ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖҮЙЕ РЕТІНДЕ

Мазмұны

 

  1. Ұлттық экономиканың құрылымы. Қоғамдық өндірістің мазмұны және түрлері
  2. Ұлттық есептің мазмұны. Қазақстанның ұлттық есепшот жүйесіне өтуі.
  3. Жалпы ұлттық өнім және есептеудің әдістері.
  4. Ұлттық байлық: мазмұны және құрылмы.

1.Ұлттық экономиканың құрылымы

“В.Леонтьев көзқарасы бойынша: «Ұлттық экономика – бір-бірімен өзара байланысқан көптеген әр түрлі қызметтер түрінен тұратын, өзін-өзі реттейтін жүйе».”[1] “Ұлттық экономиканың құрылымы – бұл оның құрамдас бөліктерінің арасындағы тұрақты сандық қатынастар. Классификациялау критерийіне байланысты келесідей құрылымдарды бөліп көрсетеді:

— ұдайы өндіріс құрылымы – ұлттық экономиканың біртектес экономикалық субъектілер топтарына бөлу (фирмалар, үй шаруашылықтары, мемлекет);

— әлеуметтік құрылымы – бұл құрылымның негізінде меншік қатынастары, еңбек түрлері және т.б жатады;

— салалық құрылым – ұқсас әлеуметтік-экономикалық қызметтер орындайтын біртектес шаруашылық бірліктерінің жиынтығымен сипатталады;

— территориялық құрылым – ұлттық экономиканы экономикалық аймақтарға бөлу;

— сыртқы сауда құрылымы – экспорт пен импорттағы тауарлар топтарының ара қатынасымен анықталады;

— инфрақұрылым – өндіріске қызметтер көрсететін салалар.
Ұлттық экономика құрылымын қарастыруда қоғамдық өндіріс құрылымы (ҚӨҚ) түсінігін анықтаудан бастаған жөн.ҚӨҚ деп отырғанымыз,сол мерзімде экономикада әр қилы факторлар ықпалымен,қоғамдық еңбек бөлінісі мен қоғамдық ұдайы өндіріс тепе-теңдігін сипаттайтын салалардың арақатынасы. Қоғамдық ұдайы өндірістің пропорциялары өндірістің әр қилы элементтері  мен бөліктерінің қалыптасқан арақатынасы және ұдайы өндірістік процестің жеке фазаларының,факторларының,салаларының т.б. арасындағы өзара байланыс пен өзара тәуелділікті сипаттайды.[2]

Қоғамдық ұдайы өндіріс пропорцияларының құрылуы объективті экономикалық заңдар ықпалымен қалыптасатын күрделі әрі қайшылықты экономикалық процесс.Оны орнату, ұстау,өзгерту шаруашылық тетігінің тиімді қызмет етуіне әсерлі ықпал етеді және өз кезегінде сол елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына,өндіргіш күштерінің даму дәрежесіне,ғылыми-техникалық прогресс  қарқыны мен ауқымына тәуелді.

Экономикалық процестердің арасындағы байланыс белгісі бір сандық пропорциялар арқылы көрсетуге қарай былайша бөлінеді:

  1. Жалпы экономикалық қоғамдық ұдайы өндірістің элементтерінің арасындағы сандық арақатынас (мысалы, тұтыну мен қор жинау, жалпы ұлттық өнім мен ұлттық табыс, өндіріс құрал-жабдықтары өндіріс пен тұтыну заттары, өндірісі т.б. арасындағы);
  2. Салааралыққа  — қоғамдық өндірістің әр қилы салаларының сандық арақатынасы (мысалы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы материалдық пен материалдық емес, өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп т.б. арасындағы);
  3. Ішкі салааралыққа – сала мен өндіріс ішіндегі сандық арақатынас (мысалы, шойын мен болат, мақта-мата өндірісі т.б.);
  4. Мемлекетаралыққа – ұлттық шаруашылықтар мен әр қилы елдердің жекеменшік өндіріс салаларының сандық арақатынасы жатады.

Ұлттық экономиканың құрылымы жалпы өнімнің ұлттық салалық құрылымы арқылы көрініс алады.[3]

Ұлттық экономиканың салалық құрылымындағы сияқты, жұмыспен қамту саласында да осы заңдылықтар байқалады,ауыл шаруашылығында қызмет ететіндер үлесі күрт  қысқарады да,өнеркәсіп өндірісіндегі еңбек ететіндер үлесі артады.Қазіргі кезеңде ұлттық экономиканың құрылымына ғылыми-техникалық революция шешуші ықпал етеді.
Ғылыми-техникалық рефолюция қоғамның өндіргіш күштерін дамытуда жаңа тарихи дәуірдің бетін ашып отыр. Ғылым қоғамның өндіргіш күштерінің маңызды элементтерінің біріне айналып отыр.[4]

Ұлттық экономика және оның қызмет ету деңгейі барысында қоғамның басты өндіргіш күші – адамның өндіріс процесіндегі ролі мен орны түбегейлі өзгереді.Техника дамуының әр қилы тарихи кезеңдерінің критерийі атқарушы қызметтің адамнан техникаға көшуі, осыған сәйкес адамның машинамен байланысының технологиялық әдісі түбірлі өзгеріске ұшырады.Осы критерийге сай қоғамдық өндіріс дамуының былайша айтқанда, технологиялық өндіріс әдісінің дамуының негізгі кезеңдерін бөлуге болады:

— Қол еңбегіне негізделген өндіріс. Бұл кезеңнің ерекше сипаты технологиялық процесте адамның техникамен байланысының күшеюінде,адам еңбек процесінің материалдық негізіне,ал еңбек құралдары оның жұмыс орындарына қуат беріп отырады;

— Еңбек процесін механикаландыруға негізделген машина өндірісі. Еңбек процесінің материалдық негізін машина қалайды,адам оны толықтырады.

