ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ДӘСТҮРІ МЕН ТІЛІ

Қазақ тілі Алтай  тілдік түркі тобының қыпшақ тармағына жатады. Жақын туыстас түркі халықтарының тілдерінен айырмашылығы – өзіне тән ерекшелігі диалектілердің жоқтығы болып табылады. Оған себеп номадизм феномені – бүкіл Дала белсенді қозғалыста және тайпаралық қарым-қатынаста болған. Жабық, жеке, дара өмір сүру үшін объективті жағдайлар болмады – сондықтан Ертістен Еділге  дейінгі ұлан ғайыр аумақта біртұтас тілдік нормалар болған. Қазіргі уақытта қазақ тілі  Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Қазақ тілін қайта өрлету және дамыту мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылып келеді (республиканың басқа тілдерімен қатар). 1999 ж. халық санағына сәйкес, қазақтардың 99,4%-ы қазақ тілін, 75%-ы – орыс және 0,7%-ы – ағылшын тілдерін меңгерген. Қазақтардың да, барлық түркі халықтарының сияқты бұрынғы өткен заманда өздерінің ежелгі, төл графикасы – руналық жазбасы болған. Ол ерекше (негізінен, сызықтық жазбалар) белгілер түрінде болып келген. Руналық әліпби 72 руналық белгімен берілетін 28 әріптен тұрады. Номадизмнің арқасында қазақ тілі ежелгі түркі тіліне жақын болып қалған және руналық ескеткіштерді аудару мәселелерін дұрыс шешуге мүмкіндік береді. Ұлы далаға исламның келуімен (VIII—X ғғ.) қазақтардың арасында араб графикасы тарай бастайды.

Сауат ашудың негізгі ошақтары мешіттердің жанындағы мектептер мен медреселер болды.  XX ғ. 20-жылдарының аяғында жазу латын графикасына, ал 40-жылдары кириллицаға көшірілді. <1>

Қазақтардың дәстүрлі тағамдары негізінен етті және сүтті тағамдардан тұрады. Ет жыл бойғы азық-түлік өнімі болған, оны пайдалану жазда біраз бәсеңдеп, қыста айтарлықтай ұлғайып отырған. Сүт өнімдері де соншалықты кең қолданыста болған: биенің сүтінен – қымыз, түйенің сүтінен – шұбат; қой мен ешкінің сүтінен – құрт (кептірілген ірімшік) дайындалған. Сиырдың сүтінен сондай-ақ айран, қатық, – бидай, тары немесе күріш қосылған ашыған сүт көже дайындаған. Астық және өсімдік өнімдері көбінесе жартылай отырықшы аудандарда пайдаланылған. Қазақтардың ерекше құрметтейтін тағамы бесбармақ болып табылады. Құрметті қонақты ерекше әдіспен дайындалған қойдың басымен сыйлайтын болған. Ол басты бөліп, қонақтарға, үлкендерге, балаларға, жақын және алыс туыстарға деген қарым-қатынастың ежелгі қазақ дәстүрлеріне негізделген ерекше салтын ұстана отырып, оны басқа қонақтарға таратып беретін болған. Етті сорпаға пісірілген жайылған нан бөліктерімен бірге береді. Бұл тағамға қосымша ретінде еттің сорпасы беріледі, ол ағаш немесе шыны тостағандарда ұсынылады. Дастарханға міндетті түрде бауырсақ салынады. Тағамға дәмдеуіштер, әдетте қара бұрыш пен қалампыр қосылады. Шай ет тағамдарының алдында ішіледі. Еуропалық көріністердегіден ерекше сусын барлық ас-шаймен және тәтті-дәмділермен бірге ұсынылады. Әдетте сүтпен немесе кілегеймен бірге құйылады. Тамақтың соңынан қымыз беріледі. Қазіргі қазақ тағамдары тек қана дәстүрлі қазақ тағамдарынан ғана емес, сонымен қатар өзбек, ұйғыр, татар, орыс, украин, корей және т.б. тағамдарынан тұрады. Көкөністен, жемістерден, балықтан, теңіз өнімдерінен көптеген тағамдар, әр түрлі кондитерлік өнімдер дайындайды.

