ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ

Дүниеде барлық адам, барлық халық тәуелсiздiк пен бостандықты, теңдiктi аңсайтыны анық. Сол жолдағы тынымсыз күрес әлемнің кей түкпірінде әлi де жалғасып жатыр. Тәуелсiздiк ұғымының терең астарын тарих қойнауынан, ата-бабамыздың өткенiнен, оның санғасырлық арманынан iздегенiмiз абзал.

Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Қазақстанның бүгіні мен болашағы – халқымыздың ынтымақ-бірлігінде, ырыс-құтты тірлігінде». Сол бірліктің арқасында еліміз экономикалық даму мен әлеуметтік жаңару, жаңғырудың даңғыл жолына түсті. Кешегі Астана Саммитінде де әлем жұртшылығы еліміздегі ынтымақ-бірліктің қуаты мен құндылығына көз жеткізді. Жалпы, дер кезiнде айтылған сөз – тарихи ерлiк, тындырылған шаруа – тарихи әрекет. Тек сондай өрелi iзденiс қана халқымызды босағада қалдырмай, төрге алып шыға алады. Мұны көптi көрген көне тарих талай  дәлелдеп те бердi. Әрi ол Елбасының саясаттағы ұдайы iзденiстерiн де айғақтайды. Осындай ізденістер мен еңбектің нәтижесінде жүзеге асқан, әлем жұртшылығының жоғары бағасын алған. Астана Саммиті еліміздің абырой-беделін арттыра түскені анық.

Ғасырлар бойы бабалар көксеген тәуелсіздік туын желбірету бақыты бүгінгі заманда тірлік кешіп жатқан біздерге бұйырыпты. Қазiргi басты мiндет те, басты парыз да тәуелсiздiктi көздiң қарашығындай сақтау әрi оны одан әрi нығайту болып табылады. Ел, халық мүддесiн қорғап, қазақ халқы мен Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерi бiрiгiп, тәуелсiздiк мүддесiне негiз, тiрек қаласақ тәуелсiздiк рухы мемлекетiмiздi тұғырландыра түседi. Бүгінгі таңда біздің еліміз әлемдік өркениетте өзінің айшықты орнын алған мемлекетке айналды. Қазақстан өзінің экономикалық дамуының жаңа үрдістерімен де сыртқа таңылып, өз ішінде сан ұлттардың ынтымағын жарастырған ел екендігін көрсетіп, саяси тұрақтылықтың арқасында өрелі биіктерге қол созды.

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының тұңғыш Елбасы болды. Ол кісінің бастауымен біздің Отанымыз әлемге танылды. Елдің елдігін көрсетті, ерлігін танытты. Бүгінгі күні Назарбаевтың есімі дүние әлемінің көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің қатарында бірге аталады. Бұл тегінен болмаса керек. Және де Түркияның астанасы Анкарада Назарбаевтың ескерткішінің орнатылуы, Иорданияның астанасы Амман қаласындағы бір көшенің Назарбаевтың есімімен аталуы қазақтың бір ұлы, қазақтың перзенті, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз дәуірінің және бүгінгі кезеңнің ұлы көшбасшысы екендігін айқын дәлелдесе керек. Назарбаевтың есімі мен ісі адамзат тарихының беттеріне мәңгі жазылғандығын айтқан да ләзім.

Алдымызда тәуелсiздiктiң 20 жылдық белесi келе жатыр. Тарих үшiн бұл қас-қағымдай ғана уақыт. Әйтсе де, осы өте қысқа уақыт аралығында Қазақстан өз тәуелсiздiгiн әлем жұртшылығына мойындата алды. Сонымен бiрге, әлемдiк қоғам­дастықтың белсендi мүшесiне айналды. Алып державалармен терезесi тең әрiптестiк қатынас орнатты. Мұның бәрi – азға қанағат тұтқан, көпке салауат айтқан халқымыз бен ел көшiн бастаған Елбасы, Ұлт Көшбасшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың арқасы.

“Дүние дамуымен есептегенде, жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бiрақ, бiз үшiн үлкен кезең, тұтас бiр дәуiрмен бара-бар. Олай болатыны, тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себептi тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша”, – деуi арқылы да Мемлекет басшысы егемендіктің қадiр-қасиетiн биiктете түстi.Яғни, тәуелсіздігіміздің әрбір жылы ерекше маңызды екендiгiне ешкiм шүбә келтiре қоймас. Осы тәуелсiздiктiң арқасында қол жеткен жетiстiктерiмiзге көз жұма қарау – ақиқатқа қиянат. Тәуелсiздiк – тәттi сөз ғана емес, ұлттық жауапкершiлiк. Тәуелсiздiк бәрiнен де қымбат, бәрiнен де қастерлi.