— Автоматтандырылған өндіріс.Өндіріс процесінің материалдық негізін машина автоматтар құрайды.Адам «өндіріс қатарында» творчестволық,жасампаздық қызмет атқарады.Мұндай жағдайда өндіріс технологиясы адамның физикалық және психологиялық мүмкіндіктерімен де шектелмейді.[5]

Енді дамыған елдердің қоғамдық өндірісіндегі құрылымдық өзгерістердің қазіргі тенденциясын қарастыруға көшелік,ол барынша жоғары дәрежеде ғылыми техникалық революциялық дамуымен сипатталады Бұл мыналармен байланысты:

Біріншіден,ғылыми-техникалық  прогресс жетістігі,принципиалды жаңа технологиялар, осымен байланысты ұлттық экономиканы қайта құруды талап етеді.

Екіншіден,салалық құрылымдағы интенсивті қозғалыс пен өзгерістер ғылыми-технологиялық жетістіктердің қолдану дәрежесін,қоғамның өндіргіш күштерінің дамуының объективті қажеттілігі дәрежесінің көрсеткіші. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуының негізгі бағыты экономиканы «қайта индустрияландыру» ол болса бүкіл қоғамдық өзгерісті одан әрі интенсивтендіруді мына негізде қамтамасыз етеді:  өндірісті принципиалды жаңа ресурстар мен энергияны үнемдейтін,әрі экологиялық тұрғыдан таза технология негізінде қайта құру,өндірілетін өнімдер мен өндірістің техникалық-экономикалық параметрінің сапасын жақсарту,өнеркәсіптің сапасын жақсарту,өнеркәсіптің ғылымды көп қажет ететін салаларын одан әрі дамыту және олардың жалпы ұлттық өнімдегі үлесін көтеру,ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін енгізу жасымен өндірістік емес саланы индустрияландыру.[6]

Алға қойылған міндеттерді практикалық тұрғыдан шешу жолы мемлекеттің экономикалық саясатын,ең алдымен инвестициялық саясатының икемділігіне тәуелді. Ұлттық өнімнің өсу қарқынын тездетуге бағытталған мемлекеттің экономикалық процестерді реттеуге белсенді араласуын қолдайды.

Мұндай жағдайда мемлекеттің инвестициялық саясаты күрделі қаржы көлемін сандық  тұрғыдан өсіру арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталады.Қоғамдық өндірісті интенсивтендіру негізінде экономикалы құрылымдық қайта құрудың міндеттері жаңа инвестициялық саясатты ұсынады.[7]

Қоғамдық өндірістің құрылымы:

  • Материалдық өндіріс;
  • Материалдық емес өндіріс;
  • Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, материалдық-техникалық жабдықтау, сауда, қоғамдық тамақ саласы, құрылыс, су шаруашылығы және т.б. Денсаулық сақтау, білім беру, көлік, байланыс, мәдениет, несиелік мекемелер, қоғамдық мекемелер, басқару органдары.

Өндіріс үзіліссіз, қайталанып отыруы қажет.Өндіріс процесінің тұрақты қайталануын, үзіліссіз жаңғыруын ұдайы өндіріс деп атайды.
Ұдайы өндірістің типтері:

— Жай ұдайы өндіріс;

— Ұлғаймалы ұдайы өндіріс.

Жай ұдайы өндірісте өндіріс процесінің көлемі мен ауқымы үзіліссіз өзгермеген күйде қалады.Өндіріс процесінің көлемі мен масштабының еселене үзіліссіз қайталануын және жаңғыруын ұлғаймалы ұдайы өндіріс дейміз.
Нақты өмірде адамдар алтернативті (баламалы) шығындармен кездеседі. Барша ресурстар бір нәрсеге жұмсалуы мүмкін емес. Бұдан қортынды жасасақ ресурстарды пайдалану — бұл кейбір мүмкіндіктерді жоғалту, яғни қорларды бір мақсатта пайдалансақ, оларды басқа мақсатта пайдалану мүмкін емес. Бұл жоғалған мүмкіндіктерді өлшеп бағалауға болады.Баламалы шығындарды өндірістік мүмкіндіктер сызбасы арқылы бейнелеуге болады.

Барлық жүйелер қоғамдық өндірістің негізін құрайтын 5 мәселені шешу әдістеріне қарай анықталады.

1.Не өндіру керек? Қандай қызмет көрсету қажет?

2.Қанша өндіру керек? Қанша қызмет көрсету керек?

3.Қалай өндіру керек? (Қандай технология керек?

4.Кім үшін өндіру керек?

5.Өзгерген жағдайларға бейімделе алама? (яғни кәсіпкерлердің еркіндігі). [8]

2.Ұлттық есептің мазмұны.Қазақстан елінің  ұлттық есепшот жүйесіне өтуі.

Ұлттық есеп жүйесі – елдегі экономикалық процестердің нәтижесін,экономиканың құрылымын,ұлттық шаруашылықтағы өзара байланысты макродеңгейде көрсететін нарықтық экономиканың статикалық үлгісі.Бұл үлгіде қолданылатын көрсеткіштер белгілі бір шоттар мен баланстық кестелер түрінде беріледі.Ұлттық есеп жүйесі халықаралық анықтамаларға,конвенцияларға (халықаралық шарт),топтастырылуға, тұжырымдарға және есепке алу ережелеріне негізделген.

Ұлттық есеп жүйесінің негізгі мақсаты – экономиканың және оның секторларының дамуын талдау,экономикалық саясатты жете зерттеп,белгіленген бағдарлама бойынша шешім қабылдау үшін әлеуметтік-экономикалық статистиканың әр түрлі көрсеткіштрін үйлесімді түрде қолдану.

Ұлттық есеп жүйесінің дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді,ол бірде экономикалық процестің әр түрлі аспектілерін қамтуды бірте-бірте кеңейтіп,макроэкономикалық статистиканың тиісті сапаларының жүйелері мен тараулары арасында үйлесімділікке жетуге тырысып,экономиканың секторлары мен салалары үшін шот енгізу арқылы талдауды тереңдтуді ойластырды.

Қазіргі кездегі ұлттық есеп жүйесі жалпы тұжырымдамалардың, анықтамалары мен жіктеуіштердің көмегімен макроэкономикалық статистиканы өзара байланысты аса маңызды тараулар блоктарының жиынтығын білдіреді.

