ӨТКЕНДІ ҰЛЫҚТАУ — ТАРИХТЫ ҰМЫТПАУ
Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы алатын орны ерекше. Дәл осы жылы Қазақстан халқы қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының 550 жылдығын атап өткелі отыр. 1465 жылы Жәнібек пен Керей сұлтандар Көк Орда хандығынан ірге бөліп, қазіргі қазақ даласында тәуелсіз жеке хандығын құрған еді. Қазақ ұлтының және тұңғыш қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы да осы кезеңнен бастау алады. Кең далада өз мемлекетін құрған көшпелі тайпалар қазақ атанып, сол бір аласапыран заманда асты мен үсті қазынаға толы, ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құс қанаты талып жететін ұланғайыр жерді ұрпағына асыл мұра етіп қалдырды.
Егер тарихқа ой жүгіртіп қарайтын болсақ, қазақ хандығы құрылған бес жарым ғасырдың ішінде жан-жақтан анталаған жаумен сансыз көп ұрыстардың болғандығын, жеріміздің әрбір сүйемін қорғау үшін қаншама қан төгілгендігін бағамдаймыз. Яғни, қазақ үшін тәуелсіздіктің о бастан-ақ ең баға жетпес құндылыққа айналғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған XVIII ғасырдың басында қазақ мемлекеті әлсіреп, анталаған жаудың ортасында аса қиын жағдайда қалды. Қиындықтан құтылудың бір жолы ретінде Ресеймен қосылу қарастырылып, алғашында одақ ретінде болған бұл саяси шараның соңы қуатты мемлекеттің қазақ жерін отарлауына ұшыратты. Екі жарым ғасырдай уақытқа созылған бодандық қазақты қайыстырып, тілі мен дәстүрін, дінін ұмыттырып, ұлт ретінде жоя алмады. Мың өліп, мың тірілген қазақ ата-баба арманы болған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазір әлем қауымдастығы арасында өзінің лайықты орнын алды. Кеңес заманында Қазақ КСР тарихы КСРО тарихының көлеңкесінде қалып, оны мектепте де, жоғары оқу орындарында да оқытуға жеткілікті көңіл бөлінбей келгендігі белгілі. Содан болар, қазақтың жерінде тұрып, ауасын жұтып жүрген көп адамдар қазақ тарихынан мүлдем бейхабар болып келді. Олар үшін қазақ деген мәдениет пен білімнен жұрдай көшпелі халық болып саналатын. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана еліміздің тарихы оқу орындарында дұрыс оқытыла бастады. Қазақстан тарихы қайта жазылып, ел үшін еңбек сіңірген айтулы тұлғаларымыздың есімдері қайта жаңғырды. Осылайша, тәуелсіздігіміз арқылы тарихи құндылықтарымызды ғасырлар тұңғиығынан жарыққа шығарып, көпшіліктің назарына ұсына бастадық. Алдағы жылы аталып өтетін қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы да осы бағытта жасалған елеулі қадам екені анық.
Мемлекет болғасын оның ішкі-сыртқы шаруаларын түгел реттестіріп отыратын заңдары болуы шарт десек, Қазақ мемлекетінде де сондай заңдардың болғандығын тарихшы ғалымдар растайды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заңдармен бірге Әз-Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» сол тұста халық ішіндегі барлық ішкі-сыртқы шаруаларды заң тұрғысынан реттеуге ықпалын тигізді. «Жеті жарғының» бірінші жарғысының «Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын» деген ережеден бастау алуы сол тұста халықтың бірлігі мен ішкі тыныштығын сақтауға қаншалықты маңыз берілгендігін айғақтайды. Екінші жарғыда «Түркі халықтарының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын» деп тұжырымдалып, түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен татулығын басты орынға шығарады.
Ел ішіндегі барлық даулы істерді шешетін билер институтынан қазір де үйреніп, үлгі алар жайларымыз аз емес. Қазақ билерінің өмірі мен қызметі жайлы ел арасында сақталған әңгімелерден байқайтынымыз, би дауды шешкенде сол тұстағы ел басшылығы бекіткен заңдық тұжырымдарды, одан қалды, әдет-ғұрып дәстүрлерін, ең бастысы, әділдік қисынды негізге алатындығы. Қайран қаларлығы сол, билердің билігіне дауласушы екі тарап та тоқтап, соған мойынсұнған. Тағы бір таңғалдыратыны, билер билік құрған сол заманда қазақ есігіне ешқашан құлып салмай, малына күзет қоймай, емін-еркін өмір кешті. Бұның бәрі сол тұстағы қазақ қоғамындағы ел ішіндегі дау-дамайдың дұрыс шешіліп, айыптының әділ жазасын алуынан, жаман әрекет жасаушылардың сондай жазаға ұшыраудан қаймығуынан орын алған жай екендігі анық.
