ҚАЗАҚСТАН ЖАҒДАЙЫНДА ЕР КІСІЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ТЕҢДІГІ ПРОБЛЕМАСЫ

Қазіргі кезде қоғамдағы әйел мен ердің орны туралы түсініктер мен құндылықтар, осымен байланысты стереотиптер мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі қазіргі дүниеде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін зорлықсыз өмір үрудің идеалдарын, барлық адамзатқа ортақ құндылықтың негіздерін іздеу қажеттігі туып отыр. Осындай жағдайда гендер мәселесін дәстүрлі дүниетаным шеңберінде қарастырудың мәні зор. Өйткені жыныстардың қоғамдық рөлі туралы процестер мен стереотиптер ұрпақтан ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен түсініктер негізінде қалыптасады. Ер және әйел теңдігі туралы түсініктер қоғам дамуының ұзақ тарихы бойында тарихи, экономикалық, саяси, психологиялық және діни қырлары арқылы жалғасып отыратыны сөзсіз.

Қазақстанда қазіргі кезде жүріп жатқан әлеуметтік – экономикалық, мәдени, саяси өзгерістер көптеген қоғамдық мәселелерді қайта қарауды қажет етеді. Солардың ішінде ең өзектісі гендер мәселесі. Қазақстанның нарықтық экономикалық қатынасқа өтуі еңбектің гендерлік бөлісіндегі қайшылықты шиеленістіріп жіберді.[1]

Гендерлік теңдік — әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі.

Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзінде тарихи қалыптасқан ерлердің әйелдерден басым болу жағдайы өзгерістерге ұшырауда. Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді.
Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын — ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады.
Гендерлік теңдік стратегиясы 2006-2016 жылдар аралығындағы кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді.

Қоғамдық-саяси өмірде гендерлік теңдікке қол жеткізу мақсаты- әйелдердің білім деңгейінің анағұрлым жоғары болуы. Әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестікті құрап, елдегі істің жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Басқарушылық құрылымдарда әйелдердің қатысуы едәуір икемдірек, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға бағдар алған басқару нысандарын дамытады. Әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тіл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейім. Әйелдердің азаматтық белсенділігінің артуы, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының қызметінің жандануы.[2]Қоғамда еңбекақыны алалап төлеу сияқты гендерлік теңдік проблемасы әлі шешілмеген. Статистика агенттігі деректері бойынша, әйелдердің орташа айлық жалақысы ерлер жалақысының 70 пайызындай болады. Егер жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) қалыптастыруда әйел мен ерлердің үлесі тиісінше 40 және 60 пайыз екенін ескерсек, мұндай еңбекақыны әділ деуге бола ма?Коммерциялық ұйымдарда әйелдерге жалақыны аз төлейді, ал мемлекеттік мекемелерде аз немесе бірдей төлейді. Мысалы, жарнама саласын алсақ, жарнаманы әйелдерге қарағанда, менеджер жігіттерге көбірек береді. Алматылық Әсел Мираева «ғасырлар бойы қалыптасқан» дәстүрге байланысты ерлердің табысы көбірек деп есептейді. Ол «Ер адам жаратылысынан табыскер, отбасын асыраушы. Ол өзі ғана емес, бала-шағасына да жауапты. Ағаш егіп, ұл өсіріп, үй салуы тиіс. Ал әйелдерге қатысты мұндай міндеттер жоқ екенін мойындау керек» дейді.[3]

Дінімізде гендерлік дегенді тіксіне қабылдаушылар арасында «әйел еркектен төмен тұруы керек» немесе «анда-санда әйелді сабап алғанның сөгеттігі жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Әсіресе, дін жолын берік ұстанғандар арасында әйел адамның ер адаммен жағаласып қызмет етуіне қарсы пікір айтады. Дегенмен діни сайттарда жарияланған бірқатар мақалаларға зер салсақ, Ислам әйелдерді сыйлауға, жақсы көруге және оған құрметпен қарауға үндейтінін аңғаруға болады. Әйелдердің күйеуіне, жанұялық өміріне, мүлікке, мұрагерлікке тағы көптеген басқаларға қатысты құқықтары қасиетті Құранның өзінде, хадистерде, сондай-ақ, шариғатта көрсетілген. Ислам қағидасы бойынша ер мен әйел біртұтас, қандай жағдайда да бөлуге болмайды. Олар үшін бір-бірінсіз мына әлем мәнсіз, олардың әрқайсысының өмірдегі мұраттары мен мақсаттары және атқаратын міндеттері алдын-ала анықталған. Расында да Алла әйелді Жаратушысына бағынып, жанұясының түтінін түзу түтетуге, бәрінен бұрын дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ жалғастыру үшін жаратқан. Мұсылман әйелдер үшін жанұя мәселелері оның жеке қызығушылықтары мен кеудемсоқтығынан әрқашан басым тұрады. Тым тырысу, қызметте өсу, кәсіби жетілу оның жанұясына зиянын тигізетіндей болса, одан дереу бас тартады. Мұсылман әйелдері алдыңғы кезекте жанұясының игілігін ойлауы тиіс. Сондай-ақ, Ислам әйелдерге саяси немесе қоғамдық өмірдің басқа да салаларында табысқа қол жеткізуге тыйым салмайды, керісінше өзі өмір сүріп отырған қоғамды дамыту, көркейту үшін атсалысуға даяр әйелдерді мадақтайды екен. Сол үшін де қазақ «ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп әйел адамды әспеттей білген.[4]

