ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», деп атап көрсетті. Тәуелсіздігінің ширек ғасырға жуық жаңа шежіресінде өркениеттік даму үрдісімен төрткүл дүниені таңдандырған Қазақстанның мемлекеттігі кейбіреулер айтқандай кеше ғана басталмаған. Оған Мемлекет басшысының 2014 жылғы 22 қазанда Астана қаласы активімен кездесуіндегі: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алады», деген сөзі дәлел.
Осыған орай төл тарихын білгісі келетін қалың оқырманға Қазақ хандығының төрт ғасырлық шежіресінің елеулі кезеңдерінен сыр шерткен қысқаша танымдық шолуды ұсынып отырмын. Қос қанат Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын құрды.
Атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидің қалдырған нақты деректеріне сүйене отырып, тарихшы-ғалымдарымыз Қазақ хандығының құрылған кезі 1465 жылы болғанын белгіледі. Алғашқыда Керей мен Жәнібек сұлтандардың соңына еріп, қазақ болып бөлінген халықтың саны екі жүз мың адам екен. Сол заман үшін бұл санның да көп халық болғанымен, байтақ ұлысты жайлаған қазақтардың қандастары бұдан сан есе артық болатын. Шу бойына ту тіккен жаңа хандық біраз орныққаннан соң бүкіл Көк Орда жерін түгел қайтару жолындағы жорықтарын бастады. Сонымен 1465 жылы атамекенімізде тұңғыш рет Қазақ хандығы атты тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланды. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтеріліпті. Одан кейін Жәнібек хан билік құрды. Тарих сахнасына шыққан біртұтас Қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны – «Алаш», мемлекеттік Елтаңбасы – «Төре таңба», яғни көне түрік заманынан келе жатқан бас таңба. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту, Астанасы – қасиетті Түркістан қаласы болды. Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен.
Ел билігін қолға ұстаған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Мемлекет іргесін нығайтып, туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленгендері де, елін тоздырып, дұшпанға таба қылғандары да жоқ емес. Бірақ олардың бәріне ортақ бір қасиет – өз замандарының қалыптасқан жағдайларына байланысты қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты.
Төрт ғасыр Қазақ хандығының билігін ұстаған тұлғалар мыналар еді: Керей хан Болат сұлтанұлы 1465-1474 жылдары билеген. Жәнібек хан Барақ ханұлы 1474-1480 жылдары билеген. Бұрындық хан Керей ханұлы 1480-1511 жылдары билеген. Қасым хан Жәнібек ханұлы 1511-1522 жылдары билеген. Момыш хан Қасым ханұлы 1522-1523 жылдары билеген. Тайыр хан Әдік сұлтанұлы 1523-1533 жылдары билеген. Бұйдаш хан Әдік сұлтанұлы 1533-1538 жылдары Жетісу өңірін билеген. Тоғым хан Жәдік сұлтанұлы 1533-1537 жылдары билеген. Ахмет хан Жаныш сұлтанұлы 1533-1535 жылдары Сырдария маңын билеген. Хақназар хан Қасым ханұлы 1538-1580 жылдары билеген. Шығай хан Жәдік сұлтанұлы 1580-1582 жылдары билеген. Тәуекел хан, Шығай ханұлы 1582-1598 жылдары билеген. Есім хан Шығай ханұлы 1598-1628 жылдары билеген. Жәнібек хан Есім ханұлы 1628-1643 жылдары билеген. Салқам Жәңгір хан Есім ханұлы 1643-1652 жылдары билеген. Батыр хан Бөлекей сұлтанұлы 1652-1680 жылдары билеген. Тәуке хан Жәңгір ханұлы 1680-1715 жылдары билеген. Қайып хан Хысырау сұлтанұлы 1715-1718 жылдары билеген. Болат хан Тәуке ханұлы 1718-1729 жылдары билеген. Әбілмәмбет хан Болат ханұлы 1729-1771 жылдары билеген. Абылай хан Көркем Уәли сұлтанұлы 1771-1781 жылдары билеген. Кенесары хан Қасым сұлтанұлы 1841-1847 жылдары билеген. Иә, төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының тарихында нелер болмады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» қалың қазақ мамыра-жай тірлік кешкен дәуірлеу кезеңі де, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып кең сахараны бұлт торлап, ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де өтті.