Мұндай блоктарға:

— өндірілген өнімнің,құрылған табыстың,экономика құрылымының неғұрлым жалпы көрсеткіштері;

— ұлттық байлықтың көрсеткіштері;

— салааралық баланстық көрсеткіштері;

— сыртқы экономикалық байланыстық көрсеткіштері;

— мемлекеттік қаржының көрсеткіштері;

— қаржы активтері және міндеттемелерімен жасалатын операциялардың көрсеткіштері.
Ұлттық есеп жүйесі экономикалық теорияның ережелелеріне сүйенеді,олардың ішіндегісіне ең маңыздысы келесілері болып табылады.

Бірінішіден, экономикалық өндірістің,яғни жалпы ішкі өнім өндіріліп,жалпы табыс жасалатын саланың жиектерін анықтау. Экономикалық ғылымда экономикалық өндіріс тұжырымдамасы көп өзгерді.Оның қалыптасуына уақытында Франсуа Кэнэннің, Адам Смиттің, Карл Маркстың, А. Маршалдың және басқа да ғалым-экономистердің еңбектері ықпал етті. Ұлттық ееп жүйесінде 1993 жылы қабылданған экономикалық өндіріс тұжырымдамасы көлеңкелі, заңсыз және формалды емес экономикада тауарлар мен қызметтер өндірісі жөніндеі қызметті қамтиды.

Екіншіден, ұлттық есептер жүйесі табыстың мәнін анықтауға тырысады. [9]  Ұлттық есептер жүйесі белгілі ағылшын экономисі Д.Хикс әзірлеген табыс тұжырымдамасына негізделеді. Д.Хикстің ойынша:табыс ақшаның кез-келген сомасы емес, сол немесе басқа тұлғаның иелігіндегі ақшалай ресурстардың адамды кедей етпей, түпкілікті тұтынуға жұмсай алатын бөлігі ғана. Д.Хикстің табыс тұжырымдамасынан туындайтын ұлттық есптер жүйесі көрсеткіштер есептеу әдіснамасына ЖІӨ –ден тауарлар сапасы табылатын кезеңде инфляция нәтижесінде тауар сапасы құнының өсімі болып табылатын холдингтік табысты алып тастау талабы қойылды.[10]

Бухгалтерлік есеп шоттары – ұйымның шаруашылық қызметі мен басқа да қызметі туралы жүйелі ақпарат алу мақсатымен қаражаттың, шаруашылық үдерістері мен міндеттемелерінің қозғалысын топтастыру, бақылау, есептеу және қорытындылау тәсілі. Бухгалтерлік есеп нысандарының арасындағы экономикалық байланыстардың екі жақты сипатына байланысты жүйелі ауыспалы айналымы және олардан туындайтын шаруашылық операциялар үдерісінде бухгалтерлік есеп шоттарында екі жақты нысан болады. Шоттың сол жағы дебет, оң жағы кредит деп аталады. Деректері теңгерімде көрсетілетін шоттарды теңгерімдік шоттар дейді. Бухгалтерлік есеп шоттарындағы жазбалар қалдықтарды (сальдо) көрсетуден басталады. Сальдо: бастапқы сальдо (есепті кезеңнің – әдетте айдың басындағы шоттар бойынша жазылады) және ақырғы сальдо (бастапқы сальдоны және есепті кезеңнің соңындағы дебет пен кредит бойынша операциялардың қорытындысы ескеріле отырып шығарылады) болып келеді. Сальдо бухгалтерлік теңгерімде көрсетілетін шот жағына жазылады, яғни қаражат (теңгерім активі) – дебет бойынша, міндеттемелер (теңгерім пассиві) – кредит бойынша жазылады. Бухгалтерлік есеп шоттары қаражаттың есебіне арналған актив шот және міндеттемелер мен шаруашылық қаражаттың туындайтын көздерінің есебіне арналған пассив шот түрлеріне бөлінеді.

Есеп нысанының көбеюін білдіретін операциялар шоттың бастапқы сальдо ескерілетін жағына, ал оның азаюы қарама-қарсы жағына жазылады. Актив бухгалтерлік есеп шоттарындағы дебет бойынша жазба көбеюді, ал пассив бухгалтерлік есеп шоттарында керісінше: кредит бойынша жазба – көбеюді, ал дебет бойынша жазба – азаюды білдіреді. Есепті кезеңдегі шаруашылық операциялар жазбаларының қорытындысы (сальдоны есептемегенде) шоттар бойынша айналымдар деп аталады. Олар дебеттік және кредиттік болады. Актив шоттардың ақырғы сальдосы бастапқы сальдоға дебеттік айналымның сомасын қосып, кредиттік айналымның сомасын шегеру жолымен шығарылады, пассив шоттардың сальдосы бастапқы сальдоға кредиттік айналымның сомасын қосып, дебеттік айналымның сомасын шегеру жолымен шығарылады.

Шаруашылық операциялар бухгалтерлік есеп шоттарында қосарлы жазба қағидасы бойынша көрсетіледі, бұл қағидаға сәйкес бір операция бірдей сомада бір шоттың дебеті бойынша, екінші шоттың кредиті бойынша көрсетіледі. Шаруашылық операцияларды қосарлы жазба қағидасы бойынша көрсету кезінде туындайтын бухгалтерлік есеп шоттары арасындағы өзара байланыс шоттардың корреспонденциясы (қосақталуы) деп аталады, ал өзара байланысқан шоттардың өзі корреспонденциялау(қосақталушы) шоттары деп аталады.

Актив және пассив шоттармен қатар актив-пассив шоттар да болады, оларда дебет сальдосы да, кредит сальдосы да болуы мүмкін. Қосарлы жазба қағидасы теңгерімнен тысқары шоттарға қолданылмайды. Есептелетін нысандарды қорытындылау дәрежесіне қарай бухгалтерлік есеп шоттары жинақтамалы шоттарға шаруашылық қаражатының тиісті түрлерін немесе қаражат көздерін ақша тұлғасында жинақтап (қорытындылап) көрсетуге арналған шоттар және талдамалы шоттарға (қаражаттың немесе қаражат көздерінің нақты түрлерін егжей-тегжейлі көрсетуге арналған шоттар) бөлінеді. Талдамалы шоттардың аралық қорытындылануы үшін жинақтамалы шоттардың ішінде қосалқы шоттар ашылады. Бухгалтерлік есеп шоттары экономикалық мазмұнына, мақсатына және құрылымына қарай сыныпталады.

