ҚАЗАҚСТАН – ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚТА
Еліміз әлемдік қауымдастықта өркениетті ел ретінде ерекшелену үшін бірнеше алғышарттар керек. Біріншіден, басқа елдермен, оның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Міне, осы бағытта 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты.
Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар. Екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда 1996 ж. 27-ші сәуірде Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңызы өте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси-экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді.
Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 ж. 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді. 2000 ж. 25 қаңтарында Қазақстан Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путиннің кездесуі болды. Онда екі жақты қарым-қатынасты одан әрі жетілдіре түсуге жете мән берілді. Ал 2002 ж. желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары барысында екі ел арасында қалыптасқан достық байланыстарды барынша тереңдетуге күш салынатыны баса айтылды. Сондай-ақ, аймақтық және халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды. Екі жақты деңгейдегі, ТМД, ЕурАзЭқ, ШЫҰ шеңберлеріндегі ынтымақтастық қарым-қатынастар аймақтағы елдер қауіпсіздігінің, интеграциялануының басты кепілі болып табылатыны атап көрсетілді.
2003 жыл Ресейдегі Қазақстан жылы, 2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7 млрд. долларға жетті, мұның өзі 2003 жылғы сондай көрсеткіштен 40% дерлік көп (Егемен Қазақстан, 12.01.2005). 2005 жылдың басында Қазақстанда тұтастай жарғылық қоры 250 миллион АҚШ долларынан асатын, Ресеймен бірлескен 1100 кәсіпорын болды. Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет — Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті.
1990 ж. Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп, біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуы өте жоғары қарқын ала бастады. Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына 1992 ж. тамызда барған алғашқы сапарынан бастап, барлық байланыс жолдарын ашудың сәті түсті.
Екі елдің арасында сауда соңғы жылдары ондаған есе өсті. 1997 ж. 25 қыркүйекте Алматыда өткен Қазақстан және Қытай делегациялары арасындағы келіссөз барысында Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырына шығыстағы көршіміз тарапынан 9,5 млрд. доллар жұмсалатыны жөніндегі шартқа қол қойылды. Мұның өзі саяси-экономикалық байланысты нығайтуға, шекара маңында тыныштық пен бейбіт өмірді сақтауға кепілдік берді.1998-1999 жж. белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында тағы да жаңа маңызды уағдаластықтарға қол жетті. Ең алдымен шекараны нақтылау негізінен аяқталды.
Қытаймен арадағы шекараны айқындап белгілеу Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қосымша кепілдіктер берілгенін білдірді.Қазақстан Президентінің Қытай мемлекетіне 2002 ж. желтоқсан айында жасаған сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады. Екі мемлекет басшыларының кездесуі барысында 5 құжатқа қол қойылды. Оның ең маңыздысы “Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт” болып табылады. Сондай-ақ, бұдан басқа екі ел деңгейінде халықаралық ланкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күресте ынтымақтастық жөнінде, екі мемлекет арасындағы қауіпті әскери әрекетті болдырмау туралы және т.б. құжаттарға қол қойылды.
Екі арадағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға артып, 2004 жылы оның көлемі 3 млрд. АҚШ долларынан асты. Жалпы соңғы жылдары ҚХР басшыларымен өзара кездесу, келіссөздер жүргізу біздің елдің сыртқы саясатындағы тұрақты құбылысқа айналды.Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 ж. 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады. 1991 ж. желтоқсанында Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкер Алматыға келіп, Н.Ә.Назарбаев және басқа да ресми адамдармен келіссөздер жүргізді. 1992 ж. көкек айында Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және қарым-қатынастар жөніндегі АҚШ Конгресі комиссиясының делегациясы келді. Сол жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы сапармен барды. Осы сапардың барысында: “Сауда қатынастары жөніндегі келісім”, “Қаржы салымдарын өзара қорғау жөніндегі шарт”, “Қазақстан Республикасы және АҚШ үкіметтері арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандум”, “Қос қабат салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция келісімі туралы бірлескен мәлімдемелерге” қол қойылды. Сөйтіп, екі жақты қарым-қатынастардың шарттық-құқылық негіздері қаланды.