Енді бүгінгі тарихшылардың, зерттеушілердің, қаламгерлердің әр кезеңде жарық көрген деректі дүниелеріне сүйене отырып, сол бір аумалы-төкпелі төрт ғасырлық тарихи шежірені санамызда саралап, тағы да бір зерделеп өтейік. Көнеден келе жатқан небір тарихи деректерде бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ ежелден-ақ қазақ халқының этникалық негізі болып табылатын қазақ тайпаларының атамекені болатын. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында XIV-XV ғасырларда): үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені – Жетісу өңірінде, дулаттар – Іле, Шу, Талас өзендерінің сағаларында, Ыстықкөлдің оңтүстігін, Оңтүстік Қазақстандағы «Отырар жасыл алқабын», қаңлылар – Қаратау баурайын, орта Сырдария мен Жетісудың батыс бөлігін, арғындар – Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақстанды, Сырдарияның алқаптарын және Жетісудың батысын, наймандар – Ұлытаудан Есілге дейінгі аймақтарда, қоңыраттар – Түркістан мен Қаратау өңірлерін, керейлер – Тарбағатайда, Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендерінің аңғарларына дейінгі ұлан даланы жайлап жатты. Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық атырабына дейінгі жарты әлемді алып жатқан қазақ тайпаларының арасында қыпшақтардың орны ерекше еді. Тіпті, сонау XIII ғасыр тарихшыларының деректерінде Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Алтай тауларынан Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты түгел қамтыған Алтын Орда атты алып мемлекеттің еуропалық бөлігі – оң қанат, ал азиялық бөлігі – сол қанат деп есептелген еді. Атақты қаламгер Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Алтын Орданың оң қанаты – Ақ Орда, сол қанаты – Көк Орда деп аталады.
Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі – батыс, көк сөзі – шығыс дейтін мағына беретінін айта кету керек. Сондықтан совет тұсындағы кейбір тарихи еңбектердегідей бұл екі орданың орнын шатастыруға болмайды. Алтын Орданың шығыс бөлігі, яғни Көк Орда негізінен қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын қамтыды» деп тұжырымдайды. Осындай құрылымдар еліміздің батыс өңірінде де құрылып жатты. Әрине, оның бәрін тізбелеп жату газет мақаласының аясына сыймайды. Ендеше, сайын дала ешқашан иесіз жатқан емес. Кешегі отаршылдық езгі есімізді алып, бодандық бұғауында болған соңғы ғасырлардағы «аға халық» өкілдері санамызды улап, миымызға сіңдірмек болғандай «бұратана халық, тексіз, мемлекетсіз, жалпақ даланы малша жайылып жүрген жабайы тайпалар» емес екенбіз.
Сан ғасырлар бойы дәуірлеген мемлекеттерімізді жоққа шығарып, тарихи шындықты қасақана бұрмалаудан ештеңе шықпады. Жалпы, жалғандықтың құдіретті уақыт алдында дәрменсіз екендігін тарих тағы дәлелдеді. Осы орайда ойымызды жинақтай айтсақ, бүгінгі азат алаш елінің түп қазығы – көне Түрік қағанаты, Алтын Орда – одан кейінгі бабаларымыз орнатқан ұлы мемлекетіміз, Көк Орда қазақ жұртының этникалық бірлігінің бастауында тұрған қазаққа ғана тиесілі мемлекет болса, Қазақ хандығы халқымыздың есімімен көрінген, этнос ретінде түбегейлі орнықтырған тәуелсіз мемлекеттік құрылымымыз. 1428 жылы Көк Орданың билеушісі Барақ хан опасыздың қолынан опат болды. Өз заманының тарихшылары ақылды, қайсар да батыл әмірші деп бағалаған. Барақ өмірінің барлық күресін Көк Орданың қуатын арттыруға арнады. Ол өзі билік құрған кезде бұл мақсатын орындады. Осы әміршінің кезінде Көк Орда мүлде дербес мемлекет ретінде танылды. Барақ ханның қазасынан кейін біржола ыдырауға бет бұрған Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі елдің де ішіне іріткі кіріп, билікке таласқан сұлтандар мемлекет бірлігінің тамырына балта шапты. Көк Орданың іргесі сөгіліп, оның орнына Әбілқайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды.
