ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ ТӘРБИЕ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚТАРЫ
Тәрбие, тәлім-тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс.
Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады.[1]
Қазіргі уақытта отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас баланың жеке тұлғасының, әсіресе оның мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екендігі белгілі. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ерекше және көрнекі түрде, әсіресе, бала тәрбиесінде көрінеді. Отбасылық тәрбие жүйесінің және «ана-бала» қарым-қатынасы үйлесімділігінің бұзылуы – балаларда невроз ауруының пайда болуына себепші негізгі патогенетикалық фактор деген көзқарасқа кейбір ғалымдар ерекше көңіл бөледі. Мысалы А.Е.Личко мен Э.Г.Эйдемиллер ерекше мінезді және психопатия белгілері бар балаларға отбасылық тәрбие берудің 6 түрін атап көрсетеді.
Гипопротекция (гипоқамқорлық) балаға қажетті қамқорлықтың жоқтығымен сипатталады (балаға уақыт жетпейді). Мұндай қарым-қатынас кезінде бала өзімен –өзі болады, өзін ешкімге керегі жоқ деп сезінеді. Басым гиперпротекция баланың дербестігіне, ынталылығына тосқауыл болатын тым артық, ығыр қылатын қамқорлықтан туады. Гиперпротекциялық тәрбие кезінде ата-ана баладан үстем болады, яғни баланың тәртібіне қатаң бақылау жасалып, оның шын мәніндегі қажеттілігі ескерілмейді (мысалы, баланың қарсылығына қарамай анасы оны мектепке дейін шығарып салады). Қарым-қатынастың мұндай түрі басым гиперпротекция деп аталады. Оның бір түріне отбасының еркесі ретінде баланың барлық қажеті мен еркелігін қанағаттандыратын құптаушы гиперпротекция жатады. Эмоционалды шеттету баланың қай қылығын да қабылдамаудан туады. Шеттету ашық түрде ( мысалы, сен мені мезі еттің, кет, жолама маған деген сияқты) немесе мазақтау, кекету, мысқылдау сияқты жасырын түрде болады. Қатал қарым-қатынас баланы ұрып-соғу арқылы көрінеді немесе жасырын, яғни эмоционалдық дұшпандық пен суықтықтан көрінеді. Жоғары моральдық жауапкершілік бала болашағының ерекшелігіне үміт артып, баладан жоғары моральдық тәртіп талап етуден болады. Тәрбиенің мұндай түрін ұстанатын ата-аналар балаға отбасының басқа мүшелеріне қамқоршы, қорғаныш болуды жүктейді. Дұрыс тәрбиелемеу бала мінезінің одан сайын бұзылуына әсер ететін фактор болып табылады.
Мінездің ерекшеленуі дегеніміз – мінездің нормаға сәйкес келмейтін жеке бір ерекшелігінің тым айқын көрінуі. Ерекше мінезді балалардың психикасын зақымдауы мүмкін кейбір әсерлерге тым осал болады. [2]
Баланың жеке тұлғасының отбасында қалыптасуы ата-ананың балаға қарым-қатынасы мен әртүрлі тәрбиеден басқа ата-анасының нұсқауларымен де анықталады. Олар баланың көптеген эмоциялық проблемаларының бастауы болуы мүмкін. Бұл жерде нұсқау деп жасырын, жанама бұйрықты түсіну керек. Ол ата-анасының сөздерінен не іс – әрекеттерінен ашық түрде байқалмайды, оны орындамағаны үшін бала ашық жазаланбайды, жанама түрде жазаланады (ата-анасының алдында өзін кінәлі сезіну). Тек нұсқауларды орындап қана бала өзінің «жақсы» екенін сезінеді. Нұсқау — бұл ата-ананың балаға деген «жасырын жолдауы», ақыл айтуы. Ата-ана нұсқауларының мынадай түрлері мен мазмұнын көрсетуге болады.Олар: 1)Өмір сүрме тұрмыста бұл жолдау көзіме көрінбе, жер жұтқыр деген сияқты күңіреніп сөйлеу арқылы берілуі мүмкін. Бұл нұсқаудың мәні баланы үнемі кінәлі сезіндіру арқылы басқару.
