ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ӘЛЕМДІК БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНДЕ
Әлемде болып жатқан өзгермелі жағдайлар білім беру жүйесіне де әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Елімізде жүргізіліп жатқан білім беру жүйесі әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Білім — қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі — адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту.
Әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылық мақсаты-өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония сияқты әлемдегі дамыған елдерді мысалға алсақ, республикамыздың ғылыми жетістіктер мен жаңалықтары жағынан артта қалғандығын байқаймыз. Сонымен қатар, біздің өмір сүріп жатқан кезеңіміз – ақпараттық технологиялар кезеңі, соған байланысты адамдардың қоғам, табиғат және ғылым салаларында жеткен жетістіктеріне байланысты оқу үдерісінің мазмұны мен оқытудың әдіс-тәсілдері жаңартуды қажет етеді. Сондықтан басқа мемлекеттермен қатар біздің мемлекетіміздің білім саласы да оқытудың инновациялық әдістерімен қатар түрлі технологияларды пайдалануда.
Қазіргі кезде Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр, білім берудің жаңа мазмұны пайда болуда:
- білім мазмұны жаңа біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде;
- ақпараттық дәстүрлі әдістері – ауызша және жазбаша, телефон және радиобайланыс – қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға ығысып орын беруде;
- баланың жеке басын тәрбиелеуде, оның жандүниесінің руханибаюына, азамат, тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінуде;
- мектеп, отбасы мен қоршаған әлеуметтік ортаның бала тәрбиесіндегі бірлігіне ұмтылыс жасалуда;
- қоғамдық біліммен бара-бар педагогикалық технологияның кеңінен қолданылуына және ғылымның рөліне мән берілуінде. [1]
Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында» көрсетілген білім беру жүйесінің негізігі міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуды көздейді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында білім ордаларында жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың негізгі мақсатын айқындап алуда және оқытудың тиімділігін, сапасын көтеруде. Оқыту технологиясы білім берудің тиімді жолдарын зерттейтін ғылым ретінде оқыту үрдісінде қолданылатын тәсілдер, принциптер мен айқындаушы жүйе, нақты оқыту процесі ретінде сипатталады. Осыған байланысты еліміздің орта мектебін әдіснамалық құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан түгелдей қайта құру ұсынылуда. [2]
Қазақстанда Дүниежүзілік банктің қатысуымен ҚР Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың ажырамас бөлігі болып табылатын кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту жобасы іске қосылды. Қазір республикада Атырау, Екібастұз, Өскемен қалаларында үш өңіраралық орталықтың және Астана қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында екі кәсіптік лицейдің құрылысы жүргізілуде. Оған 600 млн теңге қарастырылған. Даму стратегиясында Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында әлемдік деңгейдегі 4 колледж салу қарастырылған. Қазіргі таңда білім беру саласын жетілдіру мақсатында «E-learning» электронды оқытуды дамыту жобасына 600-ге жуық мектеп қосылды. Бұл жоба 2020 жылы мектептердің 90%-ын қамтитын болады. Алайда, мұндай оқудың тез дамитынын ескеріп, әлемдік трендтерді үнемі қадағалап, уақытылы түзетулер енгізіп, заманға сай жаңа білім беру жүйесіне келу қажет. [3]
Еліміздің орта мектептеріндегі оқыту мазмұнын өзгерту үшін жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне онлайн семинарлар өткізу жобалары іске асырылуда. Семинарларды Интеллектуалдық мектептердің мұғалімдері өткізетін болады. Жыл бойы 48 семинар өткізіледі. 2011-2012 оқу жылдары семинарлардың тақырыбы «Критерийлік бағалау», 2012-2013 оқу жылдары «Сыни тұрғыдан ойлау» деп белгіленген. Жалпы орта мектептер базасында электрондық оқытудың жаңа білім жобалары іске қосылуда. 7-11 сынып оқушылары үшін жаратылыстану-математика сабақтары бойынша онлайн-сабақтар ұйымдастырылып, сабақтар оқушылардың білімін тереңдетуге бағытталынады. Жыл бойы Интеллектуалдық мектептердің мұғалімдері 340 онлайн-сабақтар өткізеді.
Қазақстанда жоғары білім мәселесі экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Бірақ, бұл мәселені шешуде тек қаржылық-экономикалық жағдаятқа ғана сүйенуге болмайды. Білімді реформалауға кешенді түрде қарап, әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторларды да ескеру қажет. Қазақстанда жоғары білім беру жүйесінде 147 ЖОО жұмыс істейді, онда 620 мың студент оқиды. Биыл республикалық бюджет есебінен 350 магистрант ТМД, Еуропа, Азияның Оңтүстік Шығысына барады. Сондай-ақ, биыл 1493 шетел ғалымы және оқытушылары Қазақстанның 27 жоғары оқу орнына жұмысқа тартылады.[4]
Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізі болып табылады. Білім беруді дамыту бағдарламасын іске асыру-бәсекеге қабілетті сапалы адамзат капиталын құруды қамтамасыз ететін жүйені жасауға мүмкіндік береді. Жоғары білімді қазақстандықтардың жаңа буыны онжылдықтардың күрделі мәселелерін шешуге қабілетті болады.[5]
Қазіргі таңдағы адамзаттың тіршілігінің негізгі міндеттерінің бірі білім алу болып табылады. Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп ай туымызға болады. Себебі, қай мемлекеттің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің деңгейімен байланысты. Яғни, болашақта бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына ену міндеті бәсекеге қабілетті жас маман мойнына жүктелетін абыройлы да, жауапты міндет болып отыр. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат.Сондықтан да ел азаматтарының білім алуына мемлекет бей-жай қарамауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- http://www.uniface.kz
- http://martebe.kz/bilim-beru-zhuiesin-zhetildiru/
- http://www.rusnauka.com/5_SVMN_2013/Pedagogica/4_126085.doc.htm
- http://bigox.kz/bilim-beru-zhujesin-damytudagy-shetel-tazhiribesinin-roli/
- http://old.group-global.org/ru/lecture/view/8416
Құрастырғандар: Айдралим Н., Көксеген А.