ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ОНЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Кез келген қоғамдағы экономикалық даму барысында тұтыну тауарларының сұранымы құрылымында және өндіріс технологиясында маңызды өзгерістер болады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертеді. Осындай өзгерістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды не қысқарады‚ ал басқа бір түрлері көбейеді. Қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі жұмыс күшінің осы өзгерістерге баяу ыңғайланатындығына және оның құрылымының нақты жұмыс орнына сай келмейтіндігіне байланысты болады. Жұмыссыздық – барлық қоғамда болып тұратын құбылыс. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде‚ мысалы‚ АҚШ-та‚ еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы жұмыссыздық мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Демек, елдегі тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы – ол елде циклдік жұмыссыздықтың жоқтығын білдіреді. Жұмыспен толық қамтылу кезіндегі жұмыссыздық деңгейі оның табиғи деңгейі болып саналады. Мұндай жағдай елдегі жұмыс күшінің рыноктары теңдестірілгенде, яғни жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орындарының санына тең болғанда пайда болады. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі қоғамдағы оң құбылыс болып есептеледі. Егер жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орнынан асып түссе‚ онда жұмыс күші рыногының тең болмағаны. Екінші жағынан‚ жиынтық сұраным молайған жағдайда жұмыс күшінің “жетіспеушілігі” сезіледі‚ яғни бос жұмыс орындарының саны жұмысқа мұқтаждардың санынан асып түседі. Қазақстанда нарықтық экономикаға өту кезеңінде бұрынғы тиімсіз кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық мекемелерінің жұмысын уақытша тоқтатып, жабылуына, банкротқа ұшырауына, жекешелендіріліп, қайта құрылуына байланысты жұмыссыздық құбылысы байқалды. 2000 жылы елдегі жұмыссыздар саны 1997 жылғы деңгеймен салыстырғанда біршама (0,2%-ке) төмендеді. Елдегі түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар барысында жаңа жұмыс орындары ашылуына, ішкі, сыртқы инвестициялар көмегімен, бірқатар өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығының жандануына орай, ауылды қайта өркендетудің 3 жылдық бағдарламасына байланысты жұмыссыздық деңгейі де біртіндеп табиғи деңгейге түсе бастады. [1]
Қазіргі таңда біздің елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген мәселелер қарастырылып жатыр. Елімізде жұмыссыздық мәселесі көбінесе жастардың әлеуметтік әл-ауқатына ерекше әсер ететін мәселелердің бірі. Себебі, Қазақстанның болашағы –жастардың қолында! Жастар – ел болашағы. Ал, болашақ бағдарсыз болмайды. Осыны жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Үкіметіне келер жылдың бірінші жартысына дейін «Жастар саясаты» жөніндегі заңды қабылдауды тапсырған болатын. Ал, биылғы жылдың басынан ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасы қабылданды. Жалпы бұл тұжырымдамада жастар арасында мәселелер мен проблемалардың алдын алу және оларды шешудегі нақты басым бағыттар көрсетілген. Баршамызды толғандыратын сұрақ жастардың әлеуметтік сипаттағы мәселелері, яғни ол жұмыссыздық мәселесі, тұрғын үймен қамту, жас буын арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру екендігі мәлім. Концепцияда басты назарға осы басымдықтар алынды. Нақтылап айтсам, «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Қолжетімді баспана», «Мемлекеттік кадрлар резерві» деген бағдарламалар. [2] Егер де жастар, яғни біз, осындай мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істерден қалыс қалмай, жалқауланбай, белсенділік танытсақ, әрине бізге берері өте көп. Мәселе мүлде жоқ деп айтуға келмейді, бірақ ол бірте-бірте шешілетін мәселе. Себебі, қазіргі таңда Қазақстанда жас мөлшері 14-тен 29-ға дейінгі адамдар жастар қатарына жатқызылады. Бүгінгі таңда жастар еліміздің халқының 30% құрап, қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. 14-29 жас аралығындағы әрбір қазақстандық жас бала өмірінің маңызды бөлігін жұмыспен қамтылу мәселесі құрайды. Жоғарыда айтылып өткендей, өздерінің жас мөлшеріне байланысты жас адамдар қандай да бір салада үлкен тәжірибеге ие болмағанымен, ірі көлемді инновациялық және шығармашылық мүмкіндіктер, сондай-ақ жемісті еңбек етуге деген айрықша құлшынысқа ие. [3] Бұл жерден көріп отырғанымыздай, мемлекет тарапынан бізге барлық жағдай жасалынып жатыр. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Қазіргі таңда Елбасымыз дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында шабысы қатты тұлпардай жүйткіген Қазақстанның жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгері болмақ. Біздің міндетіміз — білім жолына салынып, түзу жолдан таймай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстау. Және жақсы білім алып, білікті маман болу тек біздің қолымызда! Себебі, ертеңгі күні біз білікті де білімді маман иесі болып шықсақ, еліміздегі жұмыссыздықтың азаюына себепкер боламыз. Бұл – еліміз үшін үлкен мәртебе!
«Жастар-болашаққа апаратын алтын көпір»,- дейді дана халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік- эканомикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық – саяси өмірдегі ұстанымына олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық- саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып,өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбітшілік аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау-жастардың қолында. [4]
Пайдаланылған әдебиеттер
- http://martebe.kz/galamdik_problemalar/
- http://baq.kz/kk/regional_media/post/
- http://oljeke.kazjur.kz
- http://adebiportal.kz
Құрастырған: Мұсабаева Айым