы қалаларды қарату болды. Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің-Ақорданың, Әбілқайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сондықтан осы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру бұдан бұрынғы тарихта да Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген еді.

Керей мен Жәнібектің соңына ерген, қазақ атанып бөлінген жұрттың әуелгі саны – екі жүз мыңдай адам болған. Бұл  сан сол заман үшін көп халық, бірақ байтақ ұлыста қалған туыстардың саны бұдан алты-жеті есе артық болатын. Шу бойына, Алатау етегіне орныққан жұрт біраз күш жинап, өзінің саяси жағдайын  нығайтқан соң, бұрыңғы Көк Орда жерін түгел қайтарып алу жолындағы күресін бастайды. Көршілерімен жүргізген соғыстар сәтті болып, нәтижесінде және қолайлы тарихи жағдай арқасында айналасы он жылға толар-толмаста үлкен қуатқа ие болады. Алайда, Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілқайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілқайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату, көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ Ойрат жоңғарларының тайшысы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және Әбілқайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды қажет етті.Қазақ болып бөлінген қауымды қолда бар күшпен таптап, жаныштауға шамасы жетпеген Әбілқайыр бүкіл ұлысына сауын айтып, әскер жинайды. Еділ дарияның жағасында қалың қол түзіп, 1468 жылы қыста Әбілқайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанады, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза табады.  Әбілқайыр бастап келген әскер қазақ болып бөлінген жұртты шабуға үзілді-кесілді қарсылық білдіргенге ұқсайды. Өйткені Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрт пен Әбілқайыр туының астындағы жұрт – бір-ақ халық еді, бәрі де алаш ұлы, кейінгі үш арыстың ұрпағы. Шынында да солай болады. Әбілқайыр өлісімен, қарамағындағы әскер тарап кетеді; бұрынғы әміршісіне адал шонжарлардың бір тобы Әбілқайырдың ұлы Шейх-Хайдарды хан көтереді, бірақ ол көп ұзамай, қазақтармен қақтығыста қаза табады. Сөйтіп, алғаш ту көтергеннен соң арада бір мүшел өтер-өтпесте Керей мен Жәнібек ата жұртына толық ие болады. Қазақ ордасы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орда жерінде біржола орнығады, ежелден ата мекенінде отырған түрік-қыпшақ рулары енді қазақ деген ұлттық атаумен аталады. Қазақ Ордасының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ аталатын халықтың тарих сахнасына шығуы–бір жұрттың екінші жұртты жаулауының, белгілі бір тайпалардың жаңа қонысқа келіп, жаңа  патшалық орнатудың нәтижесінде жүзеге асқан іс емес. Бұл – тілі бір, түрі, діні бір, салт-санасы ортақ туысқан рулардың, яғни, этникалық тұрғыдан алғанда, біршама қалыптасқан қауымның жаңғырған Орда құрамында қайтадан топтасуы болатын.Әбілқайырдың қаза табуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне жағдай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті». Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбілхайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары-Ахмет хан мен Махмұд батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханмен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, тізе қоса отырып күрес жүргізді.Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханға барып паналады. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «XV-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра жерін басып алды». Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480-1511жж) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен қатар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс ханның да көздегені-Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор қалалар болды. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да соғысты. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала-Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кірді.Бұрындық пен Шайбанидың Түркістан өңірі үшін ұзаққа созылған соғыстары қазақ ханының Дешті Қыпшақта өз жағдайын нығайтуына әкеліп соқты. Осының нәтижесінде Бұрындық Қазақ хандығының шығыс аудандарыңда өз иеліктерін территориялық жағынан біршама ұлғайтты.Моңғол шапқыншылығынан кейін, барлық қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке біріктірілді. Қазақ хандығы нығайып, халқының бірігу барысы жеделдеумен бірге, оның «қазақтар» деген атау да бекіді.

Міне, осы «Қазақ даласына» 15-ғасырда  күннің шығысынан  күннің батысына дейін  алып жатқан ұлан байтақ даламызда, Керей мен Әз-Жәнібек туын тігіп негізін қалаған Қазақ хандығына биыл 550 жыл толып отыр. Кезінде  қазақ — тарихсыз, бұл халық еуропалық жұрттар сияқты таңбалауға жарайтын, шежіреге, хатқа түсіруге татитын тарих жасамаған. Ашық айтылмаған бұл тұжырым қалай негізделеді десеңіз, ең алдымен қазақта бұрын-соңды ұлттық мемлекет болмады деп жарияланады. Мемлекет болмаған, мемлекеттік құрылыстың кейбір элементтері ғана ұшырасқан.