Осыдан кейінгі жылдары Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынастары серпінді түрде дамып келеді. Қазіргі кезде АҚШ Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы болып отыр. Вашингтон Қазақстанға Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік тұғыры, өзінің осы аймақтағы басты серіктесі ретінде қарайды. 1999 ж. желтоқсан айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев АҚШ-қа тағы да бес күндік сапар жасап, екі ел арасындағы байланысқа жаңа жол ашты. Екі мемлекет арасындағы келісім барысында ХХІ ғ. басындағы басымдық беретін басты бағыттары айқындалды.Біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігіне он жыл толуына орай жіберген құттықтау хатында АҚШ Президенті Дж. Буш Қазақстан Халықаралық қоғамдастық үшін аймақтағы тұрақсыздық пен жанжалдарға қарсы шешуші рөл атқаратынын қуаттады. 2001 жылы желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында «Жаңа Қазақстан-Америка қатынастары туралы” бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.Сонымен қатар, Қазақстан үшін Түркия, Пәкістан, Үндістан, Иран мемлекеттерімен, сондай-ақ Азияның Жапония, Оңтүстік Корея сияқты және басқа елдерімен ынтымақтастықтың да мәні өте зор.Қазақстанға ортақ шекарасы, қалыптасқан шаруашылық, тарихи және мәдени-этникалық байланыстары бар Орта Азиядағы — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас жасау өте маңызды. Осы бағытта 1994 жылы Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан кейіннен 1998 ж. 4-ші мемлекет Тәжікстан қосылды. Осы елдер арасындағы жасалған Шартқа сәйкес Мемлекетаралық кеңес пен оның негізгі институттары – Премьер-министрлер кеңесі және олардың тұрақты органы – Атқару комитеті құрылды. Ортақ экономикалық кеңістік туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі жылдар ішінде көп жақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары, көкейкесті халықаралық күрделі мәселелер және республикалардың экономикалық интеграциясы бойынша 200-ден астам құжаттар қабылданды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығының 2005 жылға дейінгі интеграциялық даму стратегиясы. 2002 жылдың ақпан айынан бастап Орталық Азия экономикалық қауымдастығы жаңа келісілген құжат негізінде “Орталық Азия ынтымақтастығы” болып қайта құрылды.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты көңіл аударып отырған мәселелердің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресеймен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шекараны тұрақтандырып бекіту өте қажет іс еді. Шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси проблема Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарттар бойынша Қазақстан мен Ресей әрі қарай да аймақтық қауіпсіздікті бірлесіп нығайту және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сөйтіп сыртқы саясат саласында өзара бірлесіп әрекет ету көзделген. Ресей мен Қазақстан арасындағы қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселесі екі ел арасындағы 1998 жылы шілдеде қабылданған “Мәңгі достық және одақтастық туралы декларацияда”, сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық туралы алдағы 10 жылға (1998-2007 жж.) арналған экономикалық бағдарламада өзінің даму көрінісін тапты.
Осы келісімдер негізінде Қазақстан-Ресей шекара белдеулерінде делимитациялау шаралары жүргізіле бастады. Ал 2000 жылы қаңтарда Мәскеуде өткен екі мемлекет басшыларының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жасалды. Біріншісі – екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Екіншісі — қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі – шекараны нақтылау мәселесі.Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен – 7,5 мыңнан астам шақырым, Туркменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым. Ресеймен шекараны делимитациялау мәселесі 1998 жылғы 6 шілдеде екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінен және сол жылғы 12 желтоқсандағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі хаттамадан басталды.