Бухгалтерлік есепте пайдаланылатын шоттардың жүйеленген тізбесін бухгалтерлік есеп шоттар жоспары деп аталады. Онда жинақтамалы шоттар мен қосалқы шоттардың атаулары мен кодтары, сондай-ақ оларды қолдану жөніндегі нұсқаулық және шоттардың корреспонденциясы беріледі. Шоттардың барлық ұйымдар үшін бірегейлендірілген жоспарын елдің қаржы министрлігі бекітеді. Шоттардың бекітілген жоспары шегінде әрбір ұйым есеп саясатына сәйкес шоттардың жұмыс жоспарын қабылдайды және талдамалы шоттардың тізбесін әзірлейді. Бухгалтерлік есеп шоттары жүйесіндегі бухгалтерлік жазбаларды қорытындылау және тексеру жұмысы айналым тізімдемелерінің көмегімен жүргізіледі.[11]

1992 жылдың желтоқсанында еліміздің стсатистикалық практикасына ұлттық шоттар жүйесін енгізудің негізін қалаған статистиканы, бастапқы және бухгалтерлік есепті қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. 1993 жылы Республиканың орталық статистикалық органының құрылымында негізгі міндеті жаңа статистикалық есепті енгізу болып табылатын тиісті басқарма құрылды. Осы сәттен бастап ұлттық есептеу жүйесі әдіснамасын игеру және оның негізгі шоттарын құру басталды.
Шот енгізудің бірінші кезеңінде жалпы ішкі өнім жүйесінің аса маңызды көрсеткіштермен қоса, халық шаруашылығының балансын – жалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табысты есептеу жүзеге асырылды. Қатарлас есептеулер 1994 жылдың соңына дейін жалғасты.

Ұттық есептеу жүйесі әдіснамасын игеру және тәжірибе жинақтау шамасына орай жалпы ішкі өнімді үш әдіс пен есептеу дайындалды, ал 1990 жылдан бастап экономика салалары мен секторларындағы жүйелердің ағымдағы шоттары бойынша ретроспективтік есептеу жасалды. 1994 жылдан бері жалпы ішкі өнім жылдық деректердің негізінде маусымға кейін нақтыланып өндірістік әдіспен, ал 1995 жылдан кейін – түпілікті пайдалану әдісімен тоқсан сайын есептелініп келеді. Табыс әдісі жалпы ішкі өнімді жылдық негізде баланстық қағиданы қолдана отырып есептеу үшін пайдаланылады.1994 жылдан бері ұлттық есептеу жүйесінің қысқа схема бойынша салааралық балансы қалыптастырылады. 1995 жылдан жалпы өңірлік өнім ұдайы есептеледі. 1996 жылы «ҰЕЖ -93» әдіснамасын пайдаланудың дұрыстығын растаған Әлемдік Банк грантының ауқымында халықаралық сараптау жүргізілді.[12]

Қазіргі уақытта республиканың Ұлттық шоттарына:

— тауарлар мен қызметтер шоты;

— өндіріс шоты;

— табысты құру шоты;

— табысты бастапқы бөлу шоты;

— табысты қайталама бөлу шоты;

— табысты қайта бөлу шоты;

— табысты пайдалану шоты;

— нақтыланған табысты пайдалану шоты;

— капиталмен жасалатын операциялар шоты;

— қаржы шоты;

— «Қалған әлемнің» шоты (1993 жылдан бастап)

Енгізу барысында ақпараттық базаның ұлттық есептеу жүйесінің тарапынан сәйкессіздігімен, сондай-ақ макрокөрсеткіштерді қалыптастырудың әдіснамалық қағидаларын толық қараумен байлынысты проблемалар туындады. Статистика жүйесі реформаның барысында статистиканың сыртқы экономикалық қызмет түрі, төлем балансы, үй шаруашылығы статистикасы сияқты мүлдем жаңа салалары құрылғанымен, қазіргі сәттегі ақпараттық база толық біріктірілген және өзара байланысты  шоттар жүйесін құру үшін әлі жеткіліксіз.[13]

3.ЖҰӨ және есептеудің әдістері.

Кез келген ғылым сияқты макроэкономика да теориялардың өзара байланысы мен бақылауларға бағытталған. Сол себепті, макроэкономикалық теорияны зерттеу мақсаты  ел экономиканы қалыптастыру механизмінің түсінігі болып табылады, яғни экономикалық бақылаулар теория негізінде қалыптасқан.

Әрбір теорияны дайындап алған соң, біз оларды тексеру үшін қайта бақылауларды қарастырамыз. Кездейсоқ бақылаулар экономика деректерінің қайнар көзі ретінде қызмет етеді. Мәселен, сіз дүкен аралап жүргенде бағалардың тез көтеріліп жатқанын көресіз. Жұмыс іздеп жүргенде, фирмалар жұмысшы қабылдай ма, жоқ па, соны білесіз. Біз бәріміз экономикалық процестерге қатысушылармыз. Сол себепті уақыт өте келе экономиканы сезіну қабілетіне ие боламыз. Экономикалық статистика-бұл объективті ақпараттың қайнар көзі. Өкімет фирмалар мен азаматтардың экономикалық іс-әрекеті туралы, яғни белгіленген бағалардың деңгейін және сұраныс жүйесін, табыс мөлшерін, және т.с.с. дерек алу мақсатында үнемі зерттеулер жүргізеді. Алынған деректер бойынша әр түрлі статистикалық көрсеткіштер есептелінеді, олардың жиынтығы экономиканың қалпын, жағдайын сипаттайды[14]

Макроэкономистер бұл статистиканы өздерінің талдауларында пайдаланады. Бұл экономикалық көріністерді бағалауда және тиісті әдәстерді жасағанда көмек көрсетеді.

Экономикалық көрсеткіштер экономикалық саясатта, экономикалық талдау және бағалау үшін жиі қолданылады. Жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) азаматтар табыстарының жиынтығын және өндіріс тауарлары мен қызметтер үшін жұмсалған жалпы шығын көлемін сипаттайды.

Біз, осы көрсеткіштер қалай есептелінеді және олардың экономика туралы қандай ақпараттар алуға болатандығын қарастырамыз.