Бала ойланбай ата-анасының өміріндегі барлық бақытсыздықтың себепкері екенмін, оларға өмір бойы қарыздар екенмін деп шешуі мүмкін.2)Бала болма тұрмыста «Сен 5-ке келдің, бірақ өзіңді әлі кішкене бала сияқты ұстайсың», «Тез өссең екен» деген сөздермен беріледі. Ата-аналары кез-келген балалық көріністің қадірін кетіретін сөздерді жиі қолданады және баладан үлкендерге тән мінез көрсетуін қалайтынын айрықша баса айтады. Мұндай нұсқаудың жасырын мағынасы бала тәрбиесінің жауапкершілігін өз мойнына алуға ата-анасының дайындығы әлі қалыптаспағанына байланысты 3)Өспе өмірде бұл «Есеюге асықпа», «Боянуға сен әлі кішкентайсың» деген сөздерден көрінеді. Мұндай нұсқауларды балаларының жыныстық жетілуінен өлердей қорқатын ата-аналар береді. Ержеткен кезінде мұндай балалар өз отбасын құруға қиналады, егер отбасын құрса да ата-анасымен бірге тұрады. 4)Ойлама күнделікті өмірде бұл нұсқау «Ойыңа алма», «Білгірсіме» деген сөздерден көрініс табады. Бұл нұсқауда ойлауға, пайымдауға тиым салынады. Мұндай нұсқаудың жасырын мағынасында өздерінің нақты проблемаларын шешуде ата-ананың қорқыныш сезімі және ол сезімді балаларға беруі жатыр. 5)сезінбе бұл нұсқауда жалпы сезімге немесе қандай да бір нақты сезімге тиым салынады. Мұндай балалар кейін есейгенде отбасылық өмірінде өзінің екінші жартысына сезімдерін көрсетуде қиындық көреді. Баланы өзінің сезімдеріне, тәннің кейбір белгі- дабылдарына құлақ аспауға үйретеді. Ержеткен кезде олар психосоматикалық ауруға жиі ұшырайды.6) жетістікке ұмтылма — мұндай нұсқаулар «Біз өзіміз ешқандай университет бітірген жоқпыз», «Сенен ештеңе шықпайды» деген сияқты тәрбиелік әңгімелер арқылы жүргізіледі. Бұл нұсқаудың жасырын мағынасында балаларының жетістігіне деген санасыз қызғаныш сезімдері жатыр. Ержеткенде мұндай тәрбие алған балалар еңбекқор, ынталы адам болуы мүмкін, бірақ оларды қырсық шалғандай болады. «Жетекші болма». Мұндай нұсқау алған балалар жиі-жиі «Алға шықпа», «Ерекшеленбе», «Елдің бәрі сияқты бол» деген сөздерді естіп өседі. Ата-анасы басқа адамдардың өз баласына деген қызғаншақтық сезімінен қорқады. Ержеткенде бұл балалар үнемі біреуге бағынумен болады, қызметтік сатыда өсуден бас тартады, отбасында басшы болуға ұмтылмайды.7) Менен басқа ешкімге тиесілі болма,бұл нұсқауды қарым-қатынасында қиындықтары бар ата-аналар береді. Олар тек баласы ғана дос деп есептейді. Есейе келе мұндай балалардың өзін-өзі бағалауы осыған сай болады, бірақ кез-келген топ ішінде ол өзін жалғыз сезінеді, топқа қосылуда үлкен қиындыққа тап болады.[3]
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», — деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Соның ішінде әйелдің алатын орны ерекше. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығаяды, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. [4]
Баланың эмоционалдық қажеттіліқтеріне назар аударып, әңгімелесіп және ойнап, тәртіпті сақтатып, қажетті бақылауды жүзеге асырып және жанұяға қажеттi материалдық қаржылармен қамтамасыз етедi. Сонымен қатар, балаға тәуелсіздік және дербестік беру керек, үйден бөлек жерлерде басқа балдар мен үлкендермен араласуға жағдай жасау қажет. «Бала нені білсе жастан – ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан. Ата-анадан өсіп, ұрпақ тараған, жақсы, жаман болса бала — солардан», — деп Бауыржан Момышұлы бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін құлаққа ұғымды, ойға қонымды етіп тұжырымдайды. «Адам бақыты – бала » деген ғұлама ойшылдардың пікірін біздің қазақ былайша өрбітіп, түйіндейді: «Адам бақыты – бала, егер ол саналы болса». Ұрпақ тәрбиесіндегі кемшілік дегеніміз мертігумен бірдей. Тәрбие бала тумай тұрып, дүние есігін ашпай тұрып басталуы тиіс.