Алты жыл аралығындағы құжаттарды әзірлеумен тыңғылықты айналысқан сарапшылар шекаралық сызықтың барлық нүктелері бойынша ортақ келісімге келді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин 2005 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Шын мәнінде, тарихи деп бағалауға болатын осы құжат бойынша екі ел үшін де айрықша маңызы бар шекара мәселесі халықаралық нормаларға сәйкес шешімін тапты. Елбасы атап өткендей, “қадым замандардан қазақ-орыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылып отыр”. Әлемдегі жерүстілік ең ұзын саналатын, жалпы аралығы 7591 шақырымды құрайтын бұл шекара сызықтары белгіленіп және мойындалып, екі мемлекет арасындағы мызғымас достықтың сенімді кепілі ретінде бағаланды.Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арадағы шекараны заңдастыруға кірісті. Өзара түсіністік пен мүдделілік бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Премьер-министрі Ли Пэн екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 1718 шақырымға созылып жатқан желінің екі шағын учаскесінен (бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарындағы) басқасы түгел заң жолымен бекітілді.
Келесі кезектегі мәселелерді шешу үшін делимитациялық комиссия құрылды. Жоғары дәрежелі кездесу кезінде шекара мәселелерін толық реттеуге қатысты келіссөздерді одан әрі жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жетті. Бұл бағытта 1996-1998 жж. үш арнайы келісім болды. Соның нәтижесінде 1999 ж. қарашада Цзянь-Цземинь мен Н.Назарбаев шекаралық мәселелердің толық үйлестірілуі туралы арнайы коммюникеге қол қойылды. Сөйтіп, Қытаймен шекараны межелеу негізінен аяқталды.Сонымен қатар, Қазақстан бұл жылдары өзінің жақын көршілері — Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түркменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде түпкілікті реттеуге қол жеткізді.Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарады. 1996 жылғы сәуірде Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол қойылды. Кейін бұл келісімге Өзбекстан қосылды.“Шанхай келісімі” негізінде алты ел басшыларының жыл сайынғы кездесуі 1997 ж. Мәскеуде, 1998 ж. Алматыда, 1999 ж. Бішкек, 2000 ж. Душанбе, 2001 ж. Алматыда болып өтті. Онда аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланып, осының нәтижесінде Декларациялар қабылданды. 2002 жылғы маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Санкт-Петербург қаласында болып өтті. Оның жұмысында ШЫҰ құрылымын орнықтыру іс жүзінде көрініс тапты. ШЫҰ-ның Секретариаты Пекинде, ал Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның штабпәтері Бішкекте орналасатын болды. Бұл кездесуде 3 құжатқа – ШЫҰ Хартиясына, аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды.Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты мақсат – бейбітшілік, соғысты болғызбау. 1992 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Президент Н.Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді. Оған сәйкес 1993 ж. көктемде Алматыда осы мәселеге байланысты шақырылған бірінші бас қосуға оннан аса мемлекеттен өкілдер келген болса, сол жылғы тамыз айындағы кездесуге 17 елден сарапшылар тобы келді. Қазақстан Хельсинки процесіне қосылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жұмысына қатысты (1992 ж.). Ал 1996 ж. 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды.Қазақстанның СШҚ-І-Шарты мен ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы әлемдік маңызы бар оқиға. Мұның өзі елдің қауіпсіздігінің кепілдіктерін күшейтті. 1994-1995 жж. басты ядролық державалар – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, ҚХР мен Франция Қазақстанға қауіпсіздіктің бірлескен және жан-жақты кепілдіктерін берді.Қазақстан саяси-әскери одақ — НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді.
Бұл ынтымақтастық “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы аясында дамып, еліміздің қарулы күштері үшін кадрлар даярлауға қызмет етеді.Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен шекарасының тұтастығын қорғау үшін өзінің жеке Қарулы Күштерін құрудың зор маңызы болды. Оны іске асыру Елбасының 1992 ж. мамырдағы “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” жарлығымен басталды. 2000 ж. 10 ақпанда 1999-2005 жылдарға арналған жаңа әскери доктрина және ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Осы құжаттарға сәйкес армия елдің ішкі жалпы өнімінің бір пайызынан кем емес көлемде қаржыландырылатыны көзделді. Доктрина негізінде Қазақстан жерінде әскери аумақтық құрылымға көшіру жүзеге асырылып, елдің барлық аймағын қамтыған Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Орталық әскери округтері құрылды. Сөйтіп, біздің елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету ең басты мәселе болып қала береді.1992 ж. наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы республика үшін орасан зор маңызы бар оқиға болды. Осыдан кейін елімізге басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Атап айтқанда, Қазақстан негізгі валюта-қаржы ұйымдарына – Халықаралық Валюта қорына, Дүниежүзілік қайта құру және даму банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне мүше болып енді. 1997 ж. басында Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды.