Еліміздің тәуелсіздігі — ата-бабамыздын асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс. Қазақ елінің басына бұл ғасырдың тартқан сыйы мен тартуы да мол, қайғы мен қасіреті де аз емес. Қаншама қиындықты бастан өткерседе, еліміздің бар мақсаты халық болып бірігіп, тәуелсідікке қол жеткізу болатын. Сан түрлі ұлт пен ұлыстан біріккен еліміз. Азаматтыққа XX ғасырдың соңғы он жылдығында ғана әрең қолын жеткізді. Тәуелсіздікпен бірге ел тарихына, көп ұлтты Қазақстан мемлекетіне ұлы жаналықтар қоса кірді. Ұлы байтақ жері бар сабырлы да еркін халқы бар үлкен мемлекеттің өзгеге ұқсамайтын тарихы, қалыптасу, даму жолы да ерекше болды. Ата- бабадан қалған ұлан- ғайыр жерді игеріп, дербес мемлекет ретінде өз билігімізді сақтай отырып, өзгеге көңіліміз ашық, дастарханы, қолы жомарт халық ретінде дамып жатқан еркін елміз.Осы бір аумалы- төкпелі заманда елдің елдігін танытқан Елтаңба, аспан түстес көк Байрақ , рухты оятар Әнұранымыз қабылданды.Елбасымыздың елдікті орнатумен қатар, есімі тарихта қалған ұлылардың абыройын көтеруін қалай мадақтасаң да жарасып тұр. ЮНЕСКО көлемінде Абай, Махамбет, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев тойлары әлемдік дәрежеде тойланды. Тарих құндылықтары да назардан тыс қалған жоқ. Осы уақыт ішінде Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың 2000 жылдығы тойланды.БҰҰ-ның қолдауымен Қазақстан көптеген халықаралық конференциялар мен жиындар өткізді. Мәселен, 2003, 2006 және 2009 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І, ІІ,ІІІ съездері өткізілді. Бұл Қазақстанның жер байлығымен қоса, рухани байлығының дамуын көрсетеді.

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында біз үшін аса маңызды оқиғалардың бірі- әлемнің ешбір елінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуі. Бүгінгі таңда Ассамблея- жай ғана емес, өміріміздің ажырамас бөлігіне, бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың кепіліне айналды және әр этносқа өз тілін, дінін және салт-дәстүрін өркендетуге мүмкіндік беруінің өзі Қазқстанның болашағы зор ел екендігін таныта түсті. Жүздеген ұлттардың өкілдері бір- бірімен тату өмір сүріп, ынтымағы жарасқан елге айналуының бастау арнасында Елбасының елдікке негізделген саясаты жатыр.

Бүгінгі Қазақстан – әлемдік аренадан өз орын ойып алған, Азия мен Еуразияны мойындата білген өжет елдің мекені. Қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін алғаннан бері әлемдік қауымдастықтың біразына мүше болды, көптеген елдермен елшілік қарым – қатынас орнатты. Елдің абыройын, ұлан – байтақ жеріміздің тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шартқа қол қойылды.

Тәуелсіздік алып келген жетістік те, оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі – еркіндік! Еліміздің еркін өміріндегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздіктің нәтижесі. Соның бірі – Астана. Елордамыз Алатау баурайындағы әсем ару Алматыдан Арқа төсіндегі жаңа ақорда Астанаға келіп орнықты. Аз уақыт ішінде көркейіп, түрленген, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Бас қала, орман қала – жас қаламыз өнер – білім мен мәдениет пен ғылымның ордасына айналуда. Жаңа астанамыз бүгінгі күн өзінің зәулім құрылысымен ғана емес, рухани орталықтарымен де көркейіп келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, ел болғандығының арқасында әлем оралысына шығуы.

Президентіміз белгілеген «Қазақстан- 2030» бағдарламасы және жыл сайынғы Жолдауы біздің адаспайтын жолымыз, айқын да ашық бағдарымыз. Биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әдеттегідей тәуелсіз еліміздің өткен жылғы қол жеткен табыстарына, еліміздің әлемдік аренадағы алар орнына тоқтала келе Қазақстанның ертеңі мен болашағы жолындағы өтуге тиіс асуларына жан-жақты тоқталды.

Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қазақстандықтар үшін айрықша оқиға. Ол ата – бабаларымыздың қанымен, ерлігімен, қайратымен, қуғын – сүргіндерде арманда кеткен аяулы ағаларымыз бен апайларымыздың рухымен қолымыз жеткен Тәуелсіздік, оны күнделікті қорғау, қолдау қажет.

Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ету, оқу оқып, білім игеру, жас тәуелсіз мемлекетіміздің ірге тасын бекіту, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту ең басты парызымыз!

Құрастырғандар: Қабдылова Б., Жанисбекова М.

Яндекс.Метрика