Жалпы ұлттық өнім экономика көрсеткіштерінің ең нақтысы деп есептеледі. Статистикалық деректер мемлекеттің экономика министрлігінің 3 айда бір есептеуі бойынша, экономикалық іс-ірекет нәтижесін бірыңғай көрсеткішпен беруге негізделген.

Жалпы ұлттық өнімді төмендегідей бөліктерге бөліп көрсетуге болады:

  1. Барлық экономикалық агенттер табысының жиынтығы;
  2. Өндіріс тауарлары мен көрсетілген қызметтердің жалпы шығын көлемі.

Жалпы ұлттық өнім – экономика жағдайын сипаттайды, себебі адамдар аз табыстарына қарағанда үлкен табыстарды көбірек қалайды. Яғни өндіріс тауарлары мен көрсетілген қызмет көлемі жоғарылаған сайын, өзіндік қанағаттану дәрежесінің деңгейі, өндірістік және мемлекеттік тұтыну деңгейі, өндірістік және мемлекеттік тұтыну деңгейі жоғары болады.

Жалпы ұлттық өнім экономикадағы табыс пен өндірістегі шығын көлемін бірдей өлшейді.Себебі бұл өлшемдер соңында бірдей болады. Жалпы, экономика үшін табыс көлемі шығын көлеміне тең болуы керек. Бұған көз жеткізу үшін, біз ұлттық есепшотты,ЖҰӨ статистикалық жүйе өлшемін және басқа да сонымен байланысты көрсеткіштерге талдау жасап, оқып-үйренуіміз керек.[15]

Көптеген өндіріс тауарлары бірнеше кезеңдерден өтеді: бір фирмада шикізат аралық тауарға айналады, содан кейін басқа фирмаға дайын өнім өндіру үшін сатылады. Біз осындай тауарларды жалпы ұлттық өнім есебінде қалай есептеуіміз керек? Айталық фермер бірнеше кг етті Мак Дональдс фирмасына 0,50 долларға сатады. Содан кейін Мак Дональдс елге 1,50 долл. тұратын гамбургер сатады. Осы жағдайда ЖҰӨ-ді есептегенде, еттің және гамбургердің бағасы 2 долл. көлемінде деп есептеу керек пе немесе тек гамбургер 1,50 долл. деп алу керек пе?

ЖҰӨ-ге тек соңгы өнімнің бағасы ғана кіреді. Сондықтан гамбургердің бағасы ЖҰӨ-ң бөлігі болып табылады, ал еттің бағасы енгізілмейді. ЖҰӨ тек 1,5 долл – ға көтеріледі. Мұның себебі, аралық өнімнің бағасы соңғы өнімнің бағасына кіргізіліп қойылған. Фирманың қосымша қосқан құны өндірілген өнімнің құнының фирманың аралық өнімге, өзі жасаған құнынан алып тастағандағы айырмасына тең. Гамбургермен байланысты жағдайда фермер қосқан құн 50 центке тең (бұл жағдайда фермер аралық өнімді иемденбейді, ал Мак Дональдстің қосқан құны (1,50 – 0,50 долл.), яғни 1,00 долл. –ға тең. Жалпы қосылған құн 0,50 долл. +1,00 долл.,яғни 1,50 долл. тең болады. Экономика үшін жалпы қосымша құн сомасы барлық соңғы өнімдердің бағасы мен қызметтердің нарықтағы құнына тең болуы керек. Сондықтан ЖҰӨ ді барлық фирмалардың қосымша құнының сомасы ретінде қарауға болады.

Көптеген тауарлар және қызмет түрлері ЖҰӨ-де нарықтағы бағалармен есептелінеді, ал кейбір тауарлар мен көрсетілген қызмет түрлері нарықта сипатталмайды, сол себепті нарықтық бағасы жоқ. Дегенмен, осы көрсетілген қызмет құны ЖҰӨ-ге енгізілуі керек, сол үшін біз оларды өлшеуіміз керек. Осындай бағалар шартты түрде есептелінген құн деген атауға ие болады. Осы шартты түрде есептелінген құндар , мысалы, тұрғылықты ортада қызмет бағасы ретінде қолданылады.

Пәтерді уақытша жалға алушы адам барлық қызмет құнын төлеп, үй иесінің табысын қамтамасыз етеді,үй иесінің табысы, тұруға берген үйдің шығындары, бәрі ЖҰӨ-ді есептегенде осы жалдау төлеміне есепке енгізіледі. Сонымен қатар, көптеген азаматтар өз үйлерінде тұрады. Бұлар үй иесіне жалдау ақысын төлемегенімен, бәрібір олар сол көрсетілген қызмет түрін пайдаланады. Яғни пәтерді уақытша тұруға алатындар секілді. Сол себепеті, жеке үй қожайындары пайдаланатын қызмет себебі үшін, ЖҰӨ- нің құрылымына өздері өзіне «төлейтін», «жалдау ақысы» енгізіледі. Әрине, олар жалдау ақысын өзіне төлемейді. Сауда министрлігі жалдау ақысы мөлшерін бағалайды, егерде олар өз үйлерін жалға берген жағдайда және жалдау ақысын төлеген жағдайда, сонымен бірге осы арнайы есептелген құн өлшемін ЖҰӨ-ге енгізеді. Осы жалдау ақысы үй иелерінің шығындары және табыстары деп есептелінеді. Мемлекет ұсынған қызметтер де осындай жолмен бағаланады[16]

Жалпы ұлттық өнімнің есептеу әдістері.

Жалпы ұлттық өнімді есептеудің әдісі бар: елдегі жасалған өнімге шығындар сапалы болуына «шығындар ағымы» немесе өнімді өндіру табыстар ағымы.

1-әдіс:

1-әдіске келсек «шығындар ағымы». Оны қолдана отырып, барлық шығындарды қоссақ, біз жалпы ұлттық өнім көлемін аламыз.

Шығындар мыналардан тұрады:

  • Тауар және қызметтерді (нан, киім, көлік т.б) сатып алуға үй шаруашылығының кеткен шығындары.
  • Станок, ғимарат, үй құрылысы және тағы басқаларды алу үшін инвестициялар.
  • Мемлекеттің тауар және қызметті сатып алуға (мемлекеттер, аурухана, электроқуаттар және т.б) және трансферттік төлемдерге (зейнетақы, жәрдемақы, степендия және т.б төлеуге) кететін шығындар.
  • Таза экспортты,яғни экспорт пен импорт көлемінің арасындағы айырмашылық.