Жошыдан тараған Шайбани бұтағынан шыққан Әбілқайыр хан билік құрған жылдарында қол астындағы халықты алалап, Орта Азияның отырықшы аймақтарына бүйрегі бұрды. Бұл Орда – Ежен, Тоқай-Темір әулеттерінен тараған тұғыры берік сұлтандарға ұнамады. Ұзақ уақыт толассыз жүрген қантөгіс соғыстар мен ішкі билікке таласқан қырқыстар Әбілқайыр хандығының іргесін шайқалтты, халықты ауыр күйзеліске ұшыратты. Ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілқайыр ханның үстемдігінен құтылып, тәуелсіз тіршілік етуді арман етті. Қазақ халқы ашық азаттық айқасына шықты. Міне, нақ осы тарихи сындарлы шақта Көк Орданың атақты билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайырдың үстемдігіне қарсы көтерілген қазақ тайпаларының көсеміне айналып, тәуелсіздік жолындағы қасиетті майданға шықты. Қалың қазақ тайпаларын бастап Батыс Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есенбұғадан (1434-1462 ж.ж.) қоныс сұрады. Есенбұға жауынгер қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Керей мен Жәнібек осы жерде Қазақ хандығын құрды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай делінеді: «Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарын берді…». Тәуелсіздік туын көтеріп, дербестігін паш еткен Қазақ хандығының атағы шығысымен-ақ Дешті Қыпшақ жұрты Әбілқайыр ханның қыспағынан құтылып, бөгетін бұзған тасқын судай ағылып, жаңа хандыққа қосыла бастады. Әбілқайыр хан өзіне қарсы шығып, дербес хандық құрған қазақтарға қылышын қайрап, жойып жіберуді көздеді. 1468 жылы қыс айында Әбілқайыр хан Қазақ хандығын жойып жіберу үшін ұзақ дайындалған жорығына аттанды.
Бірақ оның қалың әскері Қазақ хандығына қарсы соғысқа құлықсыз еді. Олар іштей азаттық аңсаған халықтың қасиетті күресіне жақтас болатын. Өйткені, олар да Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрттың қандастары – бір халық өкілдері, бәрі бір Алаштың ұлдары еді. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның бұл жорығы діттеген жеріне жете алмады. Күтпеген жерден алапат суық соғып, әскердің жолын бөгейді. Сол жерде Әбілқайыр ханға кенеттен кесел жабысып, қайтыс болады. Әбілқайыр өлген соң оның әскері тарап кетеді. Оның елінде қиян-кескі тақ таласы басталып, хандық ыдырай бастайды. «Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті» (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих-и-Рашиди»). Иә,осы бір тағдыр тартқан тиімді жағдайды қазақ хандары Керей мен Жәнібек дер кезінде, барынша пайдаланды. Олар дереу атқа қонып, өздері осыдан біраз жыл бұрын еріксіз тастап кеткен атамекені – Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Еркіндіктің қасиетті туын көтеріп, не өлу, не жеңу күресіне шыққан қазақ халқының тұңғыш хандары, жаужүрек көсемдері Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханның мұрагерлеріне қарсы бітіспес соғысты бастады.