Қазақ халқының фольклоры бай және алуан түрлі.Ол батырлық жырлармен, жыраулар (дала ақындары) мен суырып салма ақындардың мұраларымен, сонымен қатар басқа да жанрлардың: ертегілердің, аңыздардың, мақал-мәтелдердің көптеген санымен ұсынылған. Осы рухани мұраның көбісі біздің күнімізге дейін дәстүрлі ауызша поэтикалық үлгіде жеткендігі есте қаларлық. Ежелден бері халықтың рухани байлығын жеткізушілер және өздерінің шеберліктерін ән-поэзиялық жарыстар – айтыста көрсетіп келе жатқан халық ақындары ерекше құрметке ие болған. Бір де бір ірі іс-шара олардың қатысынсыз өтпейтін болған, себебі оларға маңызды оқиғаны бағалаудағы құрметті де жауапты роль жүктелетін болған. Айтыстардың кезінде ақындар әлеуметтік, саяси және мәдени салалардағы халықтың өмірлік мәселелерін көтереді. Орындаушылар өз әндерін ежелгі музыкалық аспаптар – домбырада немесе қобызда ойнаумен сүйемелдеп отырған. Халық арасында «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Едіге батыр», «Қыз Жібек» және т.б. сияқты ежелгі эпикалық дастандар кеңінен танымал. Жаугерші жыраулар Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберділердің; ежелгі жыршылар – Кетбұғы, Асан қайғы, күйшілер – Қорқыт ата, Құрманғазылардың жекелеген туындылары біздің күнімізге дейін жеткен. Халықтың рухани қалыптасуында оның ұлы өкілдері Әл-Фарабидің, М. Қашғаридың, Ж. Баласағұнның, М.-Х. Дулатидың, Ахмет Яссауидың, Абайдың, М. Өтемісовтың, М. Әуезовтың және т.б. мұралары бүгінгі күні үлкен роль атқарады.

Киіміне-көйлек, камзол, белдемше, шапан, кестелі тон жатады. Әйелдер көйлегінің жағасы тұйық. Әйелдер көйлегін екі түрлі пішкен. Бірі ұзынынан тұтастай пішу де, екіншісі мықынға дейін бөлек пішіп, кейін қосып тігу. Әйелдер көйлегінің жаға тұсы алды Бір қарыстай кесіліп, өңірі мен жағасы түймемен тұйықталып жабылады. Кейде қыз балалар көйлектің сыртынан өңірше киетін. Өңірше дегеніміз-ұшбұрышты бұлдан істеліп, шетіне тоқыма бау сырылып, желке жағынан түймеленетін киім. Кейде өңіршеге маржан, күміс тиындар да тағатын. Әйелдер көйлегінің жеңі ұзын болады, жасына қарай әйел көйлектерінің түр-түсі әр түрлі. Мысалы, қыздар мен жас іселіншектер қызыл, жасыл түсті немесе түрлі түстінің ашық түсінен көйлек киеді. Қыз балалар жиын-тойға қос етек көйлек киген. Күнделікті өмірде мақта матасынан тігілген көйлек кисе, қызық-қуанышқа жібек, атлас, барқыт, парша, пүліш көйлектер киетін. Атқа мінгенде, сыртқа шыққанда әйелдер қалың мақта матасынан, мәуітіден тіғілген шалбар киген. Көйлектің сыртынан әйелдер камзол киген. Камзол жеңсіз, қысқа жеңді және жеңді болып үш түрге бөлінеді. Камзол бір түсті матадан, көбіне түкті пүліш, барқыт, шұғадан тігіледі. Жасына қарай да түсі таңдалады.Қыздар мен жас келіншектер көбінесе алқызыл түсті камзолдар кисе, ал ортадан жоғары жастағы әйелдер көк, жасыл, сарғыш түсті камзол киген. Камзолдың өңіріне, етегінің екі жағына ою, өрнек жүргізіп сәндейтін болған. Камзолдар түймеленген, ошекей күміс ілгішектер, қапсырмалармен қаусырылатын.

Әйелдердің күнделікті сырт киімі-шапан. Ол өрнектің шапанына ұқсас, бірақ көбінесе өңі ашықтау бұлдан тігілетін. Қазақ әйелдерінің қыстық сырт киіміне купі мен ішік те жатады. Жас әйелдердің түлкі ішігінің сыртын ашық бұлмен тыстаса ересек әйелдердің ішігін, қоңырқай түсті бұлмен тыстаған. Әйелдердің күпісі ішігі бұл белбеумен, кейде күміс басты, шытыралы қайыс белбеумен буылған. Қазақ қыздары шаш өру дәстүріне айрықша мән берген. Кішкене кезінде ұсақ-ұсақ бірнеше өрім жасап, одан соң оларды бір, не екі бұрымға жинап, түрлі әшекей таққан. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың шашын міндетті түрде бір бұрым, ал ұзатылар алдында шашын екі бұрым етіп өрген. Бұл жалғыздықтан жұптық өмірге өтудің белгісі сияқты ғұрып. Ұзатылар қыздың сәукелесі қазақ әйелдері киімінің ішіндегі ең бір салтанаттысы. Әдетте, сәукеле ұзынша болып келеді. Сәукелені түрлі асыл моншақтармен, теңгелермен, алтын, күміс зерлермен әшекейлеп, төбесіне үкі таққан. Ұзатылар қыз үстінен сәукеленің иығына түсіре жібек матадан шетін шашақтап тіккен желең жамылған. Сәукелені қалыңдық бір балалы болғанша, әдетте, бір жылға дейін ойын-тойларда киетін болған. Қазақ әйелдерінің бас киіміне-жаулық, кимешек, кундік жатады. Жаулық шаршы матадан ұшбұрыштап тігілген. Кимешектің қазақ жерінде бірнеше түрі бар. Кимешек әйелдің маңдайын, самайын, иегін, жартылай жауып тұратын ақ бұлдан тігілген бас киімі. Оны көбіне жасы келген әйелдер киген. Кундік деген бас киімді ұзын бұлды енінен бірнеше қабаттап баска орап жасаған. Мұндай орама бас киім, негізінен, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда және XVIII-XIX ғасырларда басқа да өңірлерде кеңінен тараған<2>.