Ұлттық өндіріс көлеміне тек сол елдегі өндірілгендер кіргендіктен, басқа елдердің шығындарын алып тастау керек. Мысалы, Жапонияда автомобиль өндірді және оны АҚШ қа әкелді және сатады. Бұл жағдайда автомобильді өндірумен байланысты шығындар Жапонияның шығындарына жатады, ал жеткізу және сату шығындары АҚШ шығындарына жатады.

2-әдіс:

2-әдіске келсек «табыстар ағымы», оны қолдана отырып, егер барлық табыстарды қоссақ ЖҰӨ аламыз. Табыстар мыналардан тұрады:жалпы рента,процент және пайда.

Табыс бойынша есептелген, жалпы ұлттық өнімге жататындар:

  • Жалақы;
  • Рента;
  • Процент;
  • Пайда;
  • Жанама салықтар;
  • Амортизациялық шығындар;

Қайталап есептеуді болдырмау үшін, ЖҰӨ-ге кірмейтіндер:

1) Аралық тауарлар, кейін қайта өндіруге кететін өнімдер. Оған шикізат, жанармай, көмекші материалдар жатады. Мысалы, ЖҰӨ-ге нан пісіретін өндірістегі ақтық тауарларды алу үшін қажетті дән, ұн, ашытқы жатпайды. Егер біз оларды қоссақ, онда ЖҰӨ-нің құнын үстемеленген құнның мөлшеріне дейін өсіретін едік.

а) Төлемдер (әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы, жұмыссыздыққа жәрдемақыға байланысты)

2) Барлық өндірістік емес келісімдер, яғни өндірілген өнімнің көлемінің өсуіне мүмкіндік туғызбайтындар. Оларға жататындар:

б) Бағалы қағаздарды сату-сатып алу жөнінде келісімдер.

в) Ұсталған заттарды сатып алу [17]

ЖҰӨ дефляторы.

ЖҰӨ дефляторы мен тұтыну бағасының индексі жалпы баға деңгейі туралы экономикада әр түрлі ақпарат беріледі.

Осы екі көрсеткіш арасындағы үш негізгі айырмашылықтары бар:

  1. ЖҰӨ дефляторы барлық өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызмет түрлерінің құнын көрсетеді, ол тұтыну бағасының индексі тек тұтынушы тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасын есептейді. Сонымен, фирмалар мен мемлекет тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасының ЖҰӨ-ін алуға болады.
  2. Жалпы ұлттық өнім дефляторы тек қарастырылып отырған мемлекеттің азаматтары өндірген тауарларды есепке алады. Басқа елдерден импортталатын тауар ЖҰӨ дефляторында да көрсетілмейді. Сол себепті Жапонияда жиналып, АҚШ та сатылған «Тойота» құнының өсуі, тек тұтыну бағасының индексінде көрсетіледі, мұны Америкалық тұтынушылар тұтынады, бірақ ЖҰӨ дефляторында көрсетілмейді.
  3. Бағаның әртүлі болуында.Тұтыну баға индексін есептегенде,әртүрлі тауар бағалары тұрақты салмақты болады,ал ЖҰӨ дефляторы есептегенде ауыспалы салмақ қолданылады.Басқа сөзбен айтсақ тұтыну баға индексі өзгермейтін тауарлар жиынында есептелінеді,ал ЖҰӨ дефляторы тауарлар жиынының өзгеруіне байланысты болады,яғни ЖҰӨ құрамының өзгерісіне байланысты болады.

ЖҰӨ дефляторы да және тұтыну баға индексі де анықталған тауар жиынының ағындағы бағасы базистік жылдағы сол тауарларды бағасымен салыстырылғаны көрсетіледі.ТБИ-де өзгермейтін,тұтыну қаржысы қолданылады,ал ЖҰӨ дефляторы өзгермелі тұтыну қаржыны бағаларға деген әртүрлі көзқарастар әсеріне әкелетінін келесі мысалдан көреміз.Мысалы, Алматыда болған қатты суық әсерінен барлық алма бағасы қатты көтеріледі.Дегенмен, алма ЖҰӨ құрамына кіргенімен, бағаның жоғарылауы ЖҰӨ дефляторында көрсетілмейді.ТБИ өзгермейтін тауар жиынтығы негізінде есептелсе, оған алма кіреді, сонда алма бағасынан көтерілуі тұтыну бағасының индексі көрсетілуіне алып келеді. Өзгермейтін тауар жиынын есептейтін индекс «Ласпейрес индексі», ал өзгеретін тауар жиынын «Поаше индексі» көрсетеді.

Бұл индекстер өмір құнын өлшеу үшін арналған, яғни белгілі бір өмір деңгейін ұстап тұру үшін қажетті шығындар. Әртүрлі тауарлар бағасы әртүрлі өлшемге өзгергенде «Ласпейрес индексі» өмір құнының өсуін «Поаше индексіне» қарағанда нақтырақ көрсетеді. «Ласпейрес индексі» белгілі бір тауар жиынын есептеу үшін қолданылады, мұнда қымбат тұратын тауарларды арзан тұратын тауарлармен алмастыру мүмкіндігі ескерілмейді. «Поаше индексінде» тауардың бір-бірін алмастыруы есепке алынады. Бірақ мұнда әл ауқаттың төмендеу деңгейі көрсетілмейді. Тұтыну бағасының индексі, яғни мұнда тұтынушы үшін алма бағасы өсімі жоғарылайды. Бұл жерде өзгермейтін тауар жиыны қолданылады және алманы апельсинмен алмастыру мүмкіндігі есепке алынбайды. ЖҰӨ дефляторы бұл- «Паоше индексі», мұнда керсінше, тұтынушы үшін бағаның жоғарылауы толығымен көрсетілмейді. Осы жерде ЖҰӨ дефляторы өсім құнын көрсетіп тұрған жоқ, дегенмен алма құнының жоғарылауы тұтынушы жағдайына жағымсыз әсер тигізді [18] 4. Ұлттық байлық: мазмұны және құрылымы.