Нәтижесінде Қазақстанның шет елдермен экономикалық байланыстары арта түсті, оған берілетін инвестициялық қаржылардың көлемі артты. Мысалы, 1992-1995 жж. халықаралық қаржы институтының Қазақстанға бөлген қаржысының мөлшері 2 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Тәуелсіздік алғалы бері 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.Қазақстанға тікелей инвестиция берушілердің тізімінің басында АҚШ орналасқан, одан кейін Ұлыбритания, Италия, Канада, Нидерланды, Германия, ал Азия аймағынан Қытай, Жапония, Индонезия және Оңтүстік Корея бар. Қазақстан АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Американдық “Шеврон” компаниясымен Теңіз мұнай көздерін игеру жөніндегі ірі шартқа қол қойылды. Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 14 млрд. доллардан асты. Қазақстанның сауда айналымының шамамен 62% ТМД елдерінің үлесіне, 24% Еуропа елдерінің (35 ел), 13% Азия аймағы елдерінің үлесіне тиеді.Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізіп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы (Сальдо – белгілі бір уақыт кезеңіндегі ақшалай түсімдер мен шығындар арасындағы айырма) 7 млрд. доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсті деген сөз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен ТМД-ның ауқымымен шектелген біздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түсті. Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты. Осылайша біз әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына ендік (Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан, 19 ақпан 2005 ж.).2007 жылы 30 қарашада Мадридте ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қазақстан Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сайланды. 2010 жылы Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін берген әлемнің 56 мемлекетінің шешімі – еліміз қол жеткізген тағы бір ірі жетістік.
Бұл – елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық зор беделінің ерен табысы, еліміздегі ұлан-ғайыр оң өзгерістердің, біздегі демократияның айшықты нәтижесі. Біздің еліміз халықаралық мойындауда және өзінің дамуында жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. ЕҚЫҰ – дүние жүзіндегі аса беделді халықаралық ұйымдардың бірінен саналады. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол бірінші түркі елі, ол тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, ең соңында, ол бірінші азиялық ел.
Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды. Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.
Тұғыры көк байрағымызды аспанда желбіретіп ұстау енді келешегі кемел, білімді болашақ ұрпақтың еншісінде. Ата-бабаларымыздың аңсап келген «Мәңгілік ел» болу өсиетін қазақ халқының маңдайына біткен көрегендігі мен даналығы, әрбір ісін халқы үшін жасап отырған «Елін сүйген,елі сүйген» елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы. Бүкіл дүние жүзі халықтары бүгінгі күнде қазақ халқын картадан ғана емес, оның жер байлығы мен экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатындағы мемлекеттің бірі болуының өзі Елбасымыздың көреген саясатының жемісі. Сонау Қасым хан негіздеген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» мен Елбасы салған сындарлы сара жолымен жүріп келе жатқан және «Қазақстан – 2030 стратегиясының» бүгінгі күнде мерзімінен бұрын орындалып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Әлемдік діндер ұйымының конференциясының өтілуі, 2010 жылы Қысқы Азияда ойындарының өтілуі, ЕXPO-2017 көрмесінің ұтып алуы бұл қазақ халқының дүние жүзі алдындағы бірлігі жарасқан, толерантты мемлекет екенін дәлелдеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қазақстан тарихы. Очерктер. 123-148-бб.
- Қазақстан тарихы. Бес томдық. 1-бөлім, 5-6 тараулар.
- Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім
Құрастырғандар: Ақылбек Ғ., Бидайбеков М