Қазақстан билігіндегі әйелдер санының төмен болуының бірнеше себептерін бөліп көрсетуге болады: бұл халықтың саяси сана-сезіміндегі гендерлік таптаурындардың болуы, яғни қоғамда әлі де болса теңдік ұстанымын құрметтеу мәдениеті қалыптасқан жоқ; әйелдер мен ерлер саясаттарындағы бар ресурстардың әр түрлілігі; саяси таңдаулылар негізінен ерлер ықпалы салалары болып табылатын өндірістік, шаруашылық, партиялық құрылымдардың жоғары жігінен құралған. Әйелдер саясатқа көбінесе білім беру, денсаулық сақтау салаларынан келеді, және де ерлерге қарағанда саяси тәжірибелері аз; саясат олар үшін аса маңызды іс болып табылмайтын сипатпен әлеуметтенеді, қоғамдағы әйелдердің өмірлік шеңбері көбіне үйге қарау, бала тәрбиелеу, отбасының науқас және қарт адамдарына қамқор болу сияқты міндеттерге жұмылдырылады; саяси және экономикалық реформалардың аяқталмауы.
Қазақстандағы гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырудың саяси талдауынан, мемлекеттік гендерлік саясаттың өтпелі сипатында екенін айтуға болады. Әзірше республикада әйелдердің саяси және әлеуметтік-экономикалық әлеуеті сұранысқа ие емес. Қоғамда әлі күнге шейін әйелдерге қатысты керітартпа-патриархалдық таптаурын сақталынып, тіпті жаңғырып отыр, көпшілік сана-сезіміндегі мұндай қарым-қатынас әйелдердің саяси көшбасшылығына, өз бетімен мемлекеттік шешімдер қабылдауына қабілеттілігін оңайлықпен қабылдай қоймас.[5]

Ерлер денсаулығы медициналық статистика бойынша, ер-азаматтар нәзік жандыларға қарағанда жүрек-қан тамыры ауруларымен 3 есе, қант диабетімен 6 есе көп сырқаттанады. Тіпті, кейінгі кезде қуық асты безі обырынан ажал құшқан еркектердің саны әйелдердің сүт безі обырынан өмірден өткендерінен де екі есеге дейін артыпты. Нақты деректерге назар аударсақ, еркектердің әйелдерге қарағанда өмір сүру ұзақтығы да 10 пайызға төмендепті. 30-45 жастағы азаматтардың да 45 пайызы созылмалы қуық асты безімен ауыратын көрінеді. Еліміздегі еркектердің 60 пайызға жуығының белсіздік дертіне шалдығып отырғаны да жасырын сыр емес.

Мұндай жағдай көп мемлекеттерде орын алып отырғандықтан, әлем ғалымдары әйелдермен салыстырғанда ер-азаматтардың фәниден ертерек аттанатынына, денсаулықтарының да төмендігі қатты алаңдауда. Бұл неліктен? Оған әртүрлі жауаптар айтылуда. Кейбір мамандар бәріне ер-азаматтардың әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе аз қаралатыны кінәлі деп санайды. Өзгелері ерлер арасында арақ-шарап ішудің, темекі тартудың шектен тыс артып бара жатқандығынан көреді. Қай жерлерде де гендерлік саясатқа көп көңіл бөлініп, ерлер мен олардың репродуктивті денсаулығының ұмыт қалуы, қоғамда ерлерге ешқандай жақсы жағдайлардың жасалмауы бәріне кінәлі, дейтіндер де бар. Әйтеуір, ерлер денсаулығының нашарлығына, олардың арасында өлім мен кемтарлықтың көптігінің себебіне жауап іздеушілер көп те, еркектердің шын мәнінде ел тірегі етіп тәрбиелеп, денсаулығын нығайтуда, өмір жастарын ұзартуда атқарылып жатқан жанды жұмыстар жоқ.[6]