Ұлттық байлық жинақталған әрі нәтижелі көрсеткіштер санатына жатады және мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің айнасы десе болады.
Ұлттық байлық — бұл материалдық және рухани игіліктердің жиынтығы және осы уақытта барлығы қоғам меншігінде болады.Ұлттық байлық құрамына мыналар енеді:

а) негізгі өндірістік және өндірістік емес қорлар;

ә) айналмалы өндірістік қорлар;

б) материалдық резервтер мен сақтандыру қоры;

в) айналым қоры;

г) тұрғындар мүлкі.

Ұлттық байлық құрамына негізі: жер, ормандар, сондай-ақ барланған табиғи ресурстар және олар натуралды түрде есептелінеді.
Қазақстан өзінің ауқымы бойынша ұлттық байлықтың үлкен көлемін иеленген. Біздің республиканың жалпы жер көлемі 222,5 млн.га мөлшерді құрайды, оның ішінде 82%-ауыл шаруашылығы жеріне жатады. Қазақстанда 21,7 млн.га орман мен табиғи егістіктер, 11 мың өзен, 7 мыңнан астам көл мен су қоймалары бар.Өсімдіктер қоры 6 мыңнан астам түрлерден тұрса, ал жануарлар әлемі алуан түрлі.

Шабындықтар мен жайылым (162млн. га) көлемі бойынша Қазақстан Австралияны (450 млн. га), АҚШ-ты (320 млн. га) және Қытайды (234 млн. га) ғана алдына жібере алады. Қазақстан пайдалы қазбалар қоры мен олардың алуан түрлері бойынша –ТМД- дағы ең бай аймақтың бірі. Минералдық ресурстар ұлттық табыстың төрттен үшін құрайды.
Бұрынғы одақтағы мұнай қорының 9%-ы Қазақстан үлесіне тиесілі болса, ал әртүрлі бағалаушылардың пайымдауынша жалпы әлемдік мөлшердегі мұнайға ТМД үлесі 6-10% құрайды екен. Қазақстанда марганец рудасы (408 млн. т) қорының 13% шоғырланған және мөлшері бойынша тек АҚШ- ты (553млн. т), Украинаны ғана алдына салады.

Қазақстан әлемде хром рудасы қоры бойынша екінші орынды иеленді және республика 1990 жылы жалпы Одақтағы оны өндірудің 96,6%-ын игерген. Жалпы темір рудасы қоры (16662млн. т.) бойынша Қазақстан әлемде Бразилия, Австрия, Канада, АҚШ, Индия, Ресей мен Украинадан соң сегізінші орынды иеленеді.

Вольфрам қоры бойынша әлемде Қазақстан бірінші орынды, фосфор рудасы бойынша екінші,ал қорғасын мен молибден бойынша төртінші орында.
1990 жылы бұрынғы Одақтағы 98,2% хромит, 81,7% барит, 64,7% фосфорит, 53% вольфрам, 38,5%-қорғасын, 29,5% молибден, 28,4% мыс, 22,1% боксит, 20,1% асбест, 13% марганец, 11,9% көмір және 9,7% темір рудасының қоры Қазақстан үлесіне келеді.Уран рудасы қорының көптігі бұрынғы Одақтағы уран өндірудің 56% қамтамасыз етті.Республика жерінде Менделеев кестесінің 60-тан астам ең белгілі элементтері табылған.

Қазақстанның ауқымды табиғи байлықтарын терең білу мен тиімді игеру — экономиканы дамытудың ең басты жағдайының бірі болып табылады, сондай-ақ елдің ұлттық байлығының үздіксіз өсуінің ең маңызды екендігі де рас.
Ұлттық байлық өзінің қолданылуы бойынша былай бөлінеді:

а) өндіріс құрал-жабдығына (еңбек құрал-сайманы, шикізат, материал мен табиғи ресурстар;

ә) тұтыну заттарына (тамақ, киім, тұрғын-жай және т.б.), ал өзінің туу тегіне қарай қорланған еңбек өніміне (еңбек құрал-сайманын, шикізат, материал мен тұтыну құрал-жабдығы қорларына) және табиғи ресурстарға (жер, су байлығы, орман және т.б.). Қоғам аса дамымаса,онда оның материалдық негізін табиғи байлықтар құрайды.Ал, қоғам тым дамыса,онда оның материалдық негізін адам еңбегімен жасалған байлық құрайды.

Ұлттық байлықты өзінің құрамы бойынша екі топқа бөлуге болады: ұлттық мүлік және табиғи ресурстар. Елдегі материалдық игіліктердің заттай жиынтығы ұлттық мүлікті құрайды.Онда бұрынғы кезеңдегі барлық ұрпақ өміріндегі адамдардың қорланған еңбегінің бейнесі толық бар.
Табиғи ресурстар елдегі табиғат берген табиғи байлықтарды қамтиды. Сондықтан ұлттық байлық құрамына тек зерттелген, ескерілген және өндіріс процесіне тартылған ресурстар қоры енеді – пайдалы қазбалар, орман, су, гидроэнергоресурстар мен жер көлемі және т.б. Ұлттық байлыққа елдегі ескерткіштер, архитектуралық ежелгі құрылыстар, сурет галереясы, мұражай экспонаттары және т.б., алмаз бен валюталық қорлар жатады.

Ұлттық байлықтың ең маңызды элементіне өзінің құрамы мен жеке салмағы бойынша ұлттық мүлікті айтамыз,оның үлесіне ұлттық байлықтың жартысынан астамы тиесілі болады.Ол өз бойына халық шаруашылығының өндірістік және өндірістік емес қорларын,оның резервті қорын,тұрғындардың өз басының мүлкін енгізеді.

Өндірістік қорлар құрамына барлық еңбек заты мен құралдары енеді.
Олар процесс кезінде қалпына келген құралдарды игеру арқылы материалдық игіліктер процесінде қолданылады немесе қолданылуы мүмкін. Қызмет жасайтын еңбек заттары ғана ұлттық мүлікке енеді. Қоймада жатқан машина, станоктар немесе бекіту процесінде әлі негізгі қорлар бола алмайды және тек іске қосылған кезде ғана негізгі қорға айналады.
Халық шаруашылығының өндірістік емес негізгі қорларына тұрғын үй қоры мен ұлттық байлық элементтері жатады және олар өндірістік емес салаларда қолданылады (денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және т.б.). Бұл қорлар тұтыну сипатына ие болады және тұрғындардың алуан түрлі тұтынулары мен қоғамдағы барлық өндірістік емес қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған.