Оның өзінде бұл – біртұтас құрылым емес; әрбір ру, әрбір аймақ өз басына би болған; бұл қазақ басы біріккен хандық құрып көрген жоқ дейді. Тәуба, коммунистік программа жүзеге аспады, қызыл империализм келмеске кетті; тәуелсіздік алдық, дербес ел болдық деп отырмыз. Бірақ еңсемізді қайта көтеру үшін, рухани жаңғырып, санадағы жарақат жазылу үшін әлі де бірталай еңбектенуге тура келді.  Иә, тарих — үнемі даму үстіндегі ғылым. Тарих  бұл адамзатты, әлемді, өткен өміріне кеңістік пен уақыт аралына саяхат.Өз халқыңның тарихын білу барлық адамдар үшін қасиетті парыз.

Халқымызда мынандай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» демекші біріншіден   қазақ хандығы 13-ғасырдың басынан 15-ғасырдың ортасына дейін (қазақтар біртұтас халық болып қалыптасқанға дейін) Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының қол астында болған көшпелі түркі тайпалар «Алаш» қауымынан бастап біртіндеп бірлесіп екі ғасырдан астам уақыт «қазақ» атты халық болып қалыптасу барысын бастан кешірді. Екінші сөзбен айтқанда, алғашқы «Алтын орда» хандығы, одан кейінгі «Ақ орда» хандығы мен  Өзбек хандығы дәуірі, міне, осылайша біртұтас «қазақ» халқы болып қалыптасуға алғышарт-жағдай әзірлеген.

Ежелден түркі тілдес, көршілес, аралас жасаған түркі тайпалары ұзақ тарихи дәуірді бастан кешу арқылы табиғи түрде «Қазақ хандығы» аталып ел болып құрылған.    «Қазақ» деген аттың ертеде ру-тайпа атынан қазақ біртұтас халық атына айналуы және Қазақ хандығының құрылуы барысы сияқты тарихи оқиғалар жөнінде ел ішінде көптеген аңыз-деректер сақталған. Қазақстан аумағында біртұтас мемлекеттік Алтын Орданының бөлінуі кезінен бастап, Қазақ хандығы пайда болып, нығайғанға дейін жергілікті этникалық негізде қалыптасты.

Осы мемлекеттер шеңберінде қазақ халқы  қалыптасуының ұзаққа созылған процесі, ал Қазақ хандығында біртұтас халықтың біржола топтасуы аяқталды. Қазақ хандығының қалай құрылғаны, қандай дәуірлерді бастан кешіргені туралы тоқталудан бұрын алдымен хандарының ақылшысы болған қоғам қайраткері, философ, ойшыл Асан қайғы жайлы аңызға тоқталу керек болады. Қазақтың бұл ірі аңыз кейіпкері халық қамын, ел болашағын ойлап, үнемі мұңға батып жүргендіктен, замандастары оны  «Асан қайғы» деп атап кеткен екен. Асан қайғы атамыз екі хандық аумағында яғни, Орта және Кіші жүз мекендеген қазақтардыңда ортақ ойшылы, философы болды. Аңыз – деректерге сай «Тауарих хамсада» жазылуынша, қазақтың үш жүзге бөлеген қазақтың тұңғыш хандары «Әз- Жәнібек», Керей, Хақназар,Тәуекел Есім, Жәңгір, Тәуке хандар қазақ хандығының құрылуы  мен нығаюы арқасында қазақтың әдет-ғұрып заңдары қалыптасты.  Бұл заңдар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім  ханның ескі жолы», Тәуке  ханның «Жеті жарғы» заңдары кемелдену өткенін дәлелдейді. Бұл заң 17- ғасырға жетіп, Есімнің кезінде «Есім ханның ескі жолы» деп аталды.Сол дәуірде қазақ үш жүзінің атақты үш төбе биі  Ұлы жүз биі –Төле, Орта жүз биі – Қазыбек, Кіші жүз биі — Әйтеке бұл заңға «жер дауы», «күн дауы» деген екі тарау қосып толықтырады да, ежелгі әдет- ғұрып заңдары ендігі жерде «Жеті жарғы » деп атала бастады. «Жеті жарғы» заңын бүкіл қазақ халқы атқаруға тиісті заң болғандықтан,13-18 ғасырларда мәдениеттен келе көшпелі ел, өзі ортақ мойындаған заңдарын табиғи түрде өзі бағынатын жол- жосынға айналдырған. Қазақ Ордасы құрылғанда алдымен үлкен Керей ақ киізге хан көтеріліпті. Керейдің нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Одан соң Жеңібек хан әмір жүргізеді. Сірә, қазақ жұртының Әбілқайырдың жеңіп, біржола іргеленуі Жәнібек тұсында болса керек, жаңа хандықтың өзіндік құрылымы мен заң жүйесі де осы Жәнібек заманында жөнге түскен сияқты. Жәнібектің қазақ тарихындағы айрықша тұлға екендігінің бір белгісі – ол халық санасында әулиеге пара-пар, ақылды әрі әділетті әмірші ретінде таңбаланған, ұлттық тарихымызда жай ғана Жәнібек хан деп аталмайды, Әз-Жәнібек хан деп аталады.Әз-Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігне ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы. Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері, қазақ халқының ұлы перзенттері: Қасым хан, Хақ-Назар хан; Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Қенесары хан, ұлы ғалымдарымыз Шоқан, Алаш-Орда көсемі Әлихан Бөкейханов – барлығы да осы әулие Әз-Жәнібек ханның  тікелей ұрпақтары.