Қазақстан әйелдер мен ерлердің теңдігі рейтингісінде 142 ел арасында 32-орында тұр.
Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысымен кездескен «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевич осындай деректерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, елімізде гендерлік саясат өзге Азия елдерімен салыстырғанда көш ілгері. Ал Мемлекеттік хатшы өз тарапынан «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру барысында барлық инфрақұрылымды жобаларға әйелдерді белсенді тарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылатынын атап өтті. Тараптар әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін, одан әрі ынтымақтастық орнату және даму келешегін талқылады.[7]

Дегенмен егемен Қазақстанның тәуелсіз қыздары әлемдік деңгейде дамып, өркениеттік мәдениеттен тиесілі өз орындарын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да жан-жақты меңгеріп, қоғамның барлық саласына ер ер азаматтардан қалыспай, белгілі дәрежеде ірі қайраткерлер есебінде қызметтер атқаруда. Нарық заманы тек қыздарымызға ғана емес, жалпы қоғамымызға қиыншылық әкелді. Бірақ өмірдегі келеңсіздіктердің бәріне осы өтпелі кезеңді айыптай бермей, бір сәт сана мен сезімге рухани сілкініс қажет екендігін да ескерген жөн болар. Осы жағынан келгенде, табиғатынан сергек, сезімтал қазақ қыздары көп ізденушіліктің нәтижесінде тез меңгергендей.

Осындай күрделі заманда қазақ қыздары өздерінің ұлттық ерекшеліктерін, табиғи нәзіктіктерін, ибалылықтарын сақтай отырып, адам іс- әрекеттерінің барлық түрлеріне араласып жетістікке жетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Егеменді еліміздің келешегін ойлау – өзге елдердің мәселелерін шеш­пей, өзге елдің киімін кимей, санамызды санды­рақтатпай, ұлтымыздың адамға деген (әйел, еркек демей) “универ­са­ли­зм­­ін” орнына келтіруіміз қажет. Қазақ­тар­дың гендерлік санасы қазіргі заманға сай келетін “адами универсализмінде”. Уни­версализм дегеніміз ерлердің қабілет, іс­терін, мүмкіндіктерін, мінез ерекше­лік­терін әйелдердің қабілет, істерінің, мүм­кіндіктерін, мінезін жекелеп айырып қа­ра­стырмай, “адами ортақтыққа” жету. Әйел істейтін істі ерлер істей ал­майды, не болмаса ер адам істегенді әйел орындай алмайды демейік. Ер адам бол­сын әйел адам болсын қабілетіне қарай, жеке қасиетіне қарай даралануы керек. Оның табиғи орнынан гөрі әлеуметтік орны айқындалу тек қоғамға байланысты емес, адамның өзіне де байланысты. Қоғам өзі­нің әр мүшесін әйел деп, ер деп бөлмей адам болып даралануына барлық жағдай жасау керек. Ал ұлдарымыз бен қызда­ры­мыз өз мүмкіндіктерін дамытуға, қоғам­ның дамуына үлесін қосуға тырысуы ар­қылы адами универсалдылыққа жетуге ұмтылуы тиіс.[8]

Мақаламды Колумбия университетінің философия докторы, Американың танымал әйелдерінің ондығына кірген, белгілі психолог Джойс Бразерстің сөзімен аяқтауды жөн көріп отырмын: «Мәселе жыныстардың біреуінің күштілігінде, мықтылығында емес, олардың әртүрлігінде. Егер біздер осы айырмашылықтарды көріп және оларды шығармашылықпен қолдана алсақ, барлығымыз, әйелдер де, еркектер де бірдей дәрежеде бақыттырақ болар едік».

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Дала мен қала – 2008.-30 қазан.-11б.
  2. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U050001677
  3. http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_problem_of_gender_equal ity/25385201.html
  1. http://press.mediaovd.kz/kz/?p=9518
  2. http://kazgazeta.kz/?p=5775
  3. http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=565978
  4. http://24.kz/kz/zhanalyktar2/sayasat/item/52432-rynda-t-r.
  5. http://www.egemen.kz/20138.html

                  Құрастырғандар: Кеңесхан А., Нұрлыбай Н.

Яндекс.Метрика