Халық шаруашылығы резервтік қорының құрамына өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттары да енеді және олар кездейсоқ жағдайларда,халық шаруашылығының кейбір салалары дамуының жекелеген диспропорциясын және т.б. жою үшін резервтелген.

Ұлттық байлықтың элементіне тұрғындардың мүлкі де жатады және ол барлық ұлттық байлықтың шамамен 15 бөлігін құрайды. Тұрғындардың өз бастарының мүлкінің құрамына ұзақ мерзімге қолданатын заттар енеді,олар: үй жиһазы, картина, жеңіл машиналар және т.б. Тұрғын үй, саяжайлар және басқа құрылыстар негізгі өндірістік емес қорларға жатады, ал ірі қара, омарта, ауыл шаруашылығы құрал-саймандары – негізгі өндірістік қор болып табылады.[19]

АҚШ пен бұрынғы КСРО- ғы ұлттық табыс құрамы, %- бен:

%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%82%d0%b5-115

Жоғарыдағы көрсетілген мәліметтерге қарасақ, ұлттық байлықтың басты элементіне негізгі қорлар (өндірістік және өндірістік емес) жатады және олардың үлесіне елдің ұлттық байлығының көп бөлігі келеді.
Байлық динамикасының қорлану мөлшері және қор қайтарумен байланысын ұлтық байлық индексі (УБ) аша түседі, сөйтіп мына формуламен есептелінеді:

Ф П
УБ=I+ + хК,
Б Ф
мұндағы Ф- елдегі өндірістік қорлар;
БО- бастапқы кезеңдегі ұлттық байлық;
П- есептелген кезеңдегі пайда болған өнім;
К- қорлану мөлшері.

Мынандай көзқарастар бар: ұлттық байлық ұғымы материалдық емес құндылықтарды да – ақпарат, ғылыми білім ауқымы, тұрғындардың мәдениет деңгейін және т.б. қамтуы қажет. Шын мәнінде,ақпарат әлеуметтік-экономикалық процестер мен құбылыстарды моделдеу мен болжаудың негізі болып табылады.Нақты ақпарат көмегімен қоғамның экономикалық әлеуетін толық іске асыруға болады,кәсіпкерлік қызметті ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Кәсіпкерлік қызметте экономикалық ақпараттың құны шексіз, сатылуы да мүмкін, дер кезінде өткерілмегендіктен уақыт бойынша құнын жоғалтады. Мысалы, АҚШ-та жыл сайын фирма ғылыми-техникалық ақпаратты қорғау үшін орташа 10-15 млрд.долл. шығын жұмсайды. Сондықтан да ақпарат өндірісінің негізі болып табылып,кез-келген экономикалық жүйені дамытады және оның өсуін қамтамасыз етеді.

Ұлттық байлық өзінің аса маңыздылығына қарамай-ақ,оны біліп-бағамдаудың әлі кезге дейін қоғам тұтынысынан, экономиканың басқа да жұмыстарын жасау мәселері деңгейінен қалып отыр. Ұлттық байлықтың теориялық мәселелерін жасаудың кенже қалуына байланысты, оны болжау мен есептеудің партиялық сауалдары шешілмей отыр.

Алдағы уақытта ұлттық байлықты жетілдіру көбінесе оның сапалық жақсаруымен, табиғи байлықты тиімді игерумен, қоғамның қоршаған ортаны барынша сақтау қамқорлығымен, экологиялық қауіпсіздікті қолдау деңгейімен анықталады.[20]

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. А.Б. Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 32-бет;
  2. Әкімбеков С., Баймұхамбетова А.С., Жанайдаров У.А. «Экономикалық теория» (Оқу құралы) Астана 2002, 462-бет;
  3. Г. Жолдасова «Экономика негіздері» (Оқу құралы), «Фолиант» баспасы, Астана -2008, 35-бет;
  4. С.С. Мәуленова, С.К. Бекмолдин, Е.Қ. Құдайбергенов «Экономикалық теория» (Оқу құралы) 1-бөлім, Алматы Экономика 2004, 39-40-бет;
  5. С.М. Мұсабеков, «Экономикалық теория», Алматы 2005, 30-бет;
  6. А.Б. Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 37-38-бет;
  7. Суханов ЕА. Лекции о праве собственности.-М.,1991., 35-бет;
  8. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин «Жалпы экономикалық теория» Ақтөбе – 2004ж., «А-Полиграфия», 22—бет;
  9. Я. Әбубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е. Байжұмаев, С. Досқалиев, Ж. Жәйшібеков «Экономикалық теория негіздері», Алматы «Санат» 1998, 314-315-бет;
  10. С.М. Мұсабеков, «Экономикалық теория», Алматы 2005, 32-бет;
  11. А.Б.Темірбекова «Экономикалық теория» (Оқу құралы), «Экономика» баспасы, Алматы 2008, 35-36-бет;
  12. «Экономикалық теория»- А.Ж. Доғанов, Н. С Досмағанбетов (50-51 б)
  13. Г. Жолдасова. «Экономика негіздері», Астана  2008,  (98-106)
  14. Қ.С. Есенғалиева. « Экономика  негіздері», Алматы  2011, (112-114)
  15. С.М. Мұсабеков. «Экономикалық теория», Алматы  2008 (220-223)
  16. С.М Мұсабеков. «Экономикалық  теория», Алматы  2008,  (95-97б)
  17. Г. Жұмабеков «Ел тірегі  — экономика»,  Қазығұрт  баспасы 2001,(72-76)
  18. Н.Қ. Мамыров, М.Ә Тілеужанов.  Макроэкономика. Алматы  2003, (83-86)
  19. Жалпы экономикалық теория» Е.Н Сағындықов, Б.А Жүнісов, Ү.С Байжомартов, Комагки Б. И (195-200)
  20. «Әлем экономикасы» С.С Сахариев,  А.С  Сахариева (203-210)

Құрастырған: Иса Қыз-Жібек

Яндекс.Метрика