ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ НЕГІЗДЕРІНІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ хандығы — XV ғасырдың орта шенінде шаруашылықтың дами түсіп, феодалдық қатынастардың қалыптаса бастауы нәтижесінде ежелден Орта Азияның ұлан-байтақ аумағын мекен еткен көшпелі тайпалардың бірігіп, бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының пайда болуы  негізінде құрылған мемлекет.

XV ғасырдың 50- жылдарында  Әбілхайыр хандығындағы саяси жүйенің дағдарысы халық арасындағы толқуларға алып келді. 1457 жыл Ойраттармен соғыстағы жеңіліс ханның мемлекеттің сыртқы қауіпсіздігін толық мөлшерде қамтамасыз ете алмайтындығын көрсетіп, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Жетісу маңына көшуіне салдар болды. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер — «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465—1466)  билей бастады…»[4]. Жалпы, «Қазақ» термині 1245 жылы Мәмлүк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде (түрік-араб) сөздігінде кездеседі. Мұнда «қазақ» деген сөз «басы бос – кезбе» деген мағына береді. Қалай дегенде де «қазақ» этникалық терминінің ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, тұрақты бір шешімі жоқ.

Әлем сахнасында жаңа мемлекеттің пайда болуы бірталай саяси, экономикалық және этникалық себептердің кешені болып келеді. XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың бірінші жартысында билікке келген барлық дерлік саяси топтар, экономикалық негіздері оған сәйкес келмесе де, хандық билігі мықты болатын, біршама орталықтандырылған мемлекетті тұрғызуға талпынған. Қазақ хандығының құрылуының саяси себептеріне, ең алдымен, Әбілхайыр хандығының дәстүрлеріне негізделген саяси-құқықтық жүйенің қоғамда реттеуші қызметтерді жүзеге дұрыс асыра алмауы жатады. Әбілхайыр (1428-1468) билігі өте ауыр еді.  Оның мемлекетінің территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталықа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды.[1] Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. Дәл осы себептерге орай Әбілхайыр хандығының халқы, өзінің билеушісінің саясатына наразылығын білдіре отырып, мемлекетті қайта құрудың өз жоспарларын көрсеткен оның қарсыластарына белсенді демеу көрсетті.

Экономикалық себептеріне, негізінен, Төменгі Еділдің Еуразияның экономикалық орталығы ретіндегі маңызының құлауы жатады. XIV – XV ғғ. далалы аймақтардың біртіндеп ылғануы Әбілхайыр хандығының батысындағы халқының шығысқа, қазіргі Қазақстан территориясына, ақырын, бірақ тұрақты көшуіне әкеледі. Сол уақытта халықаралық транзиттік сауданың маңызы да құлайды. Біріншіден, қарқынды дамып келе жатқан еуропа мемлекеттері Әбілхайыр хандығының территориясын айлалып өтетеін Үндістан мен Қытайға бағытталған теңіз саудасын меңгере бастайды. Екіншіден, Осман империясының гүлденуі хандықтың Еуропамен саудасының құлдырауына әкеп соғады. Түріктер Қара теңіздің бұғаздарын жауып, оны өздерінің ішкі теңізіне айналдырады да, Әбілхайыр мемлекетінің дүниежүзілік саудаға шығуынан айырды. Сонымен қатар, 1395 жылғы Әмір-Темір әскерінің талқандаушы жорықтары да ізсіз қалған жоқ. [6]

Қазақ хандығының құрылуына себепкер болған жайғдарлардың кешенінде ерекше орынды этникалық үдерістер алады. XIV – XV ғасырларда қыпшақ этносы күйзеліске ұшырап, этникалық құрылымының өзгеруіне, жаңа, белсенді субэтникалық топтардың пайда болуына әкеледі. XIV ғасырдың – 50-60 жж. аяғында Сырдария бойында ислам өркениеті мен қала мәдениетіне қарсы ежелгі көшпенді салт-дәстүрді сақтап қалуды басшылыққа алған ноғайлы субэтносы қалыптасады. Біртіндеп ноғай термині ежелгі қыпшақ этнонимін ығыстыра бастап, кейін онын орнын толық басады. Сол уақытта Ұлық Ұлысының  шала исламдалған халқынан алаш деп аталатын субэтнос пайда бола бастайды. Көшпенді халықтардың орын ауысуымен бірге келе жатқан этникалық дағдарыс қазақ деп аталатын, өзбек атауымен қатар жүретін жаңа субэтностың пайда болуына әкеледі.