Қазақ халқы – салт — дәстүрге өте бай халық. Ал салт — дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Жалпы салт — дәстүр деген не, соған тоқталып өтейік. Салт — дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт — дәстүрмен, өнегелі әдет — ғұрыппен, ырым — тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Б. Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт — дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт — дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн — жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады.
Қазіргі таңда салт — дәстүрлеріміздің ұмытылып бара жатқаны және оны тек наурыз мерекесінде есімізге түсіретініміз маған ұнамайды. Бұлай жалғаса берсе түбі бір құртылмайтынына кім кепіл, кім куә? Жетпіс жыл бойы жетесіз әрі қанқұйлы тәртіптің қырсығынан ұлт дәстүрлерінің ережесі бұзылады. Біреулері ұмытылды, біреулеріне тыйым салынды. Салт — дәстүр мен әдет — ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке салынуы мүмкін. Осындай зиянды жақтарды біле отырып мен жұдырықтай жүрегіммен қолыма қалам алып, салт — дәстүр арқылы қалай өзім секілді жеткіншектердің отанға деген патриоттық сезімдерін арттыра аламын деген ой қозғамақпын. Ел боламын десең бесігіңді түзе демекші ең алдымен отанға деген сүйіспеншілікті салт — дәстүрді түзеуден бастау керек. Бұл арқылы бала салт — дәстүрін білсе тарихын таниды, ал тарихын білу отанды тану. Бала түгіл үлкен адамдарда біле бермейтін салт — дәстүр түрлері өте көп. Солардың бір түрі белкөтерер салты. «Тоқсан көтеремін деген жасым бар еді, быламық ішемін деген асым бар еді» деп бұрынғы қариялар айтпақшы, жасы келген адамдардың тісі болған соң тамақ іше алмайды. Мұндай жағдайда оларға арнап «белкөтерер» тағамы дайындалады. Бұл әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол тамақтардан дайындалады. Мұны балалары, көрші — көлемдер, сыйлас кісілер әдейі дайындап әкеледі. Бұған риза болған қарт батасын береді. Біз бұдан халқымыздың жасы үлкен адамдары сыйлаудың, бағып — қағудың үлгісін көреміз. «Белкөтерер» аурудан жаңа тұрған адамдарға, сол сияқты «Наурыз», «Айт» күндері де үлкендерге әдейі тартылады. Наурыз мерекесі жақындап келе жатыр. Осындайда жасы үлкен қарияларға белкөтерер дайындап берсек алғысын аламыз. Тек наурызда ғана емес әркез дайындап беріп тұрсақ салт — дәстүрімізге деген құрмет болар еді.
Біз балаларды қалай патриоттыққа тәрбиелей аламыз дейміз. Қай бала патриот болсын әз наурызды өз жаңа жылын асыға күтпесе. Орыстардың жаңа жылында аспанға түрлі — түрлі от шашулар шашып ат шапанын сүйретіп алыстан аяз ата келеді. Ал әз наурызда да Қыдыр атамыз келеді. Қыдыр ата жақсылық жасаушы ырыс, құт, несібе жасау, бақыт сыйлаушы қарт. Әр балаға Қыдыр ата келіп арман — тілектеріңді орындайды десек бала арманын айтып Қыдыр атаны сағынып күтеді және наурызды да асыға күтіп отырады. Отбасында ата — ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға салт — дәстүрлерін үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Құрдастарымның, сыныптастарымның бойына қазақтың салт — дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт — дәстүрі мен әдет — ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыра алдым деп ойлаймын.

Балалар, үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім — жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, соңғы қымыздан – сіргежияр, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып ешқашан салт — дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беріңіздер демекпін. Бұл жазылған шығармам біреуге жай сөз болып қалар, біреулерге қамшы болып тиетініне көзім жетеді

Пайдаланған әдебиеттер

<1>. Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет

<2>. Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/01/01/46410

Құрастырған: Мырзажанова Айнұр

Яндекс.Метрика