Халықтың шексіз сеніміне ие болған және азаттық жолындағы адал күресте парасаттылықтарын таныта білген қазақ хандары бастаған істерінің ақ екендігін аз уақытта дәлелдеп, ірі табыстарға жетті. Көреген Керей хан мен Жәнібек атамекенді азат ету жолындағы бұл қанкешті соғыстарда Әбілқайырмен ұзақ жылдардан бері билікке таласып келе жатқан Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд сұлтандардың, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханның да күшін шебер пайдалана білді. Сондай-ақ, өздеріне іш тартатын Ноғай одағының билеушілерімен де сенімді одақтас болды. Қазақтардың жойқын күшіне төтеп бере алмаған Әбілқайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ойсырай жеңіліп, жазасын алды. Дешті Қыпшақта үстемдік қылмақ болған Өзбек ұлысының сан мыңдаған әскері ыдырай қашты.
Әбілқайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Әбілқайыр ханның мұрагерлерімен болған азаттық күресінде толық жеңіске жеткен Керей мен Жәнібек Дешті Қыпшақ даласын түгелдей Қазақ хандығының игілігіне қаратты. Әбілқайыр ханның 40 жылға созылған езгісінен құтылған көптеген қазақ тайпалары атамекендерінде дербестігін алған Қазақ хандығының туы астында топтасты. Әртүрлі ұлыстарда бытырап жүрген қазақ рулары енді қазақ деген ұлттық атауға ие болып, жөке халық, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының халқы бір миллионға жетті. Ол заманда мұндай халқы бар мемлекет саусақпен санарлықтай ғана еді.
Міне, өркениетті елдер шоғырында еңсесін биіктетіп, Көк байрағын асқақ желбіреткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдығын артқа тастап үлгерді. Бұл – сонау ғасырлар қойнауынан атойлаған бабалар үрдісі жалғасының салтанат құруы. Ұлы даланың қас перзенті – қазақ халқының азаттық жолындағы қасиетті күресінің асыл шежіресі, сол жолда елін бастап, ту көтерген бабаларымыздың өшпес есімдері біз үшін қашанда қымбат. Әлі көмескіліктен арыла алмай келе жатқан осы асыл шежірені, ардақты есімдерді жарқырата паш етіп, ұрпағымыздың ұлттық мақтанышына айналдыру – кезек күттірмес парыз. Осы орайда, халқымыз үшін еңбегі ерен, есімі қасиетті екі тұлға бар. Олар – Қазақ хандығының іргесін қалаған, мызғымас мемлекет құрған, халқымыздың біртуар ұлт болып бірігуіне мұрындық болған – Керей хан мен Жәнібек хан. Бұл екі тұлғаны бір-бірінен ажырата бағалау артықтау болар. Екеуі де – елі үшін басын бәйгеге тігіп, ұлтының ұлылығын асыруда аянбаған парасат иелері, халық сүйген перзенттері.
Қазақ хандығы құрылғанда жасы үлкен Керей хандық тізгінді ұстаса, одан кейін Жәнібек билік жүргізді. Қазақ Ордасының іргеленуі мен іріленуі Жәнібек хан тұсында болған. Жаңа хандықтың мемлекеттік құрылымы мен заң жүйесі де Жәнібек заманында жүйеленіп, келер ұрпаққа мұра етілген. Халқымыздың қасиетті шежіресінде Жәнібек ханға ерекше айшықты орын беріледі. Ол ел естелігінде ақылгөй, данагөй және әділетті әмірші ретінде мәңгі қалған. Халық оны жай ғана Жәнібек хан демей, Әз-Жәнібек деп айрықша әспеттейді. Сондықтан да, бұл кесек тұлға, тарихи қайраткер Тәуелсіз Қазақстанның жаңғырған жаңа тарихында жан-жақты зерттеліп, лайықты зерделенуі тиіс.
Пайдаланған әдебиет:
1. http://egemen.kz/2015/01/01/46410
Құрастырғандар: Сулайманов М., Көбеев Ж.