Жоғарыда айтылған себептердің әсерінен қазақ сұлтандары өздерінің жеке мемлекеттерін құруға мұқтаж болды. Осындай жағдайларда Шу мен Талас аңғарларында 1465 ж.  Тұңғыш ханы Керей (1465-1474)[3] болған Қазақ хандығы көтерілді.  Көшіп келген қазақ руларын Моғолстан ханы Есен-Бұға құшақ жая қарсы алды. Есен-Бұға қазақтарды өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Есен-Бұғаның шарттарын қабал еткен Керей мен Жәнібектің ол кездегі ойлары Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында былай баяндалады: «Түпкі арманымыз қазақ хандығын құрып ел болу ғой, біздің қорған екенімізді Қытай, Ойратпен шекаралас қазақ рулары біле берсін. Күшіміздің мол екеніне көздері жетсе, өздерінің де бізге тез қосылуларына себеп болар» Бұл ойларының дұрыс болғанына бес-алты жыл өтпей өздерінің де көздері жетті» [5] .

Ежелден осы алапты (Шу мен Талас аңғарларын) мекендеген  тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті.  Әбілхайыр хандығындағы аласапыран  соғыс салдарынан күйзелген  қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле  бастады. Қазақтардың күшеюімен мазасызданып, Жетісуға жорық ұйымдастыруға тырысқан Әбілқайыр 1468 ж. өліммен кездеседі.[6] Керей мен Жәнбек Дешті-Қыпшаққа қайтып келеді және осы кезде оларға орталық Қазақстанның далалы аймағының халқының негізгі бөлігі қосылады.  Осылайша, 1469 ж. Қазақ хандығы Дешті-Қыпшақтың көшпелі тайпаларының дербес мемлекеті ретінде саяси сахнаға шығады. Дәл осы уақытта Керей мен Жәнібектің билігін Батыс Қазақстан аймағындағы қыпшақ тайпаларының басшысы Мұса да мойындайды.

Әбілхайыр мемлекетінің ыдырауынан кейінгі Қазақ даласының саяси өмірі Шайбанилердің билікке қайтып келуге ұмтылысымен, Сырдария маңындағы қалалар үшін күреспен сипатталады

Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.[2]

70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.)[3] тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.

Жaңa іргесін қaлaп келе жaтқaн қaзaқ хaндығының территориясын кеңейтуден басқа, маңызы зор істері болған. Әскер құру, хaн тәртібін орнaту, мемлекет зaңын — жaңa «хaн жaрғысын» шығaру, отырықшы aймaқтaр мен көшпелі тaйпaлaрдaн хaн қорынa, әскер ұстaуғa, мешітке, мемлекет ісін жүргізетін aдaмдaрғa aрнaлғaн сaлық, ғaрaж, ұшыр, зекет жинaу. Сығaнaқ пен Созaқты aлғaннaн бері Қыпшaқ дaлaсы мен Моғолстaн, Алтын хaн, Қaрa теңіз жaғaсындaғы қaлaлaрмен сaудa-сaттық жұмысын күшейту — хaндықтың әсіресе көңіл бөлетін мәселелері еді.

Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын, қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр.[5]

Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. ИСТОРИЯ КАЗАХСТАНА. Учебник для высших учебных заведений –  А. Кузембайулы, Е. Абиль
  2. Қазақ Энциклопедиясы – 437-438б.
  3. Қазақ хандарының ғұмырнамасы — Құраст. А.Ж.Нұсқабай. — Алматы: Бiлiм, 2001ж.- 209, 361 б.
  4. Тарих-и-Рашиди — Дулати. Қазақтың тарих философиясы.- Астана : Аударма, 2006ж.- 142б
  5. Кочевники. Книга 1. Заговоренный меч. – И.Есенберлин – Алма-Ата: «Жазушы», 1986г.
  6. http://e-history.kz/kz/contents/view/507

Құрастырған: Қанаш Жәния 

Яндекс.Метрика