Түрік жұртының бұған дейінгі мың жылдық тарихында сыннан өткен жол-жора, қалыптасқан жүйе негізінде соңғы екі жарым ғасыр орайында ер халықтың, мерт халықтың жиын ортасынан жарып шыққан, бар тілегі  туған елінің  мұратымен берік астасқан асыл тұқым – Шыңғыс хан – Жошы хан – Орыс хан — Әз-Жәнібек хан әулеті өз жұртын тарихтың барлық қиын өткелінен алып өтті. Әбілқайырдың 1731 жылы Ресей бодандығын қабылдап, сол бодандықтың шырамауынан шығу үшін Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Исатай мен Махамбет, Есет бастаған  күресімен, 1916 жылғы тар жол тайғақ кешуді бастан өткерген, 1930-1932 жылдардағы ашаршылық, 1936-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы қазақ жастарының қасқалдақтың қанымен келген бұл тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмеді.

Тұғыры көк байрағымызды  аспанда желбіретіп ұстау енді келешегі кемел, білімді болашақ ұрпақтың еншісінде. Ата-бабаларымыздың аңсап келген «Мәңгілік ел» болу өсиетін қазақ халқының маңдайына біткен көрегендігі мен даналығы, әрбір ісін халқы үшін жасап отырған «Елін сүйген,елі сүйген» елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы. Бүкіл дүние жүзі  халықтары бүгінгі күнде қазақ халқын картадан ғана емес, оның жер байлығы мен экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатындағы мемлекеттің бірі болуының өзі Елбасымыздың  көреген саясатының жемісі. Сонау Қасым хан  негіздеген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» мен Елбасы салған сындарлы сара жолымен жүріп келе жатқан және «Қазақстан – 2030 стратегиясының» бүгінгі күнде мерзімінен бұрын орындалып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Әлемдік діндер ұйымының конференциясының өтілуі, 2010 жылы Қысқы Азияда ойындарының өтілуі, ЕXPO-2017 көрмесінің ұтып алуы бұл қазақ халқының дүние жүзі алдындағы бірлігі жарасқан, толерантты мемлекет екенін  дәлелдеді.

Біздің бүкіл өткен тарихымыз жаулас елдердің, жау болмаған күннің өзінде жат жұрт өкілдерінің қолымен жазылып өздерінің мүдделеріне сай бұрмаланып келгендігін есте сақтап,  тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде ол өткен тарихтағы ақиқатты  бұрмалап «ақтаңдақтар»  жасауға  жол бермеуміз қажет!!!

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы. Очерктер. 123-148-бб.
  2. Қазақстан тарихы. Бес томдық. 1-бөлім, 5-6 тараулар.
  3. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім
  4. Шежіре: қазақтың ру тайпалық құрлымы. А. 1991
  5. Шәкәрім. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. А., 1991.

Құрастырғандар: Қондыбай Е., Юсупов А.

Яндекс.Метрика