Cонымен қатар еліне қанды қолын салған Жоңғар шапқыншылығына қарсы бүкілхалықтық қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі болған Абылай, оның тарихта алған рөлі жайында көп айтылады. Ш.Уәлиханов өзінің “Абылай” атты мақаласында: «В предании киргизов Абылай носит какой-то поэтический ореал, век Аблая у них является веком киргизского рыцарства» — деп жазған екен. Бағасын бел асырып жүрген атамыз өз кезегінде тағдырдың таяғын жеп жүріп, ер азаматтың бойынан табылар алғыр қасиеттердің барлығын бойына жинап өскен. Егер де бүгінгі таңда ер азамат үлгі тұтар идеал іздер болсақ, бірден-бір тұлға Абылай хан деп көрсетер едік.
Елбасы Нұрсылтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылы 2 қазанда жарық көрген «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында: «Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл — парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті», — деп жазды. Бүгінгі күні біз тәуелсіз ел, байрақты жұрт ретінде барша қазақтың ұранына айналған арыстандай айбатты Абылай бабамызға құрмет көрсетіп, аруағы алдында бас иеміз.
Сонымен қатар, сонау қиын-қыстау жылдарда, яғни атап айтқанда, жиырмасыншы ғасырдың басы — қазақ философиясының даму тарихы тұрғысынан әлі күнге дейін толық және терең зерттелмеген кезең. Бұл кезеңде әйгілі ақындар мен жазушылардан, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ерекше шоқжұлдыздары: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды алыптар өмір сүрді. Олардың бізге жеткен шығармашылық мұрасын яғни, мифологияысн, мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін қайта жүйелі зерделеу кезінде мағынасын енді ғана толық түсіне бастағанымызды байқаймыз.
Әлихан Бөкейханов: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» деп ел билеуші болып көш бастап жүру үшін ең алдымен өзінің ана тілін, халқының тұрмыс — тіршілігін білуі басты заңдылық екендігін айтқан.
Қазақ халқының аса бай тілі, тамаша қол өнері, үлгілі тәрбиелік тәлімі, сирек тарихи-этнографиялық ескерткіштері талай шетел зерттеуші ғалымдарын таңдандырған. Ұлт өнерінің жиынтығы және оның көрсеткіші қазақ киіз үй өзіміздің және әлем мұражайларының төрінде тұр. Ағаштан, теріден, жүннен, сүйек, мүйізден қарапайым әдістермен жасалған біздің мәдени мұраларымызды басқа да жерлерден, елдерден көруге болады.
1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік таңы атып, екі жарым ғасырға созылған бодандық бұғауынан құтылдық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман аңсарының жүзеге асқан ақиқаты» [4] Міне бүгінгі таңда көгінде көк туы желбіреген, егемен тәуелсіз ел болып отырмыз. «Тәуелсіздік бізге не берді?» дегенге келсек, тәуелсіздік әкелген игіліктерді ұзақ тізбелеп айтуға болар еді. Ең алдымен, жоғалтып ала жаздаған ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ел үшін аянбай еңбек еткен елеулі тұлғаларымыздың есімін ел есінде сақтауға мүмкіндік туды. Бұрын бұрмаланып келген тарихымыз қайта қузалып, ондағы ақтаңдақтардың ащы шындығы ашық айтылды. Қол жеткен игі жетістіктердің бәрі 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Ата Заңымыздан бастау алады десек, асыра айтқандық болмас. Жалпы, халықтық дауыс беру арқылы қабылданған Ата Заңымыз әлемдік ең озық заң үлгілерін бойына жинақтаған, адамдардың бостандықтары мен құқықтарын қорғауға барынша негіз жасалған халықтық заң болды.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының тарихи дүние танымы — бұл бүгінгі ұрпақның әлеуметтік жады. Бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін өткенді білу тарихи білімнің негізгі арқалайтын жүгі екендігі рас. Қазіргі адам алдыңғы буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне тереңірек енген сайын оның өткені мен бүгінін мақтан тұту патриотизм деп аталатын сезімдердің құйылысын тудырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ғ.Д. Іргебаев «Қазақстан тарихы 6-11 сыныпқа арналған оқу әдістемелік құрал» Алматы. 2009.
- Газет «Егемен Қазақстан» 2013 — 2 қазан.
- kz сайты «Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың қанатты сөздері»
- kz сайты «Нұрсылтан Әбішұлы Назарбаевтың нақыл сөздері»
Құрастырған: Асембек Ә.