Кейбір отбасында тәрбиенің қиындығы әке мен шеше өз кемшіліктерімен күреспей, қайта оны жуып-шайуға ұмтылумен сипатталады. Солай бола тұрса да олар балаларынан тәртіпті болуды талап етеді. Ал, өте байқағыш, сезімтал балалар ересектердің мұндай қылықтарын жылдам байқайды. Бұл жағдай балалардың азамат болып өсуіне кері әсер тигізеді. Осы ретте А.С.Макаренко ата-аналарға оқыған лекциясында: «Әрбір әке, әрбір шеше өз баласында қандай қасиетті тәрбиелеп жатқанын жақсы білулері қажет», — деген.
Бала тәрбиесі ата-аналарға жауапты, міндетті жүктейді, ал ол міндеттердің көңілден шығуы ата-ананың отбасындағы әрбір үлгілі ісіне байланысты. Олай болса, А.С.Макаренконың: «Біздің балаларымыз – біздің қартайған кездегі болашағымыз. Оларға берілген дұрыс тәрбие – ол біздің болашақ қасіретіміз, көз жасымыз», — деген даналық тұжырымынан жемісті нәтиже шығарайық. [5]
Баланың жақсы тәрбиелі, қоғамда өзінің орны бар үлкен азамат болып өсуіне отбасының ролі өте жоғары. Біз отбасында баланы тек қана материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, баланың психологиялық жай-күйіне, қызығушылықтарына, жеке тұлғалық қасиеттеріне мән беруіміз керек. Баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, соған сәйкес қарым –қатынас жасалғандығы дұрыс. Соңғы кездері елімізде отбасылардың ажырасу жағдайы, отбасындағы түрлі конфликт жағдайлары көптеп кездесуде. Бұның салдары балаларға психологиялық жағынан кері әсерін тигізуде. Баланың отбасында тәрбиеленуіне анасымен бірге әкесінің де жауапкершілігін ұмыптағанымыз дұрыс. Бала ата-анасымен бірге толыққанды отбасында өмір сүрген жағдайда әлеуметтік ортада өзін сенімді ұстай алады. Қазақ халқында «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Отбасы — бала үшін маңызды орында екенін ұмытпай, біз болашақ ұрпағымызды Қазақстанға адал қызмет ететін, білімді де білікті, тәрбиелі азамат етіп өсіру міндетіміз. [6]
Еліміздің дербес мемлекет ретінде дамуы қоғамның болашақ ұрпақтарын ұлттық ерекшеліктеріне тәрбиелеуді қажет етіп отыр. Ал халқымыз ежелгі тәлім-тәрбие тұжырымдамасында «Тәрбие дегеніміз халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық дәстүрлерін жас ұрпақтың бойына сіңіру»- деп көрсетуі бүгінгі әрбір қазақ баласын өзінің діні мен діліне сай үйлесімді тәрбиелеуді көздейді.
Өмірде жетістікте те, жақсылықта, жамандықта, кездейсоқ оқиғалар да болып жатады. Келеңсіз оқиғалардың адам жанына салатын жараларының көбейіп бара жатқандығына зер салып, әркім өзінше әрекет етеді, өзінше көзқарас танытады, өзінше мониторинг жасап зерттейді. Әрине, әр маман өзінің қызметінің жемісін жақсы жағынан жетілдіруге, халқын дамытуға өз үлесін қосуға тырысуы тиіс.
Қазақ баласын аузынан Алласын тастатпай, баласын тектілікке баулыған. Текті жануарларға теңеп, өмірдің әрбір келеңді-келеңсіз сәттерінен сабақ алып отырған. «Жылқы тектес, қой мінезді» деген сияқты жақсы сипаттарды көрсете отырып, тәрбиенің арқауын ұзын арқан, кең тұсауға салмаған. Тәрбиеге ат үсті қарамаған, сәл кемшіліктің өзіне үлкен жауапкершілікпен мән берген. «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, сосын он бес жасқа дейін құлан-тайдай жұмса, одан кейін құрбыңдай сырлас», — деп бекер айтпаған. Біз өзіміз дұрыс пен бұрысты ажырата алмаймыз. Бала санасына салмақ салатын көп ғылымды тықпалап, ең қажеттісін айта алмаймыз. [7]
«Тәрбие тал бесіктен басталады» деп, дана халық айтпақшы қай ұлттың болмасын тәрбие ісінде басты негізге алатын қайнар көзі – ұлттық тәрбие. Себебі, әр халықтың бала тәрбиелеу ісінде көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына сай өзіндік сара жолы бар. Сондықтан ұлт тәрбиесі заман тезінен сыналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс.
Қазақ халқы адамның имандылығына мінез–құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлген. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен баланы «көргенді» деп, жүрегінен нұр өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған.
Әр отбасы өз ұрпағына ынтымақ пен имандылықты, адамгершілік пен ізгілікті аманаттаған. «Көргенді жердің, текті жердің баласы екеніңді таныт, ата-анаңа кір келтірме!» деген өсиет сөз біздің жүрегімізде жатталып, атадан балаға мирас болған.
Баланың сапалы білім алуы мектепте ғана емес, ата-ананың қамқорлығына да тікелей байланысты. Салауатты отбасы өркениетті қоғамның талабы. Қазіргі заманғы отбасы тәрбиесінің жағдайына әлемдік деңгейде мән беріліп отыр. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениетке жеткізу, ең алдымен, әр отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ. Оған дәлел 1989 жылы Біріккен ұлттар ұйымында қабылданған, кейіннен 1995 жылы Қазақстанда қабылданған. “Баланың толық үйлесімді дамуы үшін, ол мейірім мен өзара түсініктігі бар, қызығушылыққа көп көңіл бөлетін бақытты ахуалдық ортасы бар отбасында өсуі қажет. Сондай-ақ бала әлі дене, ақыл-ой жағынан толыққанды жетілмегендіктен, олар туылғанға дейін де, туылғаннан кейін де ерекше мейірімділікке, қамқорлыққа, әсіресе, құқықтық қамқорлыққа мұқтаж”деп көрсетілген. Қазіргі кезде отбасындағы ынтымақтастықты орнатуға немқұрайлықпен қарау орын алып отыр. Бұл көрініс жағдайымен отбасындағы балалар тәрбиесіне көңілдің бөлінбеуі, тіпті ата-аналардың жиналысқа келмеуі, тіпті мектеппен байланыс жасауға талпыныстың болмауына әкеліп отыр. Жас ұрпақ елдің болашағы, тірегі, тізгіні. Егемен еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар сондай жас ұрпақты тәрбиелеу ұстаздар қауымына аса жауапты да қиын міндеттер жүктейді.
Қазіргі кезде мектеп пен ата-ана арасында байланыс үзілді. Бұл кемшіліктің ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетінін күнделікті өмір дәлелдеп отыр. Мәселен, ата-аналар жиналысына келмеуі, ұл-қызының оқуы мен тәрбиесіне көңіл бөлмеуі ерекше ойлауға, себебін ашуға тұрарлық мәселе. Ата-ана мен мектеп арасында байланыс болмайынша саналы тәрбие, сапалы білім болуы мүмкін емес. Ата-ананы мектепке шақырғанда, сол жиынның ата-анаға тигізер әсеріне, тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлгені абзал.[8]
«Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», — дейді.» [9]
Қорыта келгенде қазіргі таңдағы балалардың тәртіпті болуы үшін ата-аналарының балаларына уақытын бөліп, тәртібіне мән беру керек. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналу керек. Сол себепті, қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа, біз, жастар да үлес қосуымыз керек.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- http://kk.wikipedia.org/wiki/Тәрбие
- http://www.enu.kz/repository/repository2014/otbasylyk-karym-katynas.pdf
- http://www.enu.kz/repository/repository2014/otbasylyk-karym-katynas.pdf
- http://massaget.kz/blogs/235/
- http://collegy.ucoz.ru/load/2-1-0-6541
- http://www.enu.kz/repository/repository2014/otbasylyk-karym-katynas.pdf
- http://baq.kz/kk/regional_media/post/42649
- http://mdt.idhost.kz/home/2012-09-29-16-50-06/289-2012-11-02-19-16-24
- http://www.enu.kz/repository/repository2014/kazirgi-otbasy.pdf
Құрастырғандар: Сабденбаева Ж